Гүлнұр ҚАБАҚОВА, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің экономика мамандығының докторанты салаға қатысты сауалдарға жауап берген еді.
– Кей жас тез табысқа кенелуге құштар. Бүгін кәсіп бастап, ертеңіне миллиондап кіріс кіргенін қалайды. Осы мақсат жетегімен от басып, тез ауқатты боламын деп алаяққа алданып жатқандар да жетерлік Экономика маманы ретінде бұл ұғымды қалай түсіндірер едіңіз? Жалпы экономикада тез баю деген түсінік бар ма, Әлде бұл миф пе?
– Жастар – ең перспективалы кәсіпкерлер саналады .Олар өте жігерлі, ештеңеден қорықпайды, шешімді тез қабылдайды, жаңа технологияларды тез түсінеді. Жыл сайын жастар бизнеске көбірек ұмтылады, олар ата-аналарына көмектескісі келеді, тәуелсіз болуды армандайды. Бірақ мұны қазіргі заманның мәселесі деуге болады ма, білмедім. Бізде ақпарат ағымы өте үлкен. Сол үшін алдымен жастар ақпаратты талдай біліп, «сүзгіден» өткізу керек деп санаймын. Ал экономикалық ұстаным тұрғысынан айтар болсақ, әрбір кәсіп бастауға ниетті адам ең бірінші маркетингтік зерттеу жасау керек. Өйткені «экономика» ұғымының өзі бізде адамның қажеттілігін қанағаттандыру болып саналады. Сондықтан келешекте «опық жемеу» үшін жан-жақты зерттеп, «кәсіп қай жерде орналасады?», «кім үшін жасайды?», «қалай жасайды?» деген сұрақтарға жауап алу қажет.
Нарықтық экономикада тез баю деген ұғым бар деп ойлаймын. Бұл жағдай айналысатын кәсіп түріне және оны дамыта білу қабілеттілігіне байланысты. «Тез баю» деген ұғымды жолы болу, сәттілік секілді себептермен ұштастыруға да болады.
– Шәкіртақы бола тұра несиеге әуес студенттер бар. Қымбат смартфон, киім-кешектің өзін қарызға алуды әдетке айналдырған. Жас кезден қарыздануға бейім адам кейін қаржылық қажеттілігін басқара алады деп ойлайсыз ба?
– Өкінішке қарай мұндай жағдай қазір көп. Жастардың еліктеуге әуестігі, өмір сүретін ортасының ықпалы да көп жағдайда әсер етеді. Мұндай олқылық қаражатын дұрыс реттей білмеу, қаржыны тиімді жұмсай алмаудан болады. Бұл жағдайда жоспарлау, реттеу, басқару, мотивация секілді экономикалық ұғымдарды ескеру маңызды. Менеджмент бұл функцияларды мұқият қадағалай алмаса, әрине, оңтайлы жол іздеп, кез келген банкке барып, несие алуы мүмкін. Оның үстіне қазіргі нарықта барлық тұрмыстық құралдың бәріне несие қолжетімді. Тіпті несиеге азық-түлік алып, басқа елге саяхаттауға да мүмкіндік бар. Осы тұсты пайдаланып қалу мақсатымен халықтың тең жартысы несиеге жүгінуде. Оның ішінде жастар да көп. Кішкентайынан ата-анасының несие алғанын көрген бала да оңай жол осы екеніне сеніп, қарызға әуес болады.
– Қазіргі қоғам экономикаға қаншалықты бейімделді?
– Біздің қоғамда, әсіресе жастардың өмір-салтында еркіндік басым, мүмкіндік мол. Кәсіппен айналысып, еңбекпен қомақты қаржы табу қолдан келетін жетістік. Алайда елдегі экономиканың мәселесі – өндірістің ақсауы. Қазақстанда өндіріс орыны аз және тұрақты әрі ауқымды кіріс кіргізетіндері саусақпен санарлық. Ал аймақтың арқа сүйер бағыты тек күріш пен мұнай. Оның өзі тәжірибелі, ірі компаниялардың үлесінде. Оның үстіне кәсіпкер аз. Осы орайда қоғам кәсіпкер мен бизнесменнің айырмашылығын аңғару керек деп ойлаймын. Кәсіпкер – жаңа өнім шығаруға, жаңа идеяға құмар адам. Ал бизнесмен – кез келген кәсіп түрімен айналысып, пайда табатын адам. Сондықтан жастар алыпсатарлық, қызмет көрсету саласын емес, өндірісті дамытуға күш салса, кәсіпкер атанып, ел дамуына үлес қосар еді.
– «Соңғы уақытта экономика маманын әзірлеуде сапа деңгейі төмендеді» деген пікірге көзқарасыңыз?
– Бұл сұраққа мен былай жауап берер едім. Маман әзірлеуде сапа деңгейінің төмендеуінің мәні тым әріде жатыр. Мәселен, экономика мамандығына оқуға түсетін талапкер мектеп қабырғасынан математика пәнін дұрыс түсінбей келеді. ЖОО-да оқытушылар жоспарлау, кәсіпорын қызметін талдау, инвестицияны басқару, жобаны басқару, кәсіпорын экономикасы секілді пәндер бойынша дәріс береді. Ал математиканы білмейтін студент мұндай пәндерді қалай түсінеді? Сол үшін экономика мамандығына оқуға ниет білдірген шақта алдымен математика саласындағы білімін жетілдіру қажет. Саладағы олқылықтың өзегі – математиканы түсінбеу.
– Сөз соңында отбасы бюджетін жоспарлау, қаржыны басқаруға қатысты кеңестермен бөліссеңіз…
– Әр отбасында кіріс пен шығыс бар. Кіріс кіргеннен кейін ол қаржыны қайда жұмсау туралы жоспар жасау маңызды Кейде кірістен шығыс көп болатын жағдайлар кездеседі. Олай болмас үшін қаражатты бірінші қажетті заттарға жұмсау керек. Ал қалған қаржыны күтпеген шығындарды жабуға бағыттаған жөн. Тағы айтарым, міндетті түрде әр түскен табыстың 10 пайызын депозитке салу немесе сақтау қажет. Балаларға қаржылық ұқыптылықты, қажет емес затқа беталды ақша шығындамауды үйреткен дұрыс.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Ерсін ШАМШАДИН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!