Дамыған елдер алтын құймасын сатып алу арқылы болашағына капитал құяды. Ал біздің елде алтын құймаларды сатып алуға 2017 жылы ғана рұқсат беріліп, екінші деңгейлі банктер арқылы сатылымға шықты. Сатылымға шыққан күннен бастап алтын құймаға сұраныс төмендеген жоқ. 2020 жылдың өзінде 13 мыңнан астам алтын құймасы сатылған. Алтын құймаларына деген сұраныстың артуы алтынның қымбаттайтынын білдіреді. Себебі сұраныстың артуына байланысты баға да шарықтайды. Ал құймалардың қайда жасалатыны, құны қанша екенін көпшілік біле бермейді. Себебі елдің қалталы азаматтарының көбі ақшасын депозитте немесе АҚШ валютасында сақтайды. Осы тұста құймалардың қаншалықты тиімді екенін саралап көрсек.

 Алтын құймалар еліміздің теңге сарайында дайындалады. Оның 5,10, 20, 50 және 100 грамм салмақтағы бес түрі сатылымда. Алтын құймаларды бір-бірінен ерекшелендіріп тұратын оның сыртындағы әртүрлі түспен қапталған арнайы орауында. Мәселен, 10 грамдық құймалар күрең қызыл, 20 грамдық – жасыл, 50 грамдық – көгілдір, 100 грамдық құймалар алтын түстес ораумен қапталған. Алтын құймалар нарығының өтімділігін қамтамасыз етудің негізгі факторы – клиентке «күнбе күн» ақша төлей отырып, оларды екінші деңгейдегі банктердің кері сатып алу мүмкіндігі. Әрбір құйма қорғаныш элементтерімен жабдықталған. Ол – құймалардың жылтыр беті, микромәтін және бедерлі қыры. Сондай-ақ құймаларды механикалық бүлінуден қорғайтын және ораудың ашылу-ашылмауын тексеруге мүмкіндік беретін арнайы орауда шығарылады. Ескерте кететін жайт, қорғаныш орау құйманың сапа сертификаты болып табылады. Сондықтан орауды ашуға болмайды және оны ұқыпты сақтау қажет. Қорабы ашылған құймаларды банк бірден қабылдамайды. Құнды металды арнайы сараптамадан өткізіп, көз жеткізген соң қабылдайды. Бұл біршама уақытты алады. Сондықтан алтын құймаларды сақтауда мұқият болу қажет.

Әлемдік нарықта алтын бағасы унциямен есептеледі. Ұлттық банк өкілдері қарапайым халыққа түсінікті болуы үшін граммен есептесуді жөн санаған. Сондықтан алтын құймалардың бағасы салмағына байланысты әртүрлі. Мәселен, алтын құйманы сату туралы бағдарлама іске қосылған сәттен бастап жалпы салмағы 1,2 тонна болатын 34 901 құйма өз иесін тапқан.

Сарапшылардың айтуынша, алтын құйманың өтімділігі жоға­ры. Сондай-ақ инфляция мен экономикалық дағдарыс­тар­дан қорғайды. Жинаған азды-көпті қаржысы бар қазақстандықтардың қазіргідей қысылтаяң шақта алтын құймаға басымдық беруі де сондықтан. Жалпы қаржы сарапшылары жинақты әртүрлі валютамен сақтауға кеңес береді. Соның ішінде алтын құй­масы да бар. «Алтын құймалардың қарапайым халық үшін қолжетімділігі – басты артықшылық. Десе де, Қазақстанның де­позиттерге кепілдік беру қоры алтын құймаларына кепілдік бермейді. Деректерге сүйенсек, сатып алушылар арасында салмағы 10 грамдық құймаға деген сұраныс жоғары. Жалпы сатылымның 25 пайызы құйманың аталған түріне тиесілі. Тоғыз айдың ішінде дәл осындай 8 701 құйма иесін тапқан. Қазіргі таңда құймаларды Halyk bank, Еуразиялық банк, Jýsan bank, БанкЦентрКредит банкінің және айырбастау пункінен сатып алуға болады.

Алтын құймалар ел ішінде тарту-таралғы ретінде көп қолда­нылады. Түрлі мерекелер мен мерейтойларға таптырмас сый­лық. Сатып алушылар оған құндылығын жоғалтпайтыны үшін қызығады. Ал кәсіпкерлер мен инвесторлар оны сенімді инвес­тициялық құрал ретінде пайдаланады. Қарапайым отбасылар бұл өнімді болашаққа арналған жинақ ретінде пайдаланып жүр. Дүниежүзілік алтын кеңесінің соңғы дерегі бойынша Қазақстан алтын ұстаушы елдер арасында 16-орында тұр. 2020 жылдың тамызындағы жағдай бойынша Қазақстан Ұлттық банкінің алтын қоржыны 382 тоннаға немесе 25 млрд долларға тең.

Айгүл ӘЛІШЕРОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!