Еліміздің Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микрокредиттік ұйымдардан несие алған азаматтардың қарызын кешіру жолдарын анықтап берді, деп хабарлайды Экспресс К.
2021 жылы қазақстандықтардың несиелік ұйымдардан алған қарыздарын қайтаруы қиындаған уақытта мәселені сотқа дейін шешуді заңдастыратын қаулы қабылданған болатын.
Содан кейін аталған агенттік шағын қаржы ұйымдарынан азаматтардың қайтарылуы қиын несиелерінің ауқымын азайтуға немесе қарызды толығымен кешіруге қатысты жоспарларын талап еткен.
«2022 жылдың соңына дейін азаматтардың қарыздарын кешіру мәселесі бойынша өз жоспарын ұсынған 30 шағын қаржылық ұйым өздеріне берешегі бар 567 мың адамның несиесін кешіру бойынша шаралар қабылдайды.
Оның ішінде 432 несие алушының жалпы құны 33,1 миллиард теңге болатын қарызын өтеу шарттарын қайта қарастыру, 107 мың азаматтың 800 миллион теңге шамасындағы кепілдіксіз алған несиесін қайта есептеп шығару және 28 мың азаматтың жалпы сомасы 600 миллион теңге болатын қарызын толық кешіру секілді шаралар бар», — делінген агенттік таратқан мәлімдемеде.
Қаржы нарығын реттеу агенттігі қайтарылуы қиын несиені өтеу шарттарын қайта қарастыру нормативтік құқықтық актілерде бекітілгенін ескертеді.
«Қазіргі таңда қарыз көлемін азайту несие алушының өтініші арқылы жүзеге асырылады. Шарттарды қайта қарастыру несие берген шағын қаржылық ұйымның құзырында. Аталмыш ұйымдардың мамандары қарызы бар азаматтың қаржылық мүмкіндігін, әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс деңгейін сараптағаннан кейін тиісті шешім қабылданады.
Қарыз жартылай немесе толық кешірілген жағдайда шағын қаржы ұйымдары үшін халықаралық қаржы есептеу стандарттарына сәйкес келген шығынның орнын толтыратын провизия жасалады. Сонымен қатар, қарызды өтеу шарттарының өзгертілгені немесе толықтай кешірілгені туралы мәлімет несие тарихында көрсетілетінін ұмытпаған жөн», — дейді мамандар.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!