Қай мемлекеттің болмасын экономикалық әл-ауқаты халқының өмір сүру сапасы мен әлеуметтік жағдайынан көрініс табады. Өңірдің экономикасына әсер ететін басты өнімнің бірі – Сырдың күріші. Алайда күріш бағасының уақыт өткен сайын қымбаттауы қызылордалықтардың «көрпесіне қарай көсілуіне» себепші. Тұрғындар үшін басты қажеттіліктің бірі болғандықтан азық-түлік өнімдерінің бағасы өзектілігін жойған емес. Алайда аграрлық аймақ саналатын Сырда күріш бағасының қымбаттауына не себеп? Күрішшілердің биыл егін егуге ойланып отырғаны рас па? Тұрғындардың сұранысы мен өндірушілердің бағасы таразыға түссе, тең бола ма? Әлеуметтік желіде де, сауда орындарында да қызу талқыға түсіп жүрген мәселенің мәнісіне үңіліп көрсек.

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі облыстағы күрішті қайта өңдеуші-өндірушілерге қатысты бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманың бұзылуын тергеп-тексеруді бастады. Агенттік күрішті сатудың тауар нарығына талдау жүргізіп, оның барысында шикізат бағасының ең жоғары өсуі 2022 жылғы мамырда 16%-ға, қыркүйекте 19%-ға төмендегенін анықтаған.
Статистикалық деректерге сәйкес, Қазақстанда күріш бағасының өсуі өткен жылы 36% құрады. Қазіргі уақытта күріш бағасының өсуі жалғасып, жыл басынан бері 5,2% құрап отыр. Күріш өндірушілердің айтуынша, өсім шикізат бағасының өсімімен байланысты (шала-тазартылмаған күріш), өңдеуден кейінгі өзіндік құны мен ең төменгі жалақының өсуіне әкелген. Өз кезегінде, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер судың аздығы (ҰСБ деректеріне сәйкес 10%-ға), тыңайтқыштар, қосалқы бөлшектер бағасының қымбаттауы себебінен күріштің егіс алқаптары қысқарғаны туралы айтуда.
Осыған байланысты 17 ақпанда облыстық кәсіпкерлер палатасында Агроөнеркәсіп кешені комитетінің отырысында күріш бағасының қымбаттауының себебі мен салдары туралы брифинг өтті. Жиында облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім бастығы Алма Пірманова, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев, кәсіпкерлер, сан түрлі саланың жауапты өкілдері сөйледі.
«Сыр елі аграрлы аймақ болып қала ма? Біздер мәселенің себебімен емес, салдарымен күресуге неге әуеспіз? Қызылорда осы күріштің арқасында аграрлы аймақ атанып жүр. Ауыл шаруашылығы бағытының ішінде осы күріш саласы егуден бастап, оны өңдеп экспортқа дейін шығаруы жолға қойылған. Соңғы уақыттағы Сыр күрішшілеріне бағытталған кейбір негізсіз айыптауларға қатысты мынаны айтқым келеді, доллар, еуро өсіп жатқанда, тыңайтқыштар бағасы өскенде, гербицид 3 есе қымбаттағанда, дизель отыны мен жабдықтар бағасы шарықтағанда бақылаушы мемлекеттік органдар былтыр көктем, жаз, күз айларында қайда болды?
Осы шығындарды шаруа немен, қандай қаражатпен жабады, соны ойладыңыздар ма? Шаруа 8 ай бойы далада тер төгіп өсірген күрішін қалған 4 ай бойы сатып, сол қаражатпен жабады. Қазір Сыр шаруалары «күріш егумен айналысамыз ба?» деген сауалды өзіне қоя бастаған. Сыр халқының 45%-ының күн көрісіне тікелей әсер ететін күріштен бас тартатын болсақ, Сыр елі аграрлы аймақ деген статусынан айырылып қалуы да мүмкін. Одан бөлек республиканың 90 %-ын күрішпен қамтамасыз етіп отырған да – біздің өңір. Ендеше, Қызылорда күріш өндіретін аймақ статусынан айрылса, онда күрішті экспорттаушы емес импорттаушы елге айналамыз. Күріш өндіруде Ресейге тәуелді боламыз…», – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов.
2022 жылы өңірде 78635 гектарға күріш егіліп, жалпы көлемі 395,4 мың тн өнім жиналған. Сыр күріші ТМД және шет елдерге экспортталады. Атап айтқанда, Түркменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей, Беларусь, Армения, Әзірбайжан, Моңғолия, Ауғанстан мемлекеттері, сондай-ақ, таяу жылдары өзге де мемлекеттерге күріш өткізу жоспарланып отыр. Ел-жұрт бағаның шарықтағанын айтып, шарқ ұрғанмен, күріш бағасы өзге өнімдермен салыстырғанда бірден емес, динамикалық түрде аз-аздан қымбаттап келеді. Жалпы баға 2021 жылдың тамызында өсе бастаған. Қазақстанның Ұлттық банкі бұған себеп ретінде Ресей тарапынан сұраныстың артқанын атап өткен еді. Айта кету керек, Қазақстанда өндірілген күріштің әрбір төртінші тоннасы Ресейге сатылған.
Алайда өңірде күріштің жетіспеушілігіне мемлекеттен көрсетілетін қаржылық қолдаудың аздығы себеп болуы мүмкін. Өйткені су тапшылығымен қоса, сапалы өнім шығарудың алғышарты болатын – қажетті техника, тыңайтқыш бағасының бірнеше есе өсуі кедергі. Ал күрішшілер үшін өнімнің саны ғана емес, сапасы да маңызды.

Аделина МӘДЕЛХАНҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!