Мойнында проблемалық борышы бар қазақстандықтардың 96 пайызы соттан тыс банкроттық санатына жатқызылуы мүмкін. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң Мәжіліс қарауына жіберілген. Құжаттың бастапқы тұжырымдамасы бойынша, біз үш тәсілін дайындадық. Бірінші тәсіл – соттан тыс банкроттық рәсімі. Ол үшін азаматтың банктердің, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлардың алдындағы берешегі 12 айдан артық өтелмеген болуы керек. Бұл жерде борыштың мөлшері 4,9 млн теңгеден аспауы қажет, яғни 1600 айлық есептік көрсеткіштен артық болмауы керек», – деді вице-министр.

Соттан тыс банкроттық рәсімдеушілердің әлеуметтік жағдайы да ескеріледі.

«Екінші бір талап – ресми кірісі жоқ болуы керек немесе табысы жеке басы мен асырауындағы адамдардың санына шаққанда ең төменгі күнкөріс мөлшерінен, яғни 36 018 теңгеден аспауы шарт. Бұл жағдайда борышкерлердің мүлкі болмауы керек және қарыздар бойынша банктен есеп айырысу рәсімін жүргізу қажет. Соттан тыс банкроттық тек банктердің, микроқажылық ұйымдар мен коллекторлық агенттіктердің алдында борышы бар адамдарға ғана қолданылуы мүмкін. Қазіргі таңда проблемалық қарызы бар адамдардың 96 пайызы осы санатқа түсуі мүмкін. Себебі, көбі кепілсіз кредит алған, яғни тұтыну несиесі дейміз ғой, соған ұшыраған азаматтар қазіргі таңда бұл процедура арқылы өтуі мүмкін», – деді Ержан Біржанов.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!