Ел арасындағы браконьерліктің алдын алуға, фауна түрлерін сатуға және өткізуге маманданған қылмыстық топтардың қызметін анықтап, олармен күрес жүргізу мақсатында «Киік» табиғатты қорғау акциясы басталды.
Ауқымы кең жоба Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысы аумағында жүргізіледі. Акцияға «Охотзоопром ӨБ» кәсіпорнының Жануарлар дүниесін қорғау қызметінен 224 инспектор, 68 жол талғамайтын көлік, 23 қарда жүргіш техникасы, 2 бірлік «Берлога» вагоншалары (ОӨФ, БӨФ) жұмылдырылады. Сондай-ақ «Охотзоопром ӨБ» бастамасымен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен Жануарлар дүниесін есептеу және мониторинг бөлімдерінен инспекторларды тарту жоспарлануда.
Айта кетейік, былтыр киіктерді заңсыз атудың 47 браконьерлік фактісі анықталып, 641 ұша мен 284 киіктің мүйізі тәркіленген. Нәтижесінде табиғат ресурстарына келтірілген шығын 3,3 млрд теңгені құраған. Осындай мәселенің алдын алуды көздейтін акция 31 желтоқсанға дейін жалғасады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!