Мал шаруашылығын дамытудағы тежеуші фактор – жем-шөп базасының жеткіліксіздігі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Талдау көрсеткендей, мал шаруашылығын жедел дамыту мен оның өнімділігін арттырудың басты тежеуші факторы – жемшөп базасының жеткіліксіздігі. Қабылданып жатқан іс-шараларға қарамастан, бүгінгі таңда ірі азықпен қамтамасыз ету 80 пайызды, шырынды азықпен 40 пайызды, құнарлы азықпен қамтамасыз ету 50 пайызды құрайды. Дегенмен, тұрақты даму үшін мал шаруашылығын толық қамтамасыз етумен қатар, азықтың сақтандыру қоры да болуға тиіс екені баршаға мәлім. Бұдан басқа, жайылымдық жерлердің өнімділігін жақсарту, оларды қарқынды пайдалану бойынша проблемалар бар», – деді министр.

Оның айтуынша, мал азығы базасының проблемасын шешу мақсатында өткен жылы министрлік жем-шөп өндірісін дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған жол картасын әзірледі.

«Алайда, жергілікті жерлерде онда көрсетілген іс-шараларды іске асыру бойынша әлі де жүйелі жұмыс жоқ, мал шаруашылығын жем-шөп базасын есепке алмай дамыту процесі жалғасуда. Бұдан басқа, мал шаруашылығын мемлекеттік қолдаудағы қазіргі қиғаштықтар, атап айтқанда, шаруашылықтарға мал бордақылау алаңдары мен ет өңдеу кәсіпорындарына ет контингентін жеткізу бойынша міндеттемелер мен мотивацияның болмауы, субсидиялаудың жоғары сыбайлас жемқорлық сипатқа ие селекциялық-асыл тұқымдық жұмысқа шамадан тыс шоғырлануы, мал бордақылау алаңдары мен ет өңдеу кәсіпорындарының жартылай жүктелуіне алып келді», – деді Ербол Қарашөкеев.

Министрдің айтуынша, соның нәтижесінде жоғары технологиялық өнеркәсіптік бордақылау мен мал союдың орнына қосымша құн мен мал шаруашылығынан түсетін салық түсімдерінің тиісті шығындарымен, жергілікті жерлердегі эпизоотиялық ахуалдың нашарлауымен аулалық бордақылау және сою өркендей бастаған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!