Павлодар облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің мамандары жүздеген мың теңгені құрайтын қаржылық құқық бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды Egemen.kz Pavlodarnews.kz. сайтына сілтеме жасап.

Екі мектепке дейінгі мекеме қызметкерлерінің еңбекақысының есептелуі мен аударылуын жоспардан тыс тексеруге жеке тұлғалардың өтініштері негіз болды.

«Тексеру барысында анықталғандай, балабақшалардың бірінің есепшісі Қазақстан Республикасының Еңбек кодексін бұза отырып, осы кәсіпорында іс жүзінде жұмыс істемейтін тұлғаға алты айдың ішінде негізсіз жалақы аударып келген, сондай-ақ басқа да төлемдер жасаған. Келтірілген шығын 367,7 мың теңгені құрады», деді Павлодар облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінде.

Ведомствода бұл соманың толық өтелгенін атап өтті.

Басқа мектепке дейінгі мекемеде аудиторлар есепшінің жарты күн жұмыс істейтін қызметкерге он ай бойы толық жұмыс күні үшін жалақы төлегенін анықтады.

«Аудиторлық іс-шараның қорытындысы бойынша аталған балабақшаларға анықталған құқық бұзушылықтарды жою және келтірілген залалды өтеу, сондай-ақ бұндайға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы ұйғарым жіберілді», деді департаментте.

Тексеру материалдары процестік шешім қабылдау үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Павлодар облысы бойынша департаментіне жіберілді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!