Арал ауданы биыл әлеуметтік-экономикалық және негізгі салалар бойынша қарқынды жұмыс атқарып, оң нәтижеге қол жеткізді. Сонымен қатар инвестициялық жобалар мен бизнес бастамалардың жүзеге асырылуы ауданның экономикалық әлеуетін арттыруға айтарлықтай үлес қосты. Мәселен, жыл басынан бері ауданға 9,1 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылып, өсім 14,6 пайызды құраған. Бұл деректерді Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте мәлім етті.
− 2024-2028 жылдар аралығында бірыңғай индустрияландыру картасы, жалпыұлттық жобалар пулы және өңдеу өнеркәсібі жобаларының пулында 11 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланды. Бұл жобалардың ішінде биыл 40 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын 3 жоба қолға алынды.
Арал қаласының солтүстік-шығыс бетінде орналасқан индустриялық аймақтың жалпы жер көлемі 16 гектарды құрайды. Осы индустриялық аймақтан «Берекет» ШҚ – «Ет және ет өнімдерін өндіру, тұшпара цехын салу» мен «Qazaq Camel» ЖШС-ның «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындау» жобасын іске асы- ру мақсатында жер телімдері табысталды.
Мемлекеттік бағдарламалар мен жалпы қаржы институттары арқылы 1,7 млрд теңгенің 73 жобасы несиелендірілді. Туризм саласына да көңіл бөлініп, құны 450 млн теңгені құрайтын 1 мейрамхана пайдалануға берілді. Алдағы уақытта 2 мейрамхана, 1 қонақ үй, «Арал» қонақ үйінің жанынан бассейн, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомобиль жол бойы сервисі мен Метангаз құю бекетінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде, − деді Арал ауданының әкімі.
Ауданның шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерінің саны 5247 бірлікті құраса, оның 95,7% тұрақты жұмыс істеуде. Кәсіпкерліктен өндірілген өнімнің көлемі 6,9 млрд теңгені құраған. Мұндай көрсеткіш ауыл шаруашылығында да бар. 2022-2024 жылдарға арналған жол картасы аясында мал, егін және балық шаруашылығы бағыты іске асырылуда. Осы жылдың алғашқы жартыжылдығында 3,8 млрд теңгенің өнімі өңделген.
Бұдан бөлек жыл басынан бері 240 орындық 2 жеке балабақша ел игілігіне табысталып, жыл соңына дейін Арал қаласынан 115 орындық, Ақбай ауылынан 100 және Қаратерең ауылынан 75 орындық балабақшаны пайдалануға беру жоспарлануда.
− Арал ауданында 2023-2025 жылдар аралығында 10 мектептің құрылысын салу жоспарланған. Жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамадан өткен Сапақ, Жалаңаш елді мекендеріндегі 2 мектептің мәселесін шешу жүмыстары жүргізілуде. Ақшатау мектебінің құрылысы жеке кәсіпкер есебінен шешім тауып, құрылыс жұмыстары аяқталды, − деді аудан әкімі.
Әлия ЖАНӘБІЛҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!