Қызылордада бизнес пен билік арасындағы ашық диалогты күшейтуге бағытталған маңызды алаң қайта жанданды. Облыстық Жастар ресурстық орталығында Кедергілер жөніндегі Кеңестің 2026 жылғы алғашқы отырысы өтті. 

Отырыс барысында аймақтық кәсіпкерліктің тіршілігіне тосқауыл қоятын әкімшілік, реттеуші және өзге де кедергілерді анықтау және оларды жою жолындағы атқарылған жұмыстар жан-жақты талқыланды. Әсіресе бизнес ортасына және бәсекелестікті дамытуға тікелей әсер ететін түйткілді мәселелерге басымдық берілді.

Кедергілер жөніндегі департамент – ел дамуына кереғар әсер етіп отырған әкімшілік және құқықтық тосқауылдарды анықтап, оларды жүйелі түрде жоюды көздейтін құрылым. Оның қызметі кәсіпкерлік пен инвестицияның еркін өрістеуіне мүмкіндік беріп, бәсекелестікке тұсау болған жасанды шектеулерді азайтуға бағытталған. Осы арқылы департамент экономикалық белсенділікті жандандырып, мемлекеттік басқару тетіктерінің тиімділігін арттыруды мақсат етеді. Облыстағы кеңес мүшелігінде 12 адам бар. 

– Кәсіпкерлерге тосқауыл деп салық саласының салмағын айтсақ болады. Одан бөлек, кеден бағыты бойынша, медицина, нарық, коммуналдық, жерге қатысты мәселелер туындайды. Біздің кеңестің басым бөлігін кәсіпкерлер құрайды, яғни түрлі саланың мамандары, сарапшылар бар. Жыл сайын кеңестің төрағасы мен оның орынбасары жаңарып отырады. Жоғарыда атап өткен мәселердің шешімін табуға олардың тәжірибесі мен білімі көмектеседі. 

Кәсіпкерлер бізге өтініш тастайды, біз өзара талқылап, оны жоғарғы кеңеске жолдаймыз. Сол арқылы кәсіпкерлер мәселесі шешімін табады, – дейді Кеңес төрағасының орынбасары Нұрлыбек Амангелдиев. 

Басқосуда Кедергілер жөніндегі Кеңестің 2025 жылғы қызметі туралы есеп тыңдалды. Өткен жылы аймақ экономикасының түрлі салаларында жинақталған өзекті проблемалар қаралып, олардың шешу жолдары ұсынылды. Қабылданған шешімдердің қағаз жүзінде қалмай, нақты іске асу деңгейі де назардан тыс қалған жоқ. Кеңес мүшелері мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру, кері байланысты күшейту қажеттігін атап өтті.

Жиында Кеңес жұмысының тиімділігін арттыру, шешімдердің орындалуын бақылау тетіктерін жетілдіру мәселесі де қозғалды. 

Сонымен қатар отырыс барысында Кедергілер жөніндегі Кеңестің төрағасы жаңартылған құрамға енген жаңа мүшелерді таныстырды. Кеңес қатарына Республика партиясының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Дәурен Сейітжанов пен қоғам қайраткері, «Альянс Қызылорда» ЖШС директорының кеңесшісі Дастам Шауешов қосылды. 

Жиын қорытындысында Кедергілер жөніндегі Кеңестің алдағы отырыстары мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасындағы әріптестікті нығайтуға, нақты проблемаларды жүйелі түрде шешуге бағытталатыны айтылды. 

«АЖ-ақпарат»

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!