Оқу-ағарту министрлігінің балалардың құқықтарын қорғау комитеті бастамасы бойынша 11 маусымнан бастап патронат тәрбиешілерінің қызметтерінің ақысы екі есеге артты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұрын патронат қызметкерлері 60 мың теңге алса, қазір ақы 35 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайып, 120 750 теңгеге жетті.

Комитет төрағасы Насымжан Оспанованың айтуынша, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың отбасылық құрылымы – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. 

«Патронат тәрбиешілердің жалақысын арттыру осындай отбасыларда тәрбиеліп жатқан балалардың өмір сүру деңгейін жақсартуға ықпал етеді деп болжап отырмыз», – деп атап өтті Насымжан Оспанова.

Елде отбасының төрт балама түрі бар: бала асырап алу, қамқоршылық, патронат және патронаттық отбасы.

Әр түрлі интернаттық ұйымдарда үш мыңнан астам жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тәрбиеленуде.

Соңғы 10 жылда балалар үйінің тәрбиеленушілерінің саны үш есеге, ал балалар үйінің өзі 2,5 есеге төмендеген. Бұған отбасылық құрылымның баламалы нысандарын енгізу, жетім балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды материалдық қолдау ықпал етті.

Осы бағыттағы бастамаларды одан әрі тиімді іске асыру үшін министрлік патронаттық тәрбие туралы ережеге өзгерістер енгізді, нәтижесінде патронаттық тәрбиешілердің еңбекақысы өседі.

Патронат кәмелетке толмаған жетім мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдіктелген кәмелетке толмаған балаларға белгіленеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!