Экономиканы индустрияландыру арқылы еңбек өнімділігі артып, жұмыс орындары құрылады. Сол арқылы халықтың өмір сүру деңгейі жақсармақ. Ол үшін елімізде индустрияландыру бағдарламаларына басымдық беріліп, нақты стратегиялық жоспарлар бекітілді. Бұл мақсатта Арал ауданында құны 170,5 млрд. теңгені құрайтын 11 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Биыл 1,3 млрд. теңгені құрайтын 3 жоба қолға алынды. 

Аралдық кәсіпкер Жұбаныш Аманжолов ылғал майлықтар өндіру цехын ашпақ. «Sinooil» ЖШС-нің Батыс Қытай – Батыс Еуропа автодәлізінің бойынан жанар-жағармай бекетінің құрылысы және «Қарашалаң Балық» ЖШС-нің балық зауытын салу жобасы индустрияландыру картасына енген. Өндіріс орындарының жұмысы іске қосылғанда 40 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ.

«Арал қаласында орналасқан «Республикалық маңызы бар №1 индустриялық аймақ» мәртебесін «Арал ауданының шағын индустриялық аймағы» мәртебесіне ауыстыру және «Қызылорда индустриялық аймақтары» ЖШС-не қолданыстағы заңнамаға сәйкес индустриялық аймақтарды орналастыру үшін жер учаскелеріне кемінде 20 жыл мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығын беру бойынша Арал қаласы әкімдігі тарапынан тиісті шаралар қабылдануда», – деді Өңірлік коммуникациялар қызметінде берген баспасөз конференциясында Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев. 

Сонымен қатар мемлекет жеке кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, өнеркәсіптің басым салаларын дамыту мақсатында индустриялық аймақ құруды қолға алған болатын. Арал қаласының солтүстік-шығыс бетінде орналасқан индустриялық аймақтың жалпы жер көлемі – 16 гектарды құрайды. Бұл аймақта құны 2 538,3 млн. теңгені құрайтын 2 жобаны іске асыру мақсатында жер телімі табысталған. Аталған жобалардан бөлек, Бірыңғай индустрияландыру картасына енгізу және индустриялық аймаққа орналастыру мақсатында жалпы құны 4,4 млрд. теңге болатын 2 жобаның тиісті құжаттары дайындалып жатыр. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!