Фото: ашық дереккөзден
Ел дамуын ілгерілетуге жол ашатын экономика ғылымының басты секторы – ауыл шаруашылығы. Бұл салада Қызылорда облысы жыл сайын жоғары көрсеткіштерге жетуде. Себебі орданың халқы ерте кезден бастап шаруашылық пен егінге етене жақын.
Сыр өңірінің бренді
Облыстағы агроөнеркәсіпті қолдау 2003 жылдан басталған. Қолдау аясында суармалы егіншілікте жетістіктер көбейді. Мәселен, Сыр өңірінің брендіне айналған күріш өсімдігі облыс халқының негізгі табыс көзіне айналды.
Сандарды сөйлетсек, 2022 жылы қызылордалық ауыл шаруашылығының еңбеккерлері 550 мың тоннадан астам күріш өнімін жинап, орташа өнімділік гектарына 61,8 центнерге жетті. Өткен жылдың сәуір айына дейін Сыр диқандары 21,5 мың тонна күріш, 1782 тонна бидай, 30 тонна арпа, 116,3 тонна мақсары, 4,5 тонна соя, 51,8 тонна жүгері, 278 тонна жоңышқа тұқымын дайындаған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстан 30,7 млн долларды құрайтын ауыл шаруашылығы өнімдері әлемнің 21 еліне экспортталған. Барлық экспортталған өнімнің 86%-ы яғни 49 510,7 тонна күріш өніміне тиесілі.
Егін егудің озық тәжірибесі
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен ауыл шаруашылығы құрылымдары өкілдерімен кездесуде болжамды су көлеміне сәйкестендіріп егін егу мәселесі талқыланғаны есімізде. Жиын барысында күріш алқабындағы суды үнемдеуде лазерлік тегістеу әдісін қолдану туралы айтылды.
– Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында көрші елдердің тәжірибесін зерттеп, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуді тапсырған болатын. Өзбекстан Республикасында ЮНЕСКО-ның «ZEF/UNESCO» жобасы шеңберінде іске асқан ғылыми зерттеулерге талдау жүргізілді. Нәтижесінде суармалы суды 20 пайызға дейін үнемдеуге және өнімділікті 30 пайызға дейін арттыруға болатыны дәлелденді. Бұл әдісті аймағымыздың диқандары 2013 жылдан бері инженерлік жүйеге келтірілген ауыспалы күріш егістігінің 55 пайызына енгізді. Алдағы уақытта бұл жұмыстарды әрі қарай жалғастырамыз, – деді аймақ басшысы.
Нұрлыбек Машбекұлы ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтен лазерлік тегістеу әдісін су үнемдеу технологияларының қатарына қосу жөніндегі ұсынысты қолдауды сұрады.
Инвестициялық жобалар
Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы инвестиция тартуды тұрақты қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп агроөнеркәсіптік кешен саласындағы 2024-2026 жылдары іске асырылатын инвестициялық жобалардың жол картасын әзірлеуде.
Жол картасында облыс бойынша құны 47,7 млрд теңгені құрайтын 27 инвестициялық жоба қамтылған. Бұл жобалардың жүзеге асырылуы 270 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Биыл жалпы құны 3,2 млрд теңгені құрайтын 10 инвестициялық жоба жүзеге асыру жоспарлануда. Оның ішінде, Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде жеңілдетілген қаржыландыру бойынша 5 жобаға республикалық бюджеттен 5 млрд теңге қаражат бөлінуде.
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!