Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде ең төменгі жалақыны айқындаудың жаңа әдістемесін әзірлейтін арнайы жұмыс тобы құрылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан министрліктің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жаңа әдістеме ең төменгі жалақы мөлшерін біртіндеп ұлғайтуға мүмкіндік береді.Бүгінде халықаралық тәжірибені ескере отырып, бірнеше тиімді нұсқа қарастырылып отыр. Біріншісі – өмір сүру құнын талдау, тұтыну себетінің құны, ең төменгі күнкөріс пен инфляция деңгейі, экономиканың өсуі, орташа жалақы деңгейі сияқты көптеген факторды қолданатын кешенді тәсіл. Оны Еуропалық одақтың көптеген елінде қолданады.Екіншісі – орташа табысқа негізделген ең төменгі жалақыны анықтау. Халықаралық еңбек ұйымы ең төменгі жалақы орташа жалақының кем дегенде 50 процентін құрауы керек деп санайды. Ондай тәсіл Франция, Бразилия, Коста-Рика, Нидерланды және Малайзия сияқты елдерде бар.»Мұндай тәсілді қолдану кезінде дәстүр бойынша ең төменгі жалақы деңгейі жыл сайын белгіленеді, төмендетілмейді және күнкөріс деңгейінен төмен бола алмайды», – дейді министрлік мамандары.

Қазіргі кезде жұмыс тобының мүшелері барлық нұсқаны зерделеп жатыр. Келесі жылы ең төменгі жалақының жаңа әдістемесін әзірлеу жұмысы аяқталады.Қазақстанда ең төменгі жалақының мөлшері 60 мың теңгені құрайды. 2023 жылы 1 қаңтардан бастап оны 70 мың теңгеге көтереді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!