Мемлекеттік сатып алу саласына қоғамдық бақылау жүргізу барысында бірнеше заңбұзушылық анықталып, нәтижесінде 40 хаттама толтырылды. Сонымен қатар 12 қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы «Ел намысы» арнайы мониторингілік тобының мүшесі Дидар Смағұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің қоғамдық ұйым жұмысын бастағалы елімізде 13,5 мыңнан астам азаматтың қатысуымен 500-ден астам кездесу өтті. Оның ішінде 615 азаматтың мәселесі жеке қаралды. Әр азаматтың өтініші мен мәселесіне тиісті кеңес беріліп, құзырлы органдарға хат жолданды. Кейбір жайттар сол жерде шешімін тауып жатты. Қазір қолымызда бар мәліметке сәйкес, шенеуніктерге қатысты 145 әкімшілік жауапқа тарту хаттамасы толтырылды. Салынған жалпы айыппұл көлемі 40 млн теңгеден асады. Заңбұзушылыққа келсек, жауапқа тартылған шенеуніктер немесе мемлекеттік қызметкерлердің жартысы негізгі жұмысынан бөлек, кәсіпкерлікпен айналысқан», – деді Дидар Смағұлов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Мониторингілік топ мүшесінің мәліметінше, қоғамдық бақылау барысында мемлекеттік сатып алу саласында да заңбұзушылықтар анықталды.

«Жоғарыда аталған 145 хаттаманың 40-ы — мемлекеттік сатып алуға қатысты. Нәтижесінде 16 млрд теңгеден астам сомаға мемлекеттік сатып алу бағасын қолдан өсіру жайты анықталып, 12 қылмыстық іс қозғалды. Мысалы, Ақтөбе қаласындағы спорт мектебі директорының орынбасары негізгі жұмысынан бөлек жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік сатып алумен айналысқан. Сөйтіп, басқа спорттық мектептерге қызметін ұсынып келген. Нәтижесінде айыптының заңсыз табысы тәркіленіп, оған 428 мың теңге айыппұл салынды. Сонымен қоса аталған азамат мемлекеттік сатып алумен қатар, жеткізуші рөлін де атқарған», – дейді ол.

Бұған дейін теміртаулық тергеушінің қылмыстық істі тоқтату үшін күдіктіден ақша алғаны туралы хабарлаған едік.

Айта кетейік, биыл жыл басында елімізде «Ел намысы» атты арнайы мониторингілік топ құрылды.

Аталған қоғамдық ұйымның мақсаты – Президент тапсырмаларының орындалу барысын бақылау.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!