Ақбөкен – ел табиғатының символы. Олардың сүйегі қазба жұмыстары кезінде Орталық және Батыс Еуропада және Сібір жерінде табылған. Қазіргі уақытта ақбөкендер 5 елдің аумағында кездеседі. Олар: Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Түркіменстан және Моңғолия. Әр елдің тілінде бұл жануар әр түрлі аталады. Мысалы, қазақтар оны ақбөкен, бөкен, киік, ақкиік дейді. Өткен ғасырдың 60-70 жылдарында ақбөкендердің саны бір миллионға дейін жеткен және тұрақтау жерлері кеңейген. Бірақ ХХ ғасырдың соңына қарай олардың саны күрт азайып, не бары жүз мыңы ғана қалған.

«Барсакелмес» аралындағы ақбөкендердің тарихы да ерекше. Бұл аралға ақбөкендер адамдардың араласуынсыз-ақ келген. Кеңес оқымыстысы және Арал теңізінің аралдарын зерттеуші академик Л.С.Берг аралға ақбөкендер қыстың күні келген деп болжаған.

1981 жылы осы әдемі жануар саны 500-700 басқа дейін жеткен. Алайда олардың дәмді етіне қызығушылар көбейіп, 1915 жылдары толығымен жойылған. КСРО орнағаннан кейін, Барсакелмес аралына 16 бас ақбөкен (13 бас аналық және 3 аталық) әкелінді. Жеті жылдан соң олардың саны 60 бастан асты және содан бері үнемі өсіп отырды. Әсіресе 1939 жылы Барсакелмес аралында қорық ашылғаннан кейін ақбөкен саны жоғары қарқынмен өссе, 1948 жылы саны 1500 басқа артты. Дегенмен 1949-1950 жылдың қысында қалың қар мен қатқақ мұз ақбөкендерге жұт әкеліп, олар басы 300 басқа дейін күрт кеміді. 1979 жылдан бастап Арал теңізінің деңгейі төмендей бастады. 1997-1999 жылы Барсакелмес аралының шығыс бөлігі үлкен материкпен жалғасып кетті. Бұл араның ашылуы бір жағынан жазықсыз жануарлар дүниесінің аман қалуына бірден-бір себеп болды. Тек қана 1500-ге бас киік, 350 бас қарақұйрық Барсакелмес аралынан шығып, жаңа жайылымдар мен суат көздері бар өңірлерге қоныс аударды. Қазіргі таңда ақбөкендер  Барсакелмес аумағына күз, қыс және көктем мезгілдерінде тұрақтайды. Жаздың аптап ыстық күндерінде тұщы суы бар жерлерде мекендейді.  

Ақбөкен үшін жұт өте қауіпті, кейде қыс уақытында қалың қар мен мұздың әсерінен қорексіз қалуы мүмкін. Негізінде қорықтағы 30-дан астам өсімдік түрі киіктің қорегі саналады. Бүгінде  Барсакелмес қорығында 200 бас шамасында ақбөкен мекен етеді. Дала жануарының азаюына адамның әсері көп, өйткені Шығыс медицинасында бағаланатын мүйізі және еті үшін ешқандай шараға бағынбайтындар бар. Сондықтан мемлекеттік органдар ғана емес, бүкіл ел болып ақбөкенді қорғауға атсалысып, кең байтақ даламыздың киелі де, сұлу жануарын келер ұрпаққа жеткізу ‒ басты борышымыз.

А. Кеңесбаев

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!