Фото: pixabay.com
Мемлекеттік кірістер комитеті 2026 жылдан бастап қолданысқа енген Салық кодексіндегі көлік салығына қатысты өзгерістерді атап өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Комитет мәліметіне сәйкес, жеңіл автокөліктер бойынша көлік салығын есептеу кезінде пайдалану мерзімі 10 жылдан 20 жылға дейін болған жағдайда 0,7 түзету коэффициенті, ал 20 жылдан асқан жағдайда 0,5 коэффициенті қолданылады. Көлік салығы жылдың қорытындысы бойынша төленетінін ескере отырып, төмендетілген коэффициенттерді қолдана отырып есептелген салық сомасы 2026 жыл үшін 2027 жылы есептелетін болады.
“Сонымен қатар, қозғалтқыш көлемі 3000 текше сантиметрден асатын, 2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін Қазақстан Республикасында өндірілген (дайындалған немесе құрастырылған) немесе 2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген жеңіл автокөліктер үшін салық мөлшерлемелері алынып тасталды. Шаруа немесе фермер қожалықтары басқа да жеңілдіктерге қосымша ретінде бір шаруа немесе фермер қожалығына бір дана жүк платформасы және жүк бөлігінен қатты стационарлық қалқамен бөлінген жүргізуші кабинасы бар жеңіл моторлы көлік құралы (пикап автомобиль) бойынша көлік салығын төлеуден босатылады”, – делінген хабарламада.
Көлік құралдарының түріне (пикаптар, джиптер, лимузиндер, фургондар) байланысты көлік құралдарының санаттарына жатқызу жөніндегі норма алып тасталды, сондай-ақ көлік құралдарының санаты көлік құралын тіркеу туралы куәлікте көрсетілген көлік құралын басқару құқығының санатына (A, B, C, D) сәйкес айқындалатын болды.
“Салықтық есептілік нысандарының санын қысқарту мақсатында көлік құралдары салығы бойынша ағымдағы төлемдер есебін (салықтық есептілікті) ұсыну міндеті алып тасталды. 2026 жылдан бастап салық төлеуші тек жылдық декларацияны ғана тапсыратын болады және тиісінше салықты жыл қорытындысы бойынша бір рет төлейді”, – деп қосты комитет өкілдері.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!