Фото: АШМ
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Катар мемлекетіне сапары аясында мемлекеттер арасындағы ауыл шаруашылығы секторындағы әріптестік туралы, оның ішінде инвестициялық әріптестік туралы бірқатар келісімдерге қол қойылды.
Катарлық инвесторлар Қазақстанда өсімдік шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге инвестиция салуға ниетті: Катарлық Hassad Food компаниясы, Түріктің Tiryaki компаниясы және «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі арасында Ақмола облысында зауыт салу туралы уағдаластықты көздейтін келісімге қол қойылды. Бұл жоба 200 миллион АҚШ долларына бағаланып, астық пен бұршақты терең өңдеумен айналысуға бағытталған.
Сонымен қатар, Катарда Dinara Group холдингі мен Qatar National Enterprises арасында ауыл шаруашылығын дамыту, құрылыс және инфрақұрылымдық даму, денсаулық сақтау және білім беру үшін стратегиялық инвестициялық серіктестік туралы шартқа қол қойылды. Қазақстан мен Орталық Азияның аграрлық секторын дамыту үшін бірлескен тікелей инвестициялар қорын құру жоспарлануда.
Қол қойылған шарт шеңберінде Dinara Group холдингі қолданыстағы сүт, ет және өсімдік шаруашылығы өндірістерін масштабтауды, асыл тұқымды мал басының өзіндік негізін дамытуды және қосымша сүт фермаларын, сүт өңдеу және ірімшік өндіру зауытын салуды және дайын өнімді Қытай мен Таяу Шығыс елдеріне экспорттауды жоспарлап отыр. Инвестиция көлемі шамамен 300 миллион АҚШ долларын құрайды, бұл Катардағы серіктестердің жоғары сенімін көрсетеді.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров ауыл шаруашылығы секторында инвестициялар тартуға және әріптестікті дамытуға бағытталған бірқатар кездесулер өткізді. Катар мемлекеті муниципалитетінің Министрі Абдулла бен Хамад бин Абдулла Аль Аттиямен кездесу барысында саладағы, атап айтқанда, Катарға қой мен дәнді дақылдарды жеткізу жөніндегі стратегиялық мақсаттар мен жоспарлар талқыланды. 2024 жылы Қазақстан Катарға қой етінің экспортын екі есеге арттыруға ниетті. Ведомство басшылары дәнді дақылдарды Катарға Иран логистикасы арқылы жүзеге асыруды талқылады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!