Ауыл шаруашылығының бейнеті бес елі. Әсіресе диқандардың жұмысы өзгелерге қарағанда күрделі. Егіс алқаптың бабын келтіру үшін ерте көктемде еңбекке кірісіп, ала жаздай бапталған күріштен жоғары өнім алуды мақсат тұтқан диқандардың жұмысы расында қиынның қиыны. Өйткені олар таңның атқанынан кештің батқанына дейін тынбастан еңбектің тайқазанын қайнатып жүрген нағыз еңбекқорлар. Несібесін қара жерден тапқан диқанның бірі –
Ержан Мұхиятдинов.

Ержан Мұхиятдинов: Агротехнологиялық қолдау қажет

– Күз – диқандардың еңбегі еленетін мезгіл. Ерте көктемде басталған шаруаның өнімі ойдағыдай болды ма?


– Еңбегі еселі, бақыты бес елі күрішшілердің бейнеті күз айында сараланады. Биылғы өнім көңіл көншітерлік. “Қоғалыкөл” ЖШС 490-гектар аумаққа сыр маржанын сеуіп, 3000 тоннаның үстінде өнім алды. Яғни гектарына шаққанда 62-центнерді құрайды. Шаруашылықтар арасында жоғары жетістіктің бірі деп есептеймін. Әрине, мұндай көрсеткіш оңайлықпен келмейді. Ең алдымен бұл ұжымның ауызбіршілігі мен еңбекке құштарлығының арқасында жеткен жетістік.

Ержан Мұхиятдинов: Агротехнологиялық қолдау қажет


– Жыл өткен сайын су тапшылығы сезілуде. Бұл ауыл диқандарын қаншалықты алаңдатады?
– Мәселе қашанда өзекті. Өйткені Сырдария өзенінің төменгі ағысы саналатын Қызылордада жыл өткен сайын судың мөлшері азайып келеді. Мұндай мәселе шаруаларды алаңдатпай қоймасы анық. Биыл тапшылыққа байланысты көктемде біршама жұмыс жүргіздік. Нақтырақ айтсам, қашыртқылар мен каналдардың ішін арнайы техникамен тазарттық. Мәселенің алдын алу үшін қосымша су насосын құру да жоспарда бар. Ең бастысы диқандар топырақ өңдеу, жерді тегістеу және суару режимі секілді агротехнологиялық іс-шараларды сақтап отыру қажет.

Ержан Мұхиятдинов: Агротехнологиялық қолдау қажет


Күріштің қанша сортын пайдаланасыздар?


– Өзге шаруа қожалығы секілді түрлі сорттарды екпейміз. Біздің қожа­лықтың ерек­шелігі осын­да. Егін ша­руа­шылы­ғына ден қойғалы «Ли­дер» сортын пай­дала­нып келеміз.


Облыс­тағы күріш инсти­тутының ғалымдары «Ару», «Сыр сұлуы», «Ай-керім» секілді жергілікті жаңа сорттарды шығарды. Бұлар диқандар үшін тиімді деп ойлайсыз ба?


– Республика брендіне айналған «Ақмаржан» сорты аймақтың экономикалық және әлеуметтік жағдайын қалыптастырушы тауар ретінде кең танымал болды. Соңғы жылы өңірде күріштің «Сыр Сұлуы», «Ай-Керім» сорттары қолданылып жүр. «Сыр сұлуы» – 90-күндік тиімді сорт. Ерте көктемде егіп, жаздың соңында жинап алуға болады.


– Сұраныстағы күрішке тоқталайықшы. Халық қандай күріш сортын жиі пайдаланады?


– Рейтингті саралайтын болсақ, «Лидер» сорты алдыңғы қатарда. Бұл күріш өнімінен жасалатын тағамдарға өте қолайлы. Сондықтан Қоғалыкөл тұрғындары тұтастай «Лидерді» пайдаланады. Ал өзбек палауын дайындайтындар «Янтарь», «Комалина Янтарь» секілді сорттарды таңдап алады.


– Ала жаздай төккен тердің жемісін өткізуде қиындықтар бар ма?
– Жалпы өнім жиналғаннан кейін диқандардың басым көпшілігі өнімін өткізуде кедер­гі­лер­ге тап бо­лады. Ал бұл жағы бізде оң­тайлы шешім тапқан. Демеуші­леріміз бар. “Асыл дән лтд” ЖШС Сырдария ауданына қарасты барлық қожалықтарға көмегін тигізіп келеді. Сол компанияның қазіргі заманға сай жабдықталған күріш өңдейтін зауыты бар. Зауыттан күрішіміз өңделіп, өз елімізден бөлек он төрт мемлекетке экспортқа шығады.

Әңгімелескен
Ерасыл Шәрібек

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!