Өткен аптада «Даму» қоры өңірде мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде қаржылық қолдау шараларын таныстыруға бағытталған БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз турын ұйымдастырды.
Негізінен «Даму» қоры субсидиялау, кепілдік беру және жеңілдікті қаржыландыру құралдары арқылы шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсетеді. Субсидия құралының шарты бойынша кәсіпкерлердің несие мөлшерлемесінің бір бөлігін мемлекет «Даму» қоры арқылы өтеп береді. Нәтижесінде қарыз жүгі жеңілдеп, ай сайынғы төлемдер азаяды. Бұл «Даму» қоры жүзеге асырып жатқан субсидия құралының тиімді екенін көрсетеді. Есесіне, кәсіпкерлер несиенің төлемінен үнемдеген қаражатты кәсіпорынның дамуына жұмсай алады. Кепілдік құралы несие алу үшін банктер талап ететін кепіл болмаған кезде бизнесті ашуға немесе дамытуға мүмкіндік береді.
– «Даму» қоры ұлттық даму институты болғандықтан, Қазақстанның бар өңіріндегі шағын және орта бизнестің сапалы дамуына ықпал етіп келеді. Бұл айтарлықтай экономикалық әсер береді. Қызылорда облысында 2010-2023 жылдар аралығында мемлекеттен қолдау алған кәсіпкерлер 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашты, ал бюджетке түскен салық 136 млрд.теңгені құрады. 2024 жылдың басынан бастап «Даму» қоры Қызылорда облысының шағын және орта кәсіпорындарына жалпы сомасы 45,6 млрд теңгеге 1 508 жоба қолдау алды. Оның ішінде субсидиялау бағыты бойынша 29,5 млрд теңгеге 852 жоба, кепілдік беру бағыты бойынша 15,2 млрд теңгеге 582 жоба, жеңілдікпен несиелеуде 937 млн теңге сомасына 74 жоба қолдау тапты, – дейді «Даму» қорының Қызылорда облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Руслан Сламхан.
Баспасөз туры аясында БАҚ өкілдері өңірдегі үш кәсіпорынның жұмысымен танысты. Нақтыласақ, алғашқы аялдама «Dalatex» ЖШС-нің «Dalatex» тігін фабрикасы болды.
Тігін фабрикасы – 2016 жылы құрылған. Мұнда ерлер, әйелдер және балалар жейделерін, арнайы киімдері мен жұмыс костюмдерін тігіледі. Фабрика негізінен Қазақстан мен Ресей аумағында арнайы киімдер мен жейделер шығарады. Ал қажетті шикізат Түркия елінен сатып алынады. Негізінен тұрақты тапсырыс берушілер – ІІМ, МКК, «Самұрық-Қазына Девелопмент», «Қазақтелеком» АҚ, сондай-ақкөптеген жергілікті, мемлекеттік органдар.
Цех кәсібін одан әрі кеңейту, жаңа ғимарат сатып алу мақсатында «Даму» қорының субсидияланған пайыздық мөлшерлемесімен «ForteBank» АҚ арқылы несие алған.
Баспасөз туры «Жан-Арай» көпсалалы агроиндустриялық кешенінде жалғасын тапты. «Жан-Арай» компаниясы жарма өндіру, майлы және жемшөп дақылдарын, жүзім, анар және сүйекті жемістер өсірумен айналысады. Сондай-ақ күріш, түйіршіктелген құрама жем және жемістер шығарады.
Тәулігіне 80 тонна құрама жем шығаратын зауыт пен сағатына 12 тонна күріш өңдейтін зауыт 2015 жылы өз жұмысын бастады. Барлық қажетті жабдықтар Германия мемлекетінен жеткізілді. Қызылорда қаласындағы «Жан-Арай» кешенінің құрамына күріш өңдеу зауыты мен құрама жем шығаратын кәсіпорын, көтерме-тарату орталығы, қоймалар, 300 орындық мейрамхана, қонақ үй және басқа да нысандар кіреді.
Жалпы, «Жан-Арай» компаниясы бақшаларды тамшылатып суару арқылы өсіреді. Алдағы уақытта мұны бірнеше есе көбейтуді жоспарлап отырған көрінеді.
Қазір біз айтып отырған кешеннен бөлек «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының бойында орналасқан «Жан-Арай» көпсалалы агроиндустриялық кешені бар. Кешеннің аумағы кең. Нақтыласақ, қонақ үй, 1 500 тонналық көкөніс қоймасы, 300 орындық мейрамхана, алма бағы, қойма және шипажайы бар.
2023 жылы жұмысын бастаған шипажай – 200 келушіні еркін қабылдай алады. Мұнда демалушыларға да жағдай жасалған. Яғни ем алуы мен қалпына келтіру мүмкіндіктері қарастырылған. Ал шикізатқа айналым қаражатын толықтыру мақсатында компания «Қазақстан Халық банкі» АҚ-нан несие алды. Бұл жолы да пайыздық мөлшерлемені «Даму» қоры субсидиялап отыр.
Компанияның басқа да табысты жүзеге асқан жобалары бар. Көптеген жылдар бойы «Даму» қорының қолдау құралдарын пайдалану арқылы инвестиция және айналым қаражатын толықтыру секілді жобалар шешімін тапқан.
БАҚ өкілдері жұмысы жанданған нысандармен таныса келе, «Ainur s cakes» ЖК кондитерлік өнімдер өндірісіне де ат басын бұрды.
Жеке кәсіпкер Айнұр Баймаханова кәсіпкерлік жолын 2016 жылдан бастаған. Сол уақыттан бері бүгінгі күнге дейін айтарлықтай тәжірибе жинап үлгерген. Негізінен нан-тоқаш және ұн кондитерлік өнімдерін шығарады. Кәсіпорын табысының кепілі деп кәсіпкердің кең ассортиментін айтуға болады. Айнұр кондитерлік өнімдерді өз рецепті бойынша өндіреді және тұтынушыларға дайын күйде, тапсырыспен сатады.
Кәсіпкердің цехында барлық қажетті жабдықтар бар. Ол үшін оңтайлы температураны сақтайтын арнайы өнеркәсіптік тоңазытқыштар мен мұздатқыштармен толықтырылған.
Иә, кәсіпті бастау оңай. Бірақ оны әрі қарай дөңгелетіп әкету екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Ал мұндайда түрлі бағытта қолдау жасайтын «Даму» қорының еңбегі орасан зор екені анық.
«АЖ» ақпарат
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!