Таяуда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірдегі мал шаруашылығының дамуын сынға алды. Әйтсе де, бүгінде саланы дамытуға бөлініп жатқан қолдаулар аз емес. Тіпті, ауылдық жерде тұратын көпбалалы, тұрмысы төмен, қысқасы, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың өзіне қайтарымсыз қаражаттар қарастырылған. Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен беріліп жатқан 2,5 процентті «Ауыл аманаты» бағдарламасы, жастарға арналған төмен процентті кредит те ә дегенде аталған саланы дамытуға баса назар аударған. Қазір бәрі басқаша.

«Өңірдегі бизнес жобалардың жартысынан астамы мал шаруашылығына бағытталған. Бірақ олай бола тұра ет бағасы төмендеген жоқ, мал өнімдерінің өндірісі көбейіп жатқан жоқ. Сонда бізге бұдан қандай пайда? Былтыр осы жерге шулап 4 млрд теңге субсидия сұрап келгендерге берген жоқпыз ғой. «Сіз етіңізді арзан сатып отырсыз ба, әлде қандай пайдаңыз бар?» деп. Жылына 50-60 төлін сатып, шөп алсын, жем қылсын. Бюджеттің ақшасын таратып бере беруіміз керек пе? Екінші деңгейлі банктерден берілетін несие бар, жеңілдетілген несие бар, аграрлық несие коорпорациясы арқылы берілетін қаражат бар, «Ауыл аманаты» бағдарламасы, жастарға беріліп отырған төмен процентті несие бар – мұның 70 проценті мал шаруашылығына беріліп отыр. Бірақ нәтиже жоқ», – деді Н.Нәлібаев.
Рас, бүгінде мал шаруашылығынан табыс табу қиынға соқты. Халықтың ет өнімдеріне сұранысы төмендеген жоқ. Бірақ қорада мал ұстау қымбаттады. Жем-шөп мәселесі шарықтады. Түптеп келгенде, мал ұстау үшін жем-шөп керек, ал жем-шөпті дайындау үшін техника, жанар-жағармай, жұмысшы күші, тыңайтқыштар болмаса, оның да қолға түсуі қиын. Сондықтан, бұл ретте мал шаруашылығы жайлы айтқанда, оның арғы жағындағы жем-шөп мәселесін реттейтін егін шаруашылығына бір соқпаса болмайды. Демек, тыңайтқыштар, техниканың қосалқы бөлшектері мен жанар-жағармай бағасының өсуі жем-шөп бағасының қымбаттауына әкеледі. Ал бұған сай ет бағасы көтеріліп жатқан жоқ, біршама уақыттан бері бір бағаны ұстап тұр. Бұл жерде тенденция сақталмауда.

«Мал шаруашылығын отбасылық кәсіпке айналдырдық. Мемлекеттік бағдарламалардың бары рас. Қолдауы да жеткілікті. Біз соның бірінен қолдау алып, нарықты ет өнімдерімен қамтамасыз етуге атсалысып келеміз. Әйтсе де, қазір жем-шөп мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Бір жоңышқа пресіңіз ауылда 700 теңге. Ал жемнің бағасы өскенмен, сапасы жоғарылаған жоқ. Бұрын далада тау болып үйіліп жататын күріш қауызының өзін жемге араластырып тартып жіберетін болды. Оның бойында құнары жоқ, жай ғана жемнің салмағына ықпал етіп, өзіндік құнын арттырады. Мұның ар жағында шаруаның қалтасы қағылатыны әмбеге аян. Сол себепті күріш жемінің қасына малды семірту үшін құны шарықтап тұрған бидай мен арпаны, күрмекті аласыз. Сайып келгенде, мал шаруашылығынан табатын тиын-тебен ғана болып тұр. Жеке кәсіпкер деген аты ғана. Әрине, бағылған малдың етін ешқандай делдалсыз тұтынушыға тура жеткізген күннің өзінде аз-маз тиын, ал бұл іске делдалдар араласса, кәсібіңіз тұралап, өзіңізді таппай қаласыз. Бұдан соң етті арзан сату қисынға келмейді, базарда 2500 теңге болып тұрған жылқының етін өндіруші ретінде тұтынушыға 2100 теңгеден жеткізіп отырмыз. Одан артық қандай жеңілдік керек?! Жем мен шөптің бағасы қадамдап қымбаттаса, ет бағасы елілеп қана көтерілді», – дейді жеке кәсіпкер Махаббат Сабырқызы.
Ауылдық жердегі әрбір кәсіпкердің мұңы – осы. Айта кетейік, қазіргі таңда «ауыл-ауылдан бизнес жоба табыңдар, халықтан сұраңдар, өндіріс керек» деп, «Байқоңыр» ӘКК жауапты «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыруды қолға алған. Ауыл әкімдігіндегілер мұрнынан шаншылып жоба іздеп жатыр. Бірақ, ауылда ашатын өндіріс нарықта өзінің орнын таба алмайды. Өйткені, монша ашып қызмет көрсетейін десе, ауылдардағы үш үйдің біреуінде өз отбасына арнап салған шағын моншасы бар. Наубайхана ашайын десе, әркім өз үйінен нан пісіріп отыр. Сондықтан, «Ауыл аманаты» деп ауылдағы кәсіпті жандандыру керек шығар. Өйткені, ауылдағы негізгі табыс көзі – мал және егін шаруашылығы, сосын бір-бірден мектеп, амбулатория, әкімдік, мәдениет үйі.
«Ауыл аманаты» деп аталғанына қуандық. Ауылдықтардың жағдайын көтеріп, әлеуетін арттырады екен деп. Әдепкіде солай сезіндік. Құжат тапсыруға барғанда мал шаруашылығын соңғы бағытқа қойыпты. Айналайындар-ау, қазақ тарихындағы қолдан аштық жасау жүйесіндегі төрт түлігімізді қырған жоқ па? Қазіргі мал басын есептегенде, сол кезеңдегі шыццғынның орнын әлі толтыра алмай келеміз. Ал ауылға арнап, «Ауыл аманаты» деп атын қойған екен, онда ауылдағы ағайынның кәсібімен санассын. Малдан басқа не қалды ауылда айналысатын? Дәл бұлай жалғаса берсе, «Ауыл аманатын» «қой терісін жамылған қасқырға» теңемеске лаж жоқ», – дейді есімін жасырған облыс тұрғыны.
Айтпақшы, субсидия мәселесіне келгенде әңгіме бөлек. Аймаққа қарасты елді мекен тұрғындары субсидия алып көрген емес. Өйткені, бұл талапқа жағдайын енді жасап, кәсібін бастап келе жатқан кәсіпкер 5-6 мал басымен жауап бере алмайды екен. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі субсидияның талабын былай сипаттап берді:
«Мемлекет тарапынан берілетін қолдау мал шаруашылығымен айналысқысы келетін кез-келген шаруашылыққа төленеді. Субсидия төлеу ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бекіткен бұйрығының (бұдан әрі-Қағида) талаптарын сақтай отырып, шаруа қожалықтарға және ауыл шаруашылығы кооперативтеріне төленеді.Мемлекеттік қолдаудың басты мақсаты мал шаруашылығы өнімділігін және өнім сапасын арттыру. Себебі, зоотехникалық талапқа сәйкес селекциялық және асылдандыру жұмыстарына бір аталыққа аналық мал саны 13 бастан кем емес және 25 бастан аспау қажет. Сондықтан 5-10 бас малы бар жеке тұлғалармен бірігіп кооператив құрылса, мемлекет тарапынан субсидия төленеді.Атап айтқанда, асыл тұқымды МІҚ сатып алса әр басына 150 000 теңге, селекциялық және асылдандыру жұмыстарына асыл тұқымды аналықтың әр басына 4 000 теңге, тауарлы аналықтың әр басына 2500 теңге, бордақылау алаңдарына өткізілген бұқашықтардың әр келісінде 200 теңге төленеді. Бұдан бөлек, мал басын көбейтуге ниетті кез-келген жеке тұлға «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 2,5 пайызбен несие алуға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, субсидия төлеу жұмыстары субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесі (СМАЖ) арқылы ашық әрі әділ жүргізіледі».
Өмірінде бір дастарқан басында ас ішіп көрмеген үшеуді кооперативке біріктіргенде ұтарымыз не?! Бұл жерде жеке кәсіпкерлердің үшеуі де өз алдына тіршілік етеді. Бірақ қағазбастылыққа бірге кіріседі. Жеке барып, несие алғаннан айырмашылығы жоқ. Үш адам бірігіп, кооператив ашады да үшеуі де мал шаруашылығымен айналысады. Бұл жерде кооператив ұғымын түсініп отырған ешкім жоқ. Егер де біреуі мал бордақыласа, екіншісі оның жем-шөбін дайындау керек, ал үшіншісі бағылған малдың етін өткізу керек немесе еттен түрлі өнім шығару керек. Міне, осы жерде кооперативтің мәні бар. Бірақ, бізде бәрі қағазда көрсетілген әлемнен аспайтын тәрізді…

Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!