Жұттың жеті ағайынды екеніне енді көзіміз жеткендей. Індет, өрт, сел сынды апаттар. Енді, міне елдегі қуаңшылық. Қуаңшылықтың зардабы әсіресе Қызылорда мен Маңғыстау облысының халқына ауыр тиді. Бір ғана Маңғыстаудың өзінде жаппай қырылған мал саны 3000-ға жуықтады. Бір тонна шөптің бағасы – 23 мың теңге. Ал кейбір аймақта 42 мыңға дейін шарықтаған. Мұның соңы елдегі азық-түлік бағасының қымбаттауына, шаруалар жұмысының тығырыққа тірелуіне әкеледі. Бұл мәселеге бей-жай қарамаған Президент өткен аптаның соңында Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізіп, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровты қызметінен босатты. Үкімет пен әкімдіктерге «Бәйтерек» холдингімен берлесіп, зиян шеккен фермерлерге қолдау көрсету үшін шұғыл шаралар әзірлеуге, Үкіметтің төтенше жағдайға арналған резервін пайдалануға үндеді.

Қуаңшылық  табиғи жағдай екенін бәріміз білеміз. Бұл процесті болдырмауға адамзаттың күші жетпесі анық. Бірақ бізде жүйелі және кешенді жұмыс жүргізілмейтіні байқалып қалды. Себебі, Маңғыстау облысында құрғақшылық өткен жылы-ақ күшейіп,  шаруа қожалықтарына қатты әсер еткен. Мысалы, былтыр өңірде 5 мың мал қырылған. Статистика бойынша, қазір облыста орта есеппен 80 мыңнан астам түйе, 29 мың ірі қара, 123 мың жылқы, 600 мың қой-ешкі бар екен. Шаруалар алдағы уақытта бұдан да күрт азайып кету қаупі төніп тұр деп дабыл қағып жатыр. Себебі соңғы үш ақ айда қуаңшылықтан 1400 бас мал қырылып қалған. Тіпті жаңа туған төлдің де көбі арам өлген. Осылайша жылқының 15, қойдың 14, ал түйенің 4 пайызы шығын болды. Оған тіркеуге алынбаған төрт түліктің өлім-жітімін қоссақ, көрсеткіш еселей түсуі мүмкін. Одан бөлек, Алматы, Жамбыл, Шымкент, Атырау облысы фермерлері жем-шөп жоқ, мал азығы қымбат деп дабыл қағуда.

Қуаңшылық  табиғи жағдай екенін бәріміз білеміз. Бұл процесті болдырмауға адамзаттың күші жетпесі анық. Бірақ бізде жүйелі және кешенді жұмыс жүргізілмейтіні байқалып қалды. Себебі, Маңғыстау облысында құрғақшылық өткен жылы-ақ күшейіп,  шаруа қожалықтарына қатты әсер еткен. Мысалы, былтыр өңірде 5 мың мал қырылған. Статистика бойынша, қазір облыста орта есеппен 80 мыңнан астам түйе, 29 мың ірі қара, 123 мың жылқы, 600 мың қой-ешкі бар екен. Шаруалар алдағы уақытта бұдан да күрт азайып кету қаупі төніп тұр деп дабыл қағып жатыр. Себебі соңғы үш ақ айда қуаңшылықтан 1400 бас мал қырылып қалған. Тіпті жаңа туған төлдің де көбі арам өлген. Осылайша жылқының 15, қойдың 14, ал түйенің 4 пайызы шығын болды. Оған тіркеуге алынбаған төрт түліктің өлім-жітімін қоссақ, көрсеткіш еселей түсуі мүмкін. Одан бөлек, Алматы, Жамбыл, Шымкент, Атырау облысы фермерлері жем-шөп жоқ, мал азығы қымбат деп дабыл қағуда.

Елдегі қымбатшылық, жер-жердегі қуаңшылық пандемиядан есін әзер жиған халықты әуреге салуда. Тіпті қуаңшылықпен елге жұт келді деп жатқандар бар.

Ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев

– Елімізге жұт келді. Оны мойындау керек. Статистика бойынша Маңғыстауда 1147, Қызылордада 492 мал қырылған деген ақпарат берілуде. Бұл ресми ақпараттың ел-жерді аралау барысында жалған екеніне көзім жетті. Мысалы, Арал ауданының бір ауылының өзінен 500 бас мал қырылғанын айғақтап бере аламын. Қалған малды тұрғындар арзан бағада өзбектерге сатуда. Басқа амалдары жоқ. Негізінде аудан көлемінде ғана төтенше жағдай жариялау жеткіліксіз. Алда тағы осындай жағдайға ұрынбас үшін Маңғыстау өңіріндегі мұнай компанияларын әр аудан, ауылға ұңғыма қазуға міндеттеу керек. Өйткені Маңғыстау мен Қызылордада үшінші жыл қатарынан қуаңшылық орын алды. Әскери техниканы пайдаланып, малды шөбі бар өңірге жаппай жұмылдыру қажет, – дейді Ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев.

Рас, Арал ауданында 500-ден аса мал қырылған. Қызылорда облыстық мал шаруашылығын дамыту бөлімінің басшысы Арыстан Омаров мемлекет есебінде тіркелмеген яғни сырғасы жоқ мал статистикаға кірмейтінін айтты.

Ал Қазақстан фермерлер одағы төрағасының орынбасары Ермек Әбуов елдегі қуаңшылықты жұт деуге келмейді деген пікірде.

Қазақстан фермерлер одағы төрағасының орынбасары Ермек Әбуов

– Адам шығыны көп болса, жұт деп атауға болады. Бүгінгі мәселені жұт деп атау ауыр. Солтүстік өңірлерді аралағанда шөптің селдіреп аз шыққанын көрдік. Бұрын 100 гектар жерден шауып алатын шөпті қазір 800 гектар жерден зорға алып жатырмыз. Осыдан-ақ шығынның шамасын ұғуға болады. Осы тұста Үкіметтен көмек қажет. Осы мақсатта Қазақстан фермерлар одағы мен «Адал» партиясы мүшелері Мемлекет басшысына 10 нақты бағытта жұмыс жасауға үндеу жолдадық. Қазір елімізде екі өңірде Төтенше жағдай жарияланды. Десе де жем-шөптің бағасын шарықтатпас үшін, фермерлерге субсидия беру қажет. Субсидия жергілікті атқарушы билік тарапынан беріледі. Бұл –бұрыннан бар тәжірибе. Өкінішке қарай, былтыр Маңғыстау облысы шаруаларға 58 млн теңге ғана субсидия төлесе, ал көрші Атырау облысы шаруаларға 1 млрд-қа жуық қаржы төледі. Байқағаныңыздай, бұл жағдайдың төркінін былтырдан байқауға болады. Кім шаруалар тілегіне құлақ асты, солар биыл аман отыр. Маңғыстау, Арал шөл және шөлейтті аймаққа жатады. Мәселен, соңғы 5 жылда Маңғыстауда жауын-шашын болмаған деуге болады. Сондықтан былтыр қыста малдың күйі төмен болды. Осы көктемде соның зардабын тарттық. Жаз айында малдың қырылуы деген тарихта болмаған, – дейді Қазақстан фермерлер одағы төрағасының орынбасары Ермек Әбуов.

Не десек те, болар іс болды. Енді жұмыла елді осы қиындықтан алып шығу маңызды. Осы мақсатта Ауыл шаруашылығы министрлігінің аппарат басшысы Марат Оразбаевтың айтуынша, Қостанай облысынан Маңғыстау облысына 5 вагон кебек жөнелтілген және Ақтөбе, Атырау облысының жайылымды жерлеріне зардап шеккен шаруашылықтан 2260 жылқы, 3 мыңнан астам қой, 200 бас түйе жеткізілген. Қолда бар түлікті аман алып қалу басты шарт. Десе де шаруаларды мал шығынын кім өтейді деген сұрақ алаңдатады. Бұл сұраққа министрлік «Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, мал шығыны тек эпизотикалық жағдай орын алса ғана төленеді. Басқадай жағдайда, мал шығынына шаруалардың өзі жауапты» деп шығынның мемлекет тарапынан өтелмейтінін ашып айтты. Сондай-ақ алдағы уақытта мұндай жағдайдың қайталанбауына барлық жағдайды жасайтынын жеткізіп, тағы да құрғақ уәде берумен шектелді.

ҚУАҢШЫЛЫҚ

ҚОЛДАН ЖАСАЛҒАН БА?

Бір қызығы, елімізде қуаңшылық болу ықтималдығы ерте көктемде алдын ала болжанған екен. АШМ Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің басқарма басшысы Медет Жәдігерұлының айтуынша, қауіптің алдын алу мақсатында биылғы ақпанда Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен оңтүстік өңірлерде бірнеше жиналыс өткен. Сол сәтте су шаруашылығы ұйымдарына биылғы суару кезеңіне дайындықты мамырға дейін аяқтау тапсырылыпты. Оған қоса, вегетация кезеңінде суару кестесін қатаң сақтау мен ауыл шаруашылығы өндірушілеріне суды көп қажет ететін дақылдар алаңын қысқарту бойынша тапсырма берілген. Су қоймаларына су жинау, Президенттің суармалы жерлер көлемін 3 миллион текше метрге дейін ұлғайту тапсырмаларын орындау да ескертілген. Бірақ соның бәрі сәтті жүзеге аспағанға ұқсайды.

Елде өткен жылға қарағанда, күннің ысуы 7 градусқа артқан. Бұл көрсеткіш тағы да артуы мүмкін дейді ғалымдар. 1995 жылдың 30 қаңтарында БҰҰ Бас Ассамблеясы 17 маусымды «Дүниежүзілік қуаңшылық пен шөлейттенуге қарсы күрес күні» ретінде атап өту туралы шешім шығарды. Себебі, қуаңшылық пен шөлейттену әлемде жыл сайын ауылшаруашылық өнімдерін 42 миллиард доллар көлемінде шығынға ұшыратады екен. Маңғыстау облысындағы қуаңшылыққа тоқталған Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев те: «Негізі еліміздің су балансын қарасақ, 90-100 текше шақырым болады. Соның 50 пайызға жуығы сырттан келеді. Орталық Азия, Ресей, Қытай бар. Сондықтан біз сырттағы көршілерімізге тәуелдіміз. Жалпы Маңғыстау облысының су тапшылығы бұрыннан жасырын емес» деп көршілердің көңіліне қарап отыр.

Елде бұрын-соңды болмаған жағдай бие 200 мыңнан, сиыр 100 мың теңгеден саудалануда. Ал жем-шөптің бағасы өсті, бірақ ет қымбаттамады. Ал сатылымдағы арзан малды саудагерлерге алу тиімсіз. Енді мұның арты неге апаратынын ішіміз сезіп тұрғандай.

– Еттің бағасы жылдан-жылға қымбаттап жатыр. Осыдан бес жыл бұрын сиыр еті 1100  теңгеден сатылатын. Қазір 1900 теңгеге аламыз. Бұл – біздің өңірдегі баға. Ал ет қымбаттауының басты себебі – жем-шөптің қымбаттауынан. Енді билік басындағылардың азық-түлік бағасын бақылауда ұстауы екіталай. Картоп пен сәбіздің бағасы мен қорын тұрақтандыра алмай отырғанда еттің жайын айту артық. Бұлай жалғаса берсе, қыста еттің бағасы 4000 теңгеден сатылуы мүмкін, – дейді сатушы Гүлмира Әбішова.

ҚУАҢШЫЛЫҚ

БІЗДЕ ҒАНА МА?

Қазір бұл мәселемен көршілес Ресей, Қырғызстан елі де бетпе-бет келуде. Климат өзгеруінің салдары мұхиттың арғы бетінде де сезіледі. Оған дәлел АҚШ-тағы ең үлкен су қоймасы Мидтің арнасы тартылып барады. Қазіргі таңда ондағы судың көлемі 36 пайызға дейін азайған. Бұған дейін Мидте мұндай мәселе болған емес. Салдарынан АҚШ-тың батыс өңірі қуаңшылықтың зардабын тартуда. Аймақтағы аптап ыстық орманды алқап пен егістікке қауіп төндіріп тұр. Соңғы 40 жылда болмаған қуаңшылықтан Калифорниядағы Солтон-Си көлі тартылып, бұл аймақ экологиялық дағдарысқа ұшырады. Ауылшаруашылық саласы Калифорния экономикасының негізгі күші екенін айтып кету керек. Штатта негізінен жеміс-жидек, жаңғақ пен сүт өнімдері шығарылады.

Қуаңшылық  әлемнің түпкір-түпкірінде белең алуда. Мұның басты себебі – климаттың өзгеруі. Ғалымдардың пайымдауынша, жаһандық жылыну осы қарқынмен жалғаса берсе, ғасыр соңында тамақ тапшылығы туындауы мүмкін. Осы мәселенің алдын алу мақсатында БҰҰ ұйымы жүйелі жоспар құруда.  Тіпті БҰҰ-ның мамандары құрғақшылық пен су тапшылығы зардабын пандемиямен салыстырды. БҰҰ-ның мәліметінше, 1998 жылдан 2017 жыл аралығында құрғақшылықтан 1,5 миллиард адам зардап шегіп, 124 миллиард доллар мөлшерінде шығын келген. Егер адамзат бұған қарсы шұғыл қимылдамаса, осы ғасырда 130-ға жуық елге шөлейттену қаупі төнеді. Ал өзге елдерге азық-түлік жетіспей, бағасы күрт өсуі мүмкін. Мәселен, қазірдің өзінде Еуропада кофе, шоколад, соя мен пальма майы тапшы болуы мүмкін. Қуаңшылықты бастан кешкен Оңтүстік Америка, Африка және Азия елдерінде осы өнімдердің өндірісі қысқарып келеді. БҰҰ-ның мәліметінше, Иракта жыл сайын кем дегенде 250 шаршы шақырым жер шөлге айналып барады. Әсіресе елдің оңтүстігінде жағдай ауыр. Көршілес Түркия мен Иранда су бөгеттері салынғандықтан, өңірдегі басты екі өзен Тигр мен Евфратта су көлемі азайған. Әлемде жартылай өткізгіштердің жартысынан көбі шығарылатын Тайвань аралы соңғы 100 жылда болмаған қуаңшылықты бастан кешіп отыр. Өндірісте қолданылатын металды тазалау үшін көп су қажет. Ал жартылай өткізгіштер смартфон мен автокөлік секілді кез келген техниканы шығару үшін керек.

Күні кеше жаңа тағайындалған Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мал шаруашылығын сибсидиялау қағидасына қол қойды. Енді елдегі 1352  шаруа қожалығының  былтырдан бері  ала алмай жүрген субсидиясы төленетін болды. Осы нәтижеге жету үшін шаруалар аянып қалмады. Әкімдік те төтенше жағдай режимін жариялауға құжаттарды бір айдай дайындаған. Құжат Әділет министрлігінде тіркелді. Бүгінде жағдайдың тәулік бойы мониторингі ұйымдастырылды. Көрші ауылдарда шабындыққа тартылған еріктілер бригадасы да құрылды. Еріктілер Қазалы, Қармақшы және Сырдария аудандарында жұмыс істейді. Ақтөбе облысымен де келісім бар. Ырғыз ауданының шаруашылықтары қол жетімді бағамен жем беріп қана қоймай, жайылымдық жерлерін шөп шабу үшін пайдалануға мүмкіндік беріп отыр.

– Құрғақшылықтың салдарын жою жұмыстарына ауданға екі миллиард теңгеге жуық қаражат қажет болады. Біз «қызыл» аймаққа енгізген осы 13 ауданда 15 ұңғыма бұрғыланады. Жайылымдарды толық пайдалану және ұлғайту үшін сегіз канал қазылып, тазартылады. Сонымен қатар осы жұмыстарды жүргізуге техника қою керек, – деді Арал ауданының әкімі Серік Сермағанбетов баспасөз мәслихатында.

Соңғы мәліметке сүйенсек, қазір Арал ауданында 205 мың бас мал бар. Оған шамамен 185 мың тонна шөп қажет. Аудан өз күшімен 36 мың тоннадан аса шөпті қамтамасыз етеді, қалғаны облыстың басқа аудандарынан әкелінеді деп жоспарланған.

Біле жүріңіз!

       Жылқы мaлы қыста немесе көктемде кез келген жаққа қарап жайыла берсе, алда жаймашуақ күндер күтіп тұр. Сауынды биенің сүті кенет азайып кетсе, жаңбыр жауатынын білдірген. Соғым сойған кезде сойыс жылқының бауыр қылшығы ұзын болса, сол жылғы қыста қар көп жауып, қалың болады дегенді білдірген. Жылқы малы ішін әлсін-әлсін тарта берсе ауа райы бұзылады деп есептелінген.

       Қой күзде, қыста өріске шығар алдында ойнақшып секіріп, бірін-бірі қуалап сүзіссе, аяз тұрады. Қысты күні қорадан шықпай шегіншектеп, маңырап, шулай берсе, ауа райы бұзылады деп білген. Қысқы жайылымда үйіріліп топтасса немессе сапырылысып ілгері-кейін жүре берсе, қорадағы көңді тұяғымен тепкілесе, тістерін жиі-жиі қайраса, кешікпей боран соғады. Тұяғымен төсін жиі қасыса, сойғанда қарын түгі қалың болса, қыста қар қалың түседі.

Осылайша ата-бабамыз ерте кезден ауа райын алдын ала бақылап, мал-жанын түрлі апаттан аман сақтау үшін ерте қамданып отырған.

P.S.  Статистикалық  мәліметке сүйенсек, 2020 жылы 2016 жылға қара­ғанда ірі қараның саны 22 пайызға, қой 10 пайызға, жылқы 39 пайызға, түйе 26 пайызға артқан. Бұл қуантарлық жағдай. Дегенмен жем-шөп дақылдарының көлемі 2016 жылы 3,7 млн болатын болса, былтыр 380 мың гектарға қысқарған. Осы мәліметтерден-ақ малға азық тауып берудің қиындығы алда екенін ұғуға болады. Дегенмен қол қусырып отыруға болмайды. Осы тұста көршілес өзбектер сияқты әр малды сақтандыру қажет. Ал біздің елде әлі де бұл салада сақтандыру нарығы қалыптаспаған. Құм ортасында орналасқан араб елінің шаруалары тұщы суда өсетін шөп тұқымдарын егіп, мал ұстауда. Еуропада жер аз болса да, мал өсірудің  тың әдісін ойлап тапқан. Олардың қасында «мал баққан елміз» деп мақтанғанымызбен ешқандай шара қолдана алмай отырғанымыз аянышты.

Айгүл ӘЛІШЕРОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!