Көрнекі фото: pixabay.com
Алаяқтардың ақша аударып алу әрекеттерінде тосқауыл қойылмақ. Елімізде алаяқтық белгілері бар ақша аударымдары бұғатталатын болады. Мұндай мүмкіндікті іске қосылған Анти-фрод орталығы береді. Бұл платформаны Ұлттық банк былтырдан бері сынақтан өткізіп, шілде айында толық қуатында ісе қосты.
Жаңа жүйенің қалай жұмыс істейтінін және қандай артықшылықтары барын Ұлттық банк өкілдері айтып берді. Тақырыпқа толығырақ тоқталсақ.
Антифрод орталығы не үшін құрылды?
Антифрод-орталық «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ұлттық төлем корпорациясы» АҚ платформасында құрылды және тәулік бойы жұмыс істейді. Басты ерекшелігі нақты уақыт режимінде қаржы ұйымдарына алаяқтық белгісі бар транзакциялар туралы деректерді анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар алаяқтардың әрекетін бұғаттап, оған қарсы жедел әрекет етуде құзырлылар өзара ақпарат алмаса алады.
Антифрод-орталық арқылы кімдер ақпарат алмасады?
Антифрод орталығының қатысушылары:
Қаржы ұйымдары: екінші деңгейдегі банктер, төлем жасау ұйымдары;
Құқық қорғау органдары;
Ұялы байланыс операторлары.
Антифрод орталығы қалай жұмыс істейді?
Егер банк өзінің ішкі талаптарына қайшы келетін немесе тұтынушылардың өтініші бойынша болжамды алаяқтық операцияны анықтаса, алдымен оны тоқтады. Кейін Антифрод-орталыққа осы транзакция туралы ақпаратты береді. Жолданған мәліметтер алаяқтық әрекеттер жасау туралы деректер базасына енгізіледі. Бұдан әрі ақпараттың алаяқтыққа қатысы бар-жоғын құқық қорғау органдары анықтайды. Құқық қорғау органдары транзакцияны үш жұмыс күні ішінде саралайды. Шешім содан кейін қабылданады. Алаяқтық фактісі расталмаған жағдайда клиент ақша аударымдарын жалғастыра алады. Егер алаяқтық әрекет байқалса, құқық қорғау органдары іс қозғап, Антифрод орталығы мәліметтер базасына күмәнді операциялар жасауға тырысқан клиент пен оқиға туралы деректерді қосып қояды.
Бір сөзбен орталықта алаяқтардың жасырын әрекеті мен оларды жүзеге асыру тәсілдері туралы деректер жинақталады. Демек Антифрод орталығы қаржы ұйымдары мен құқық қорғау органдары арасындағы байланыс платформасы.
Банктегі барлық аударымдар тексеріліп жатыр ма?
Антифрод орталығы клиенттердің барлық әрекетін бақыламайды. Тек орталыққа екінші деңгейлі банктерден алаяқтық белгісі бар операциялар туралы ақпарат келіп түскенде әрекет етеді.
«Антифрод-орталығы қызметінің негізгі мәні алаяқтық транзакцияларды анықтау. Ал күмән тудырмайтын ақша аударымдары антифрод-платформа тарапынан бақылауға алынбайды», – деп атап өтті Бас банкте.
Қандай аударымдар мен операциялар күдікке ілінеді?
Енді қандай аударымдар мен операциялар күдікке ілініп, антфрод-платформаның мониторингінен өтетініне тоқталсақ. Егер тұтынушы өз есепшотындағы алаяқтық белгілері бар төлем операциясы туралы банкке хабарлап, өтініш қалдырса, транзакция тоқтатылады. Төлемнің бұғатталуына құқық қорғау органдарының алаяқтықты растайтын ақпараты да себеп болады. Қаржы ұйымдарының бекітілген критерийлеріне кереғар күдікті операцияларға банктер де шектеу қоя алады. Егер төлем немесе ақша аударымының бенефициары Антифрод орталығының дерекқорында болса, операция тоқтатылады. Бұл талаптар «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заң шеңберінде бекітілген.
Антифрод-орталықтың қызметкерлері қазақстандықтарға қоңырау шала ала ма?
Антифрод орталығының қызметкерлері мен өкілдері ақпарат жинау немесе қандай да бір операциялар жүргізу мақсатында ешқашан жеке тұлғаларға қоңырау шалмайды. Яғни антифрод-орталық ел азаматтарымен өзара іс-қимыл жасамайды. Тек қаржы, төлем жасау ұйымдарымен, құқық қорғау органдарымен және ұялы байланыс операторларымен жұмыс істейді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!