2022 жылдың 1 шілдесінен бастап құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алуға рейтингілік-балдық жүйе енгізіледі. Бұл жайында ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бірінші шілдеден бастап ілкі жоба ретінде рейтингілік-балдық жүйені сынап көрмекпіз. Заңға ол кіргізілген. Бірақ, іс жүзінде 1 шілдеден бастап жүзеге асырмақпыз. Ол құрылыс-монтаж жұмыстарын сатып алу кезінде автоматты режимде жұмыс істейді. Демек, жүйе құрылыс жұмыстарын жүргізетін жеткізушіні, яғни мердігерді автоматты режимде іріктеп алады», – деді Дәурен Кеңбейіл Қаржы министрлігі мен Дүниежүзілік банк бірлесіп өткізген семинар аясында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Вице-министрдің түсіндіруінше, жүйе қызмет көрсетушіні оның мәліметтерін салық органдарынан сұрау, жұмыс тәжірибесін зерделеу арқылы автоматты режимде таңдап алады.
«Жүйе мұның барлығын автоматты түрде жинақтайды және балл беру арқылы жұмыс жеткізушіні іріктейді», – деді ол.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!