aikyn.kz

Биылғы Жолдаудың бұған дейінгілерден бір айырмашылығы – нақтылығы деуге болады. Бұл жолы ол нақты экономикалық блокқа арналды. Сондай-ақ мұнда Президентіміз оның орындалу мерзімін тура 3 жыл етіп белгіледі.

Осы ретте Парламент Мәжіліс депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұртай Сәбильяновпен ел дамуының кезекті межесіне қатысты сұхбаттасқан едік. Әңгіме қаржы- экономика саласы, банк жүйесі, аймақтарды дамыту, жаңадан құрылған Көлік министрлігі туралы өрбіді.

– Нұртай Салихұлы, еліміздің қаржы саласына, соның ішінде банктерге қатысты үл­­­кен өзгерістер жасалғалы отыр. Оларды бөлшек сектордан корпоративті секторға тарту мәселесі бірінші кезекке шықпақ. Бұл экономиканы жандандыра түсуге сеп­­тік ете ме?

– Президенттің халыққа арнаған жол­­­дауында экономикада қордаланып қалған көптеген проблемалар көтерілді. Қаржы нарығына, ақша-несие жүйесіне қатысты кемшіліктер ашық айтылып, нақты тапсырмалар берілді. Бұл ретте бірінші кезекте банктерге, олардың қыз­­метіне қатысты мәселелерді шешу қа­растырылып отыр. Қазір елімізде екін­ші деңгейдегі 21 банк бар. Олардың қыз­­­метін реттейтін, қаржы саласына тиісті нормативтік актілерді шығаратын бізде Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі. Бұл жерде бірден назар аударатын жайт – банк жүйесіндегі бүгінгі мәселелер неден туындап отыр деген сұрақ. Өйткені Ұлттық банкпен Қар­жы реттеу агенттігі қаржы нарығын дамытуға, банктерге қоятын талаптарды жетілдіруге онша назар аударған жоқ. Қа­­­дағалау болған жоқ. Банктер қаржы­­­­лық жағдайы қиын­даған кезде Үкіметке шы­­­­ғып, одан көмекке қаражат алып отыр­­­­ды. Ол қаражаттың тиімділігіне тексеру жүр­­гізілмеді. Кезінде бұл мә­­­­селеге бай­­ла­­­нысты ұсынысымды бірнеше рет ашық айтқанмын: «Банктерге мем­­­­­­лекеттен қол­­­­­­дау көрсетуді тоқтатуымыз керек» деп. Енді қазір, міне, осы банк­­­тердің қыз­метіне байланысты әртүрлі көптеген мәселелер туындауда. Бірінші мәселе, бұл банктердің несие беретін пайыз­­­дарына, жылдық сыйақысына байла­­­нысты болып отыр. Қазір банктер шағын және орта бизнесті, жалпы кәсіп­­­керлікті қаржыландыруға жылдық 22%-бен несие беріп жатыр. Осы 22%-дың 14%-ын мем­­­­­лекет банктерге субси­­­­­­­­диялау арқылы қай­­тарып беріп отыр. Бұл – қайтарымсыз кетіп жатқан мемлекеттің қаражаты. Бұған жылына кем дегенде 250-350 мил­­­­­лиардтай теңге кетеді. Міне, осының қа­­­­лай біз пайызын азайтамыз деген мәселе туындап отыр. Менің бұл тұр­­­­ғыда мына­­­­­дай ұсынысым бар. Банк­терді қолдауға мемлекет қаражат бермеу керек. Мемле­­­­кеттен бөлініп жатқан қа­­ра­­жатты жинақ­­­тап, бізде Қазақстан Даму Банкі бар немесе «ҚазПошта» Ұлттық операторы бар, соларға орта және шағын бизнесті, ауылшаруа­­­­­шылығын қаржы­­­­ландыру үшін беру керек. Осы екі мемле­­­кеттік ұйым­­ға мүм­­кіндік жасап, рұқсат беріп, лицен­­­зиялап, жаңаша дамыту керек. Мәселен, «Қаз­­­Пошта» Акцио­­­нер­­лік қо­­­ғамының бүкіл республика бойын­­­ша филиалдары бар, тіпті алыс аудан-ауыл­­­­дарда бө­лімшелері бар. Халыққа жақын деген сөз. Бұл тұрғыдан оның мүмкін­­­­­­діктері тіптен көп болмақ. Енде­­ше, неге оның осы мүмкіндігін пайдалан­­басқа?! Қаржы опе­рацияларын жүргізуге рұқсаты бар. Енді оны одан әрі дамытып, шағын несие бе­руге, кепілге жылжы­­майтын жә­не де жыл­житын мүліктер алуға және та­ғы да басқа операцияларға рұқсат беру керек.

– Сіздің ұсынысыңыз сонда «Қаз­Пош­та» мен ҚДБ-ны отандық бизнесті, соның ішінде шағын және орта бизнесті дамытуға тарту ма?

– Иә, менің ұсынысым, Қазақстан Даму банкіне реформа жасау керек. Қазір онда ірі-ірі бизнес субъектілерін қаржы­­ландырады, яғни соларға несие береді және мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан жобалар бар, соларды қаржы­­­­­ландырады. Біз осы банктің ашықтығын қамтамасыз етіп, берілген несиелердің тиімділігіне тексеру жүргізіп, егер анық­талған кемшіліктері болса, оны жіберген адамдарды жауапқа тартып, ол банкке тек қана ірі кәсіпорындарды ғана емес, шағын және орта бизнесті, ауыл шаруа­­­­шылығын қаржыландыруға да мүмкіндік беру керек. Оның өңірлерде филиалдарын ашып, құзіретін кеңейту қажет. Сонда мемлекет сол ҚДБ арқылы немесе «Қаз­­Пошта» арқылы бұл мәселені өз қадаға­­­­лауына алады. Егер осылай жасасақ, онда шағын және орта бизнеске жылдық мөл­­­­­­шерлемені 7%-дан асырмай несие бе­­­­руге болады. Мұндай жағдайда екінші деңгей­­­­­дегі банктер де пайызын түсіруге мәжбүр болады. Өйткені жаңа айттым ғой, 22%-дың 14%-ын мемлекет субси­­­­диялап отыр деп. Бұл ақшаны мемлекет енді банкке емес, «ҚазПошта» немесе ҚДБ арқылы тікелей кәсіпкердің өзіне қайтармалы негізде, аз пайызбен несие ретінде бе­ретін болады. Қаржы нары­­­­­ғында Банк­­­терге бәсекелестік пайда болады.

Осы тұста мен сізге бір сәтті мысал келтіре кетейін. Қазіргі «Отбасы банк», бұрынғы «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» құрылғандағы мақсат халықты жеңілдетілген несие беру арқылы, бағ­­­­дарламалар арқылы баспанамен қамта­­­­­масыз ету болатын. Міне, осы мақсат орын­далып жатыр, бұл банк ипотека сегментін алды. Басқа банктер бұл на­­рықтан шығып кетуге немесе үлесін азайту­ға мәжбүр болды. Өйткені олар арзан пайыздық мөлшерлемемен ипотека бере алмайды. Сол сияқты отандық биз­несті қаржыландыруда да осындай қа­дамға баруымыз қажет. Бұл – бір.

Президент айтқан екінші тағы мә­селе – екінші деңгейлі банктерден тұ­­­­ты­нушы кредит алушылардың қатары жыл­­­дан жылға артып бара жатқандығы. Ха­­­­­­лық қарызға батып жатыр. Биылғы 1 қаң­тардағы жағдай бойынша тұтынушы кредиттердің көлемі 7 триллион 7 мил­­­­­лиард теңгеге жеткен екен. Бұл банктер­­­дің шағын және орта бизнесті қаржы­­­­­лан­­­дырып отырған қаражатынан әл­­­­­­­­­­­­­­­­­­­де­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­қай­­­­да көп. Сөз болып отырған ке­­­­зеңде шағын және орта бизнесті қар­­­­­­­жылан­­­­­дыру 6,4 триллион болған екен. Ал елі­­міздегі банк­тердің жалпы активі 44,5 триллион екенін ескерсек, бұл ша­ғын және орта бизнесті 15% ғана қар­­­жы­­­­­ландырып отыр деген сөз. Яғни банк­­­тер пайда табуды көздеп, эконо­­­­миканы емес, тұтынушы кредит секторына ден қойған. Олар не­сиені өздері де береді және ша­ғын қаржы ұйымдары арқылы да береді. Соңғысына ақшаны 25%-бен берсе, олар оны ха­лыққа жылына 56%-ға дейін мөл­шерле­мемен таратып отыр. Бұл Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агент­тігінің бекіткен жылдық ставка мөлшер­лемесі. Бұл ставканы төмендету керек. 

Бірақ интернет арқылы онлайн кре­дит алатындар көп, оларға берілетін пайыз 1000-1500%-бен болып тұр. Оны қадағалап жатқан ешкім жоқ. Бұл аза­маттардың әлеуметтік жағдайын қиында­туға, бо­­­­­­лашақта шиеленіскен наразылық­тарды туындатуға алып келуі мүмкін. Сон­­­­­­­дық­­­­­тан да онлайн кредит беруге елі­мізде тыйым салынуы керек. Осыны қол­ға алып, жұмыс істеуіміз керек. Орта жә­не шағын бизнесті қаржыландыруда да, аза­маттарға кредит беруде де жеңіл­де­­тіл­­­­ген несие жүйесін қалыптастыру керек.

Осы тұста, тоқтала кететін бір жайт – Ұлттық банк құрған «Проблемалық кре­диттер қоры» туралы. Ол қор банктерден қайтара алмаған қарыздарын өзіне алды да, оларға мемлекеттен бөлінген ақшаны бере салды. Енді осы қордың мәселесі не болып жатыр? Осы уақытқа дейін банкті қолдауға кеткен триллиондаған ақшалар қайда? Міне, осы мәселені шешуіміз ке­рек, қаражат қайтарылуы керек. Бұл тұста біз тек мемлекеттік мүддені көздеуі­­міз керек. Қайталап айтамын, банктердің мүддесін көздемеуіміз керек, «Банктерге мемлекеттен қолдау көрсетуді тоқтауы­мыз керек». Бұл үрдіс сонау 2009 жылдан басталған, әлі де жалғасып келеді. Осы 15 жылда біз жыл сайын қайтарымсыз кетіп жатқан 250-350 миллиард теңгені жинап, жеңілдетілген несие жүйесін жа­­са­­­ған кезде, ендігісі қаржы айналы­мына шығып, 6-7%-бен арзан несие беруді жол­ға қояр уақыт болып еді. Әлі де кеш емес. Ол үшін сөз басында айтқан Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттейтін және дамытатын агенттік осы бағытта жұмыс істегені жөн. Сонда біздің елде 21 емес, бә­секеге шыдас берген 6-7 ғана банк қа­луы мүмкін. Ең бірінші кезекте ауыл шаруа­шылығы мен шағын және орта бизнесті жеңілдетілген несиемен қаржы­­­лан­дыру маңызды. Егер осыған батыл көшсек, сонда ғана экономика жандана түс­пек. Олар күш алып кететін болса, өз­­­дерін өзі қаржыландырып, мемлекет техникаға лизинг берумен шектеліп, суб­сидия беруді тоқтатуға болады.

Сонымен қатар банктерге, шағын қар­жы ұйымдарына қойылатын талапты күшейтіп, жоғарғы пайызбен тұтынушы несиесін беруге шектеу қою қажет. Бұл саланы реттеуді тез қолға алған жөн.

– Банк саласына қатысты одан басқа да өзге өзгерістер туралы ойыңызды білсек. Мәселен, еліміздің қаржы нарығына шетел­­ден 3 банк шақырылуы қажет екені хабарланды. Олар қай елдер болуы мүмкін? Олардың арнайы бір салаға (агробанк, ғылым банкі, энергетикалық банк және т.б.) келгені дұрыс па, әлде жалпы негізде болғаны дұрыс деп санайсыз ба? Олар біздің экономикаға не береді?

– Банк саласында бәсекелестікті қа­­лыптастыру үшін Президентіміз шетел­­ден үш банкті тартқан жөн деп қадап айтты. Бұл өте уақытылы айтылып отыр­­­ған дұрыс ұсыныс, тіпті тапсырма деуге бо­лады. Жаңа айттым, біздегі барлық 21 банктің активін қоса алғанда 44,5 трил­­лион теңге (1.01.2023ж). Ал шетелдің бір банкінің активі бұл соманы 4-5 есе орап алады. Сондықтан да оларды шақырға­нымыз біздің экономикамызға жақсы. Қаржысы көп болғандықтан олардың пайыздық мөлшерлемесі де төмен болуы мүмкін. Мәселен, шетелдік қаржы ұйым­дары Libor (Лондондық банкаралық став­ка ұсынысы) деген жүйеге қарап не­сие береді. Ондағы ставка қазір 5,5% . Осыдан екі-үш жыл бұрын ставка 2-3% бол­ған. Енді қай елден, қандай банктер деген сұрағыңызға келер болсақ, оны талдап қарау керек. Өйткені әлемде мық­­­­­ты-мықты банктер көп. АҚШ-тың, Ев­­ропаның, Қытайдың, Оңтүстік Корея­­­­ның, Жапонияның жақсы банктері бар. Жалпы шетелден банктерді кіргізетін кез­де оған қоятын талаптар, нормативтер болады. Соларды сақтай отырып, ұлттық экономиканың мүддесі де ұтылмайтын­­дай шарттар жасау керек. Сондықтан мен сізге нақты елдерді атап бере алмаймын. Өйткені ол шетелдік банктерге де бай­ланысты. Ең бастысы, тапсырма берілді. Енді соны мақсатына сай орындау керек. Олар қай саланы қаржыландырады, мә­се­ле онда емес. Ең бастысы, жеңілде­тіл­­ген несиемен экономикаға жұмыс іс­теуі керек. Оларды сіз айтқандай, белгі­лі бір салаға тарта алмаймыз. Өйткені онсыз да на­рығымыз кішкентай. Ал оны одан сайын тарылтып, осы салаға келіңіз деп та­­­­­лап қоятын болсақ, олар келмей де қоюы мүмкін. Ал жалпы Президенттің бұл идеясы – инвестиция тартудың ұтым­­­­­­­­ды бір сипаты деп білемін. Яғни, ақша белгілі бір салаға тартылмайды, тұ­­­­­тастай экономикаға тартылады. Ең бас­тысы, арзан несие келуі керек. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агент­тігінің басты көздегені осы болуы керек.

– «Мықты аймақтар – экономиканың драйвері» дейміз. Президент орталық­сыз­­­­­дандыру бағытын тереңдетіп жүргізіп ке­­леді. Бюджет дербестігі мен электорат­тық сипат – соның айғағы. Осы ретте алып-қосар қандай ұсыныстарыңыз бар? Әсіре­­с­е, шекара жанындағы аймақтардың мәсе­лесін бірінші кезекте шешкен дұрыс сияқты.

– Жолдауда шоқтығы биік тұрған мә­селенің бірі – аймақтарды дамыту деп бі­лемін. Мысалы, кезінде бүкіл ауылдар­ға, ауылдық округтарға, аудандық маңы­зы бар қалаларға өзінің дербес бюджетін енгізу керек деген бастама көтерілген болатын. Бұл жоба 2020 жылдары то­­­­лықтай енгізілді. Яғни, аймақтарды да­мыту осы дербес бюджеттерді енгізумен де байланысты болды. Яғни, елді мекен­дердегі мүлік салығы, жер салығы, көлік салығы сол ауыл мен қаланың бюджетіне түседі. Бір ауыл мысалы 1 миллион жи­наса, бір ауыл 15 миллион жинап жатыр деген сияқты. Әйтеуір өздеріне қыста тракторларына жанар-жағармай алса да, көшелерді тазалап, қоқыс шығарса да біраз қаражат пайда бола бастады. Бұ­рын­ғыдай ауданға қол жайып отырмайды. Шұғыл жағдай туса да әкімнің қорында ақша бар. Енді осыны ары қарай дамыту үшін екінші кезеңмен шағын және орта бизнестен түсетін Корпоративті табыс салығын жергілікті бюджетке берді. Бұ­рын ол республикалық бюджетке кететін. Енді 50%-ы облыстық бюджетте қалады да, қалғаны аудандық бюджеттерге бө­лінеді. 2020 жылдан бері қарай осылай. Бұл жергілікті жерлердегі көптеген мә­се­лелердің шешілуіне мүмкіндік туды­рып отыр. Енді осыған байланысты өз Жол­­дауында Президент келесі бір са­лықтың түрі – Қосымша құн салығын қа­зір­гідей түгелдей республикалық бюд­жет­­­ке емес, белгілі бір бөлігін жергілікті бюджетке беру туралы айтты. Бұл өңір­лерге үлкен қолдау болмақ, өйткені ше­шімін таппай жатқан жергілікті мәселе­лер көп. Және бұл өте қомақты қаражат. Қазіргі есеп­­теулер бойынша 2 трил­­лион­дай теңге де­ген дерек бар, енді оның нақты қанша екенін уақыт көрсетер, ең бастысы ол жер­гілікті бюджетке түсер болса, онда оның дербестігі артады да, жергілікті әкім­­дерде өңірдің проблемасын шешуде үлкен мүмкіндіктер пайда болады. Жол­­дарды жөндеу, мектептер, мәдениет үй­лерін, спорт кешендерін және тұрғын үй салу, су тарту, қоғамдық көліктер – көп­теген мәселелер бар ғой, осыларға ақша табылады. Сондықтан да мен Прези­­денттің осындай қадамдарға барып отыр­ғаны өте дұрыс деп ойлаймын. Жолдауда айтылған бастамаларды толық қолдай­­­мын. Бұл тұста тағы бір беріліп отырған мүмкіндік жергілікті бюджетке түсетін са­лыққа жеңілдіктерді жергілікті атқару­­­­шы билік пен өкілетті билік бірлесіп қа­растыруға болатыны туралы ұсыныс. Егер, бір кәсіпкерге немесе кәсіпорынға әкімдігі бар, мәслихаты бар, салық ор­­ган­­дары бар бірігіп, талқылап, жер­гілікті бюджетке түсетін салыққа жеңілдік жа­сайтын болса, ол кәсіпкерді қолдауға, жағдайын дұрыстауға көмек болар еді. Ол жағдайын жақсартып алғаннан кейін сол ауылға немесе қалаға он есе артық пай­­­­­дасын тигізетін болады. Сондықтан да билікті орталықсыздандырудың бір тар­мағы осы деп алатын болсақ, бұл да хал­қымыз үшін игі бастама болмақ.

– Әрине, бастамалардың қай-қайсысы да құптарлық-ақ. Бірақ «таяқтың екі ұшы бар» демекші, біз жең ұшынан жалғасқан жемқорлық проблемасын әлі жеңген жоқ­­­пыз ғой. Өз ақшасы өз қолына тиген соң, бұрынғыдай жоғарыға есеп бермейтін бол­ған соң, әкімдердің тәбеті ашылып кет­­­пей ме? Мемлекеттік сатып алу деген де тұр­­­­­лаусыздау дүние болып тұр.

– Иә, сөзіңіздің жаны бар. Қадағалау әрине болады. Бізде қазір жергілікті бюд­жетті ревизиялық комиссиялар тек­­­­­­се­­реді, сонымен бірге Қаржы министр­­­­­­­­лі­­гінде Ішкі аудит департаменті бар, со­­лар­­дың тексеруге мүмкіндігі бар. Оған қоса біз биыл жазда заңға толықтырулар мен өзгерістер енгіздік, енді соған сәйкес Жоғарғы аудиторлық палата жергілікті бюджетке толықтай аудит жүргізуге мүм­­­кіндік алып отыр. Бұрын олай жасай ал­май­­­тын еді, тек республикалық бюджетті, квазимемлекеттік секторды ғана тексе­­румен шектелетін. Осылайша, үш орган қадағалау жасамақ. Сонымен бірге сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бар. Сондықтан коррупциямен күрес тоқтамайтын болады. Ең бастысы, жемқорлықты болдырмай, өңірлердің бойы­на қан жүгіріп, экономикаға жан бітсе дұрыс болар еді.

Ал мемлекеттік сатып алуға келер бол­сақ, ол – үлкен мәселе. Оны реттеу үшін Президент осы заңды қайта қарап, жетілдіруді тапсырды. Соның ішінде, мердігерлерге қойылатын талаптарды дұ­рыс­тау керек. Бұл бағытта біз жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Мұнда жергілікті компанияларға басымдық беру керек. Мысалы тұрғын үй салуды алайық. Енді оларды салуға бұрынғыдай ақша бөлумен қатар дайын тұрғын үйлерді шекті баға­мен сатып алуға мүмкіндік жасау керек. Өйткені тендер жариялап, мердігер анық­тап, ол оны саламын дегенше уақыт кетеді. Сондықтан дайын, сапалы үй­лерді, тиісті талап қоя отырып сатып алса, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету жылдамырақ болар еді. Өйткені үй кезегінде 600 мыңнан аса азамат тұр.

Тағы бір айтатын мәселе, мемлекеттік сатып алуда, тендерде қосалқы мерді­­­­­­­­гер­лерге берілетін жұмыстың көлемін 25 пайыз­­дан асырмау керек. Бұл құрылыс компанияларының арасында бәсекелес­тікті қалыптастырады. Өйткені тендерді ұтқан компания ары қарай жұмысты қосалқы мердігерге бере салып, өзі пайыз­­­дарын алады, келіседі. Бұл көп жағ­дайда құрылыстың бітпеуіне, сапасыз салуына, қаражаттың мақсатқа сай жұм­салуына әкеп соғады. Сондықтан біз осын­дай тәсілге көшуіміз керек. Осындай жүйе орнатуға мүмкіндік беруіміз керек.

– Әкімшілік-құрылымдық өзгерістер ны­санасына биыл министрліктер ілінді. Қайта құрулардың ішінде қалпына келген Көлік министрлігі бар. Еліміздің транзиттік әлеуеті үшін бұл ведомство керек-ақ. Жаңа ми­нистрліктің алдына бірінші кезекте қан­­­дай міндеттер қойылуы керек деп санай­­сыз?

– Көлік министрлігінің құрылғаны біздің елдегі қордаланған мәселелерден туын­дап отыр. Жол жөндеуге, оларға ре­конструкция жасауға жылдар бойы көп­теген қаражат бөлініп келді. Бірақ осы ақ­шаның мақсатына сай жұмсалуын, жұ­мыстың сапасын бақылайтын тиісті министрлік болса да, шынын айту керек, оған назар аударылған жоқ. Мысалы: Өскемен – Аягөз – Талдыкорған, Қалба­­тау – Майқапшағай жолдарының салы­нып жатқанына бес жыл болды. Әлі аяқ­талған жоқ. Халық бұл мәселені күнде көтеріп жатыр.

Енді, міне, Көлік министрлігі осы жұмыстарды нақты атқармақ. Автожол­­­­дар бар, одан бөлек жағдайы сын көтер­мей­­тін теміржол саласы бар. Мен өзім теміржолмен көп жүремін. Әсіресе, өңір­лерді аралағанда, болмаса, сайлау окру­гіме барғанда. Сонда бәріміз де байқап жүрген болармыз, ескі вагондар көп, са­­нитарлық талаптарға сай келмейді, жаз­да кондиционер істемейді, қыста суық. Содан кейін вагондардың жетіс­­­пеушілігі бар. Жалпы біздегі жолаушылар паркінің 55-60%-дан астамы ескірген. Жолау­­­­­шылар вагондарын жаңарту қазір өте маңызды. Қазақстанның жер көлемі үл­­­­кен болған соң халқымыздың басым көп­­­шілігі теміржол көлігін пайдаланады. Өйт­­­­кені автобустар көп емес, онымен ұзақ жол жүру жайсыз, ал әуе билеттері қымбат. Бұл да назар аударуды қажет ететін бір проблема. Сондықтан да «Қа­­­зақстан теміржолын» жан-жақты тек­­серіп, оған реформа жасап, мәселені ше­шу керек. Бұл саланы дұрыстап дамыту керек. Мұнда жолаушылар тасымалы ғана емес, жүк тасымалы да бар. Вагон жетіс­­­­пеушілігінен қаншама кәсіп­­­керле­­­­­ріміз зардап шегіп отыр. Олардан түсіп жатқан шағым көп. Тауарын экспортқа уақытында шығара алмай қиналып отыр. Ішкі тасымалдағы да жағ­дай да осындай. Автомобиль тасымалына да мәселе көп. Міне, осындай пробле­малар қордалан­­­­ғандықтан да Көлік ми­­­­нистрлігін құру туралы шешім қабыл­данды деп ойлай­­­мын. Бұл өте дұрыс шешім. Енді бейінді ведомство тек өзіне қарасты мәселелер­мен тікелей айналы­­­­сатын болады деп білемін. Бұл тұста саланы жайлаған жем­­қорлық проблемасы бар. Әсіресе, ав­тожолдар құрылысында, теміржолда бұл терең тамыр жайып кет­­­кен. Авиаса­лада да жағдай оңып тұр­­ған жоқ. Билет­­тердің бағасы өсіп жатыр, бәсекелестік жоқ. Бұл тұрғыда ұсынысым бар: еліміздегі әуе тасымалы саласын реттеу керек, бәсеке­­лестік болу қажет, шетелдік авиакомпа­­­нияларды кіргізу керек. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрлан ҚОСАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!