Әлеуметтік маңызы бар тауарлар қым­бат азық-түліктер қатарына енудің аз-ақ алдында тұр. Осымен үшінші апта қата­рынан картоп пен сәбіз бұрын-соң­ды болмаған бағада сатылуда. Елдің сол­түстігінде картоп аз ғана уақытта сатылып кетіп жатса, оңтүстіктегілер келілеп емес, бір-екі данасын ғана алуға мәжбүр. Шымкент қаласында сәбіз  ба­ға­сын ұстап тұру мүмкін болмай кеткен. Ма­мандар оның себебін өндірушілердің қойған өзіндік құнымен байланыстырады. Бұдан бөлек, сәбіздің экспорттағы сұранысы күрт өскен. Салдары ішкі нарыққа әсер етіп отыр. Талдау нәтижесі бойынша 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің баға индексі 106,9 пайызға жеткен.

Қызылша 500 теңгеден, картоп 250 теңгеден, жуа 100 теңгеден, ал сәбіз 500 теңге боп тұр. Қырыққабат 80 теңге. Сәбіз бен қызылша қымбат. Өзімізде шығып жатқан сәбіз не үшін қымбат екенін айта алмай жатырмыз, – дейді сатушы Ләззат Әбуова.

Мамандардың айтуынша, бағаның бұлай құбылуына өнімдердің көршілес елдерден әкелінуі себеп болған. Сонымен қатар маусымдық сипатқа ие тауарлар бағасы да шарықтауға бейім екен. Енді өнімді өткізу бағасын негізсіз көтерген кәсіпкерлерді монополияға қарсы заңнамада көзделген әкімшілік жауапкершілікке тарту көзделіп отыр.

– Қазіргі таңда әлеуметтік маңызы бар тауарлардың 2 категориясы бойынша баға өсімі байқалып тұр. Бұл – картоп пен қырыққабат. Қазіргі таңда осы 2 өнім бойынша бағаны тұрақтандыру жұмыстары жүріп жатыр. Айта кетсек, картоптың бағасы 148, қырыққабат бағасы 89 теңгеге бекітілетін болады. Монополияға қарсы департамент жергілікті мамандармен бірлесіп түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр, – дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының ресми өкілі Мейрам Қабдығалиев.

Кей өңірлерде тұрақтандыру қорында жоқ өнімдер әлі де қымбаттай береді. Себебі, биылғы өнім оңтүстік өңірлер мен Өзбекстаннан онсыз да қымбат бағаға келіп жатқан көрінеді. Картоп бағасы тек күзге қарай, яғни қыркүйек айында арзандауы мүмкін.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!