Бүгінде әлем күн емес, сағат санап сан құбылу үстінде. Соған сәйкес әр ел өзінің экономикалық тұрақтылығы мен өсу қарқынына қарай бейімделеді. Дәлірек айтсақ, дамыған елдер бәсекеге қабілетті жолда талас-тартысқа ұмтылып қана қоймай, өзара аламанда бақ сынайды. Сөзімізге дәлел болу үшін АҚШ, Жапония, Корея, Қытай секілді экономикалық жақтан қарқынды дамып келе жатқан елдерді мысал ретінде келтіруге болады.
Әріге кетіп қайтеміз. Нақ қазіргі сәттің өзінде әлемде геосаяси ахуал құбылып қана қоймай, өзінің әсерін тигізіп отыр. Мұндай жағдайда экономикасы тұрақты елдердің өздері бір сілкініп алатыны бар. Өйткені, әлемдік дағдарыс, экономикадағы салқынқандылық кімді болмасын аямайды. Оған дайын болу үшін бірнеше он жылдық жоспар қор керек. Тек бір кәсіп көзіне ғана байланып қалған елдердің хәлі мұндай жағдайда күрт төмендейді. Мәселен, біздің елдің негізгі экономикалық күші мұнайдан түсетін қаражат екенін ескерер болсақ, әлем бір-ақ күн ішінде мұнайдан бас тартатын болса, елдің жағдайы үлкен сұрақтың астында қалғалы тұр.
Саяси сахнадағы экономикалық сілкініс
Өткенге шолу жасасақ, 2008 жыл әлем елдері үшін жаппай экономикалық дағдарыс ретінде басталғаны еске түседі. Қай жерден, кім, қашан, қалай қателесіп кеткені белгісіз, бірақ әлем бір «тізерлеп» алуға мәжбүр болды. Мемлекет арасындағы өзара ынтымақтастықтың байланысы нығайғанымен өндіріс тоқтады, бар деген күннің өзінде шығын көбейді. Валюталардың да бағасы күнделікті тақталарда мың құбылды. Қайда барып тоқтарын білмеген доллар секілді әлемдік валюталарға бағынышты елдердің жандары шүбірек ұшында түйулі тұрды.
Жалпы өзгеріс толқыны әлемдік рецессиядан кейін келген жаңа экономикалық бағытқа қарай бой түзумен ерекшеленді. Анығы бұл салаға атүсті қарап келген түсініктер ада қалып, енді шындық көзімен қарау, бәрінің қиын екенін, оңай дүниенің аспаннан салбырап түсе қалмайтынын қай ел болмасын жақсы түсіне бастады. Осы толқынды бастапнкешіп жатқан кезде жаһандық өзгерістің өзі-ақ келе салды.
Бұл өзгерісті төртінші өнеркәсіптік төңкеріс ала келді. Экономикалық өзгерістің, төртінші әлемдік төңкерістің артында тек оң жолға бағыт алатын із тұрған жоқ. Оның артында бірнеше мәселенің ұшы да көрінді. Мәселен, осы төңкеріске бейімделу үшін мемлекеттер арасында жасалған реформалардың өзі халықтың есін шығарды. Ілесе алмаса да, ілініп кетуге тырысқан елдердің экономикасы құлдырап, байыппен анық басқандардың асығы алшысынан түсе қалды. Бұл біз көріп отырған мәселенің бірі ғана. Келесі мәселе – көрші мемлекеттер арасындағы экономикалық шиеленіс пен бір-бірінің алдындағы қарыздарының өсуі. Шындығында, бұл әсер көзге ұрып көрінді. Қай елдің болмасын ішкі және сыртқы саясатындағы экономикалық қарыз мөлшерінің асып кетуі келесі бір елге әсерін тигізді. Бұдан бөлек демографиялық ахуалдың да ұшы жылт ете түсті. Ақыры жағаға келіп ұрылған төртінші өнеркәсіптің төңкеріс толқыны түрлі ынтымақтастығы берік елдер арасындағы және қауымдастық арасындағы экономикалық интеграцияның күшеюіне алып келді.
Сөз басында аспан асты елін дәлел үшін алға тарттық. Расында ұлы елдің де тығырыққа тіреліп, құлдырайтын тұсы болды. Оның біріншісі – 2019 жылы келген COVID-19. Ал екіншісі – жергілікті үкіметтердің қаржылық жағдайы. Қаржы тапшылығы соңғы уақытта жергілікті билікті шығындарды қысқартуға мәжбүр етті. Мысалы, шенеуніктердің жалақыларын азайту немесе салықтық төлемдерді қудалау арқылы табыс табуға тырысу. Мұның ешқайсысы экономикалық өсімге жақсы әсер етпейді.
Осындай мәселелер үшін жыл сайын әлемдік қауымдастықтардың алдында бірнеше мәрте экономика саласы бойынша кездесулер, өзара байланыс орнатуға бағытталған конференциялар, дүниежүзілік форумдар жиі ұйымдастырылды. Адамзат алдындағы үлкен қауіп-қатердің алдын алу туралы мәселелер талқыланды. Бұл – әлемдегі ахуал еді. Бірақ бұл талқылаудың басы-қасында Қазақстан да болды. Себебі экономикалық өсу жағынан әлі де болса дамушы ел ретінде тіркелген Қазақстан Республикасы да өзінің халқын, оның әлеуметтік мәселесін шешу жолында күрсуге дайын тұрды.
«Біздің ел…»
Қазақстандағы экономикалық дағдарыс мәселесі бүгінгі таңда қоғамның барлық деңгейінде, түрлі сахналарда, әлеуметтік желілерде, БАҚ-та, лауазымды тұлғалардың отырыстарында талқылануда – бұл оның мойындалғанын білдіреді. Енді бұл түйінді мәселені жабулы қазан күйінде қалдырмай, тағдырын оң шешу маңызды. Керісінше жағдайда, яғни бұл мәселенің легитимділікке ие болмауы, ресми түрде назар аударылмауы балама ұсыныстардың тууына, қайшылықтарға, әлеуметтік шиеленіске итермелеуі әбден мүмкін. Дағдарыс кезінде күнкөріс шегінде өмір сүріп жатқан тұрғындардың әлеуметтік жағдайы мүлдем құлдырап, нашарлауға бет алады.
Әріден ақтарсақ, Қазақстан 1991 жылдан бері бірнеше әлемдік форумның мүшесі әрі белді өкілі ретінде қатысты. Осы жолда «2030», «2050» секілді дамуға бағыт алған, бәсекеге қабілетті елдердің отыздығына ену үшін жасалған стратегиялық мақсатты алға қадам басты.
Аталған жобаны жүзеге асыру үшін тек импорт пен экспорт саласының жеткіліксіз екені анық еді. Бұл жерде сыртқа шығатын мұнай мен астық өнімдерінің үлесі, бізге сырттан кіретін күнделікті тұрмысқа пайдаланатын өнімдерден аз болғаны белгілі. Себебі тәуелділік алдымен көлікке керек жанармайға емес, халықтың әлеуметтік мәселесіне бағытталады. Сол себепті де шағын және орта бизнесті дамыту бойынша «Бизнестік жол картасы – 2020» бағдарламасы ұсынылды. Бұл бағыт бойынша елдегі кәсіпкерлік саланы дамыту көзделді. Неге?
Экономикада дамыған елдердің алға озуы мен олардың бой көрсетуі біз айтып өткендей, мемлекеттік өндіріске емес, жеке кәсіпкерлердің дөңгелетіп отырған жеке саласына, жалпы мемлекеттік орта бизнесіне тікелей бағытталған. Біздің бұл жердегі үлесіміз 50%-ға жетпегендіктен, әлі де болса ақсап келеміз. Дегенмен өсу мен қарқын, ынта бар. Ал дамыған елдердегі бұл көрсеткіш 50-ден әрі асып жығылып, тіпті 80-ге жеткендері бар.
Жалпы алған кезде әлемдік дағдарыстан кейінгі қайта жаңғыру жолындағы дәуірлеудің ортасында Қазақстанның ішкі нарығы барынша тұрақтылыққа ұмтылды. Халықтың әл-ауқатын жақсарту секілді түрлі мемлекеттік жобалар мен бағдарламалар жүзеге асырылды: «Модернизация 3.0», «Индустрия 4.0» және «Цифрлы Қазақстан».
Бұдан өзге АҚШ-тың кейінгі бір жыл ішінде салған санкциялары Қазақстанға да әсер етпей қоймайды. Себебі біздің ұлттық валютамыздың доллармен күресуге не теңесуге әлі шамасы жетпейді. Сондықтан алып державалар арасындағы текетірес кезінде ұтылып қалып жатқан, екі түйенің ортасында өлген шыбын секілді күй кешіп жатыр.
Бәрін қойшы, болжам бойынша Қазақстанда 2025 жылы мемлекеттік бюджет кірістері 10 пайызға артады екен. Ғажап! Ұлттық экономика министрлігі Қазақстанның 2025-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын жаңартқан екен. Сол құжаттағы мәліметке сенсек, ЖІӨ бойынша жоспар ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, сауда салаларының дамуы нәтижесіне қарай орындалады.
«Қазақстан экономикасы дамуының макроэкономикалық параметрлерін болжамдау бой- ынша базалық сценарий барреліне 75 доллар деңгейіндегі мұнай бағасына сүйене отырып есептелген. Нәтижесінде экономиканың орташа жылдық өсуі 5,4 %-ды, оның ішінде тауарлар мен көрсетілетін қызметтер өндірісінің өсуі орта есеппен тиісінше 5,3% және 5,6 % деңгейін құрайды», – деп көрсетілген құжатта.
Экономикалық интеграция туралы
Экономикалық интеграция – түрлі елдің ұлттық шаруашылықтары арасындағы ынтымақтастық және олардың толық немесе ішнара бірегейленуі. Одан бөлек осы елдер арасындағы сауда кедергілерінің жойылуы және біртұтас одақ құра отырып, жеке дара елдердің экономикасын жақындастыру. Мысал ретінде Еуро Одақ (ЕО) пен Еуразия экономикалық одағын (ЕЭО) қарастыруға болады.
Қазақстанның экономикалық интеграциясы ретінде Еуразия экономикалық одағын көруге болады. Яғни, бірнеше мемлекеттің ортақ одақ құра отырып, өзара саяси-экономикалық жақтан ынтымақтастық танытуы.
Осы бағытта Кедендік одақ пен біртұтас экономикалық одақ құра отырып, алдыға серпін алу мәселесі шешімін табуға талпынып жатыр. Айта кету керек, экономикалық интеграция бірнеше мемлекеттің одақ құруы және өзара байланысы. Бұл жерде бір елдің үстемдік орнатуы болмайды. Ал егер үстемдік орнатылған жағдайда келісім бұзылады және әркім өз елінің мүддесі жолында әрекеттер жасайтын болады.
Қазақстан экономикалық жақтан өсу жолында бірнеше мемлекеттің одақтас ретінде интеграция құру жолында келе жатқан ел. Бұл жағынан келген кезде БАҚ беттерінен Еуразия экономикалық одағы туралы ақпарат көп оқимыз. Біріміз пайдасын айтсақ, біріміз керісінше керегі жоқ екенін алға тартамыз.
Ұтарымыз қайсы?
Таяқтың екі ұшы барын ұмытпайтын болсақ, кез келген жағдайда ұтуға да, ұтылуға да болады. Бұл сол мемлекеттің стратегиясына тікелей байланысты. Еуразия экономикалық одақтың негізгі алға тартып отырған алғышарты – 200 миллионға жуық халық мүддесіне жұмыс жасау. Яғни, бұл жердегі одақтас мемлекеттердің халық саны есепке алынып отыр. Бұл жағынан келген кезде Қазақстан үшін экспорттық өсу байқалуы керек. Одан бөлек көрші Ресеймен жақын аймақтағы елдердің дамуы қарқынды өсуі тиіс. Бір сөзбен айтқанда, шағын және орта бизнеске есік айқара ашылады. Экономикалық интеграция арқылы Қазақстан Кедендік одақ бойынша, одақ құрылғанға дейінгі табыс көрсеткішінен асып түскен. Бұл – нәтиже бардеген сөз.
Алайда, нәтиженің бәрі жақсы болғанымен, Қазақстанның шама-шарқы келмейтін тұстары да бар. Бәрін атап көрсетпеген күннің өзінде, біздегі кәсіп саласының, кәсіпкерлердің Ресей мен Беларусқа қарағанда бәсекеге қабілетті болмай шыққаны көрініп-ақ тұр. Біздің сыртқы бәсекеге қабілеттен бұрын, отандық өнімдерді өндіру, ішкі нарықты қалыптастыруда кәсіпкерлердің бәсекесі өте төмен. Сондықтан бәріне бірізді және атүсті қарауға жол жоқ.
Экономикалық интеграцияны дамыту үшін және оны тұрақты түрде жүзеге асыру үшін одақтас елдердің бірі артта, бірі алда озып кетуге жол бермеу керек. Әр ел өзіне тиісті мүдделі пайыздық көрсеткішті алуы керек және сол жолда аянбай еңбек етуі керек. Жоғарыда атап көрсеткендей, егер артқа тартып тұрған мәселенің бірі кәсіптің бәсекеге қабілетті болмауы болса, барынша кәсіп саласына мән беру керек. Мейлі ол шағын не орта бизнес болсын, пайда табуға, отбасын асыруға, отбасы арқылы мемлекетті де көрейтуге ұмтылуы тиіс. Бұл жерде айта кететін нәрсе, экономиканы дамытуы дамытып, бірақ оның идеологиялық стратегиясын да сырт қалдыруға болмайды. Себебі ақша да белгілі бір миссия жолында, мүдде жолында табыс әкелуі керек және сол жолда жұмсаулы тиіс.
Ел дамуы экономикалық факторларға тікелей байланысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірінші бағдары жаңа экономикалық саясатқа бағытталған. Ол макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және цифрландыру. Сондай-ақ, шағын және орта бизнес пен адам капиталын дамыту. Яғни, экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты – сапалық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыру.
2025 жылы экономикасы дамыған елдерге БҰҰ сараптамасы бойынша: Батыс Еуропа елдері түгел, АҚШ, Канада, Жапония, Австралия, Жаңа Зеландия, Израиль, Оңтүстік Африка Республикасы, сол сияқты өтпелі экономикалы елдерге Шығыс Еуропа мен ТМД-ның кейбір елдері жатады.
Дүниежүзі бойынша олардың жалпы саны 50-ден астам, ал қалғандары дамушы елдер болып табылады. Бұл топтағы елдер өз кезегінде ішкі айырмашылықтары мен экономикалық даму деңгейіне, тарихи ерекшеліктері мен даму дәрежесіне қарай бірнеше топшаларға бөлінеді. Мысалы, дамыған елдер типологиясы құрамынан төрт топшаны бөліп көрсетуге болады. Олардың түгелдей дерлік экономикалық-әлеуметтік даму деңгейі мен экономикалық әлеуеті жоғары. Экономикасының құрылымы мен оның халықаралық географиялық еңбек бөлінісіне қатынасу дәрежесімен және әлемдік өндірістегі бұл елдер үлесінің қомақты болып келуімен сипатталады.
Жастардың экономикалық сауаты қандай?
Иә, бұл тақырып қозғалғанда «Қазақ жастарының экономикалық түсінігі қандай және бүгінгі жастардың экономикалық сауаттылығы қай дәрежеде?» деген заңды сұрақ туындайды. Осы сауалға қатысты экономист, аға оқытушы Гүлия Кенжебекқызы пікірімен бөлісті.
– Жастар – біздің болашағымыз! Олай болатын болса бүгінгі жастар ертеңгі біздің ізбасарлар, мемлекетіміздің тірегі. Жастардың сауаттылық дәрежесіне келсек олар өте алғыр, үлкен асуларға шығуға ұмтылған, шет елдерде білім алуға құмартқан жастар. Ол әрине қуантарлық жағдай. Бірақ, осы «батыс, батыс деп өзіміздің ұлттық құндылығымызды, ділімізді жоғалтып алған жоқпыз ба?» деген сауалдар да мазалайтынын жасыра алмаймын. Өйткені сауаттылық тек қана әріп тану емес қой, ол деген кез келген мәтіннің грамматикасын көрсету, жазылу ерекшелігін, жазылу стилистикасын дұрыс ашу, техникалық тұрғыда рәсімделуі дегендей т.с.с. мәселелерге келіп тірелмей ме? Бұны айтып отырғаным, бүгінгі жастар сауаттылығы дейсіз, кейде сол жастар, барлығы емес әрине, көпке топырақ шаша алмаймын, кітап оқи алмай, сауатты жаза алмай, техникалық рәсімдеу дегенді мүлдем білмей жататын кездері аз емес. Осы тұрғыда қазіргі жастардың сауаттылығы ғаламторда берілетін ақпараттармен ғана шектеліп жатады, – дейді ол.
Саяси сахнада «Алдымен – экономика, сосын – саясат» деген принципке сүйену маңызды рөл атқарады. Ал бұл біздің қоғам үшін қаншалықты тиімді? Бұл жөнінде де экономист өз пікірін білдірді.
– Бұл принцип қай кезде де осылай болған емес, өйткені мемлекет болған соң ең алдымен мемлекеттің шекарасының тыныштығы, елдермен тұрақты саяси-экономикалық қатынастары маңызды. Сондықтан да кез келген Мемлекет басшысы ең әуелі ел іргесін түгендеген. Біздіңжағдайымызда ол өте маңызды. Қазақ жері өзінің шикізатқа бай табиғи байлығымен, жерінің көлемдігімен барлық шетелдікті көп қызықтырады және сол үшін де біздің елге инвесторлар көп тартылады. Біз тек табиғи байлығымызды жай ғана сатып емес, оны өзіміз өңдеп, өнідіріп, ЖІӨ мен ЖҰӨ-дегі қоғамдық өнімнің өсу деңгейлерін жоғары дәрежеде қамтамасыз етуіміз керек. Тіпті біз «Қазақстан-2050» стратегиясы бойынша бәсекеге қабілетті дамыған елдер қатарына кіреміз десек, әрбір қоғам мүшесінің еңбек өнімділігі, бәсекеге қабілеттілігі жоғары болуы керек. Әрбіріміз жаңа идеяны өмірге ендіре отырып өзіміз басқа елге инвестор болуға ұмтылуымыз керек. Өйткені табиғат байлығының қоры келер ұрпақ үшін қаншалықты жетпек. Және де ел экономикасында Мемлекет басшысы қашан да кәсіпкерлерге, шағын және орта бизнес өкілдеріне мемлекеттік қолдау көрсетіп отырады. Неге? Өйткені олар жаңа идея жасаушылар, – деді ол.
Ұлт ісінде ұсақ-түйек жоқ. Экономикалық фактор ұлттық сана-сезімнің нығаюына идеологиялық фактордан кем емес ықпал ете алатын құбылыс. Ал соңғы деректерге сенсек, елде кейінгі 10 жылдықта тек экономикалық өсім байқалады. Бұл – қуантарлық жағдай. Сайып келгенде экономиканың дамуы мемлекеттің әлемдік қауымдастықтағы бәсекеге қабілеттілігі деңгейін ғана емес, әсіресе оның ұлт-мемлекет ретіндегі тұрақты дамуын айқындайды. Бұл қазіргі таңда Қазақстанның мемлекет ретінде сақталып қалуының басты шарттарының бірі болып қалуы тиіс. Ал жастардың экономикалық сауаттылығы түбінде ел іргесінің беріктігіне алып келеді.
Абзал ЖОЛТЕРЕК
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
