Алматыдағы Сайран көліне балаларын батырмақ болған әйел, мұндай әрекетке жоқшылықтан барған болуы мүмкін. Ол бұл туралы балаларын судан құтқарған мамандарға айтып берген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап.

Төртінші баласына жүкті әйелдің әрекетін енді полиция тексермек.

Оқыс оқиға түскі уақыттар шамасында мына Сайран көлінде болған. 3 баласын ертіп бірден киіммен суға кірген әйелді құтқарушылар байқаған. Олар келіншектің бастапқыда 3 және 4 жасар қыздарын тұншықтырып, кейін өзі де қолындағы сәбиімен суға батқысы келгенін айтқан.

Құтқарушы Ершат Далабаев бүлдіршіндерді ажалдан арашалап қалған. Ол балғындарды жағаға алып шыққандардың бірі.


Балаларын Сайранға батырып өлтірмек болған әйелдің не себепті ондай қадамға барғаны белгілі болды


“Қарапайым киіммен келіп, суға кіріп кетті. Мойнына дейін келетін жерге суға кіріп сосын екі баласын мойнынан ұстап суға батырды. Соны көріп жүгірдім. Мен жеткенше 2 бала суға тұншығып жатты. Екеуін шығарып әріптестерім жүгіріп келді соларға бердім. Сосын әйел мен кішкентай 1 жарым жасар қызын шығарып алдық”, – дейді Алматы қалалық құтқару қызметінің құтқарушысы Ершат Далабаев.

Келіншек мұндай әрекетке не үшін барғанын құтқарушыларға айтып берген.

“Сұрадық не себеп болды деп едік, сіздер мені түсінбейсіздер. Сол отбасылық жағдай екен. Каспийымда ақша жоқ. Телефоным бірлікте де ақша жоқ таксиға деп шағымданды”, – дейді Далабаев.

“Құтқарып алғаннан кейін 3 баласын кіргізіп, жылытқыш қосып, үстіндегі су киімдерін шешіп, барлығын жылы көрпеге орап отырғызып қойдық. Әйел адаммен сыртта сөйлестік ол кісі түсініксіз халде болды да ақшам жоқ деді”, –дейді құтқарушы Сәби Ержанов.

26 жастағы келіншек отбасымен Алатау ауданындағы 3 бөлмелі пәтерде тұрады. Жолдасы түрмеде қызмет етеді. Өзі 3 баламен үйде отыр. Төртінші баласына жүкті көрінеді.

“Бұл әйел біздің орталығымызда тіркеуде тұрған. Жалпы келіншек туралы көршілері жақсы пікірде емес. Балаларына тамақ бермейді. Өмірі аш жүреді. Бұрын да оларды өлтірмек болған екен. Суға батырамын деп күйеуіне хабарласқан. Жолдасы көршілерге айтып, оны дер кезінде тоқтатқан”, – дейді Алатау аудандық “Бақытты отбасы” орталығының басшысы Ақмарал Басирова.

Осы оқиғадан кейін балалардың анасын психоневрологиялық орталыққа жатқызыпты. Бүгін қоғамдық денсаулық басқармасы әйелді үйіне шығарғанын айтты. Енді тасбауыр әйелдің әрекетін полиция тексермек.

“Аталмыш дерек қазіргі Әуезов аудандық Полиция басқармасында тергелуде. Тиісті тергеу амалдары және процессуалдық әрекеттер жүргізілу үстінде”, – дейді полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Ал бөбектер дәрігерлердің бақылауында болды. Қазір үшеуінің жағдайы жақсарған. Ауруханадан шығарылып әжесінің қарауына берілген.

Айта кетсек, бұған дейін Алматыдағы Сайран көліне үш баласын тұншықтырып өлтірмек болған келіншек туралы жазған болатынбыз. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!