Осыдан бес жыл бұрын мемлекет теңгені тұрақты ұстап тұру мүмкін емес, енді еркіне жібердік деп ресми жариялаған тамыздан соң сол уақытта бір долларға шаққанда 198 теңге тұратын доллар 325 теңгеге бір-ақ шарықтағанда тура ағылшын әніндегідей қалың қазақ «теңге, теңге, теңгелеп» қалғандай болды-ау сірә. Тіпті текшелеп жинап қойған теңгесі жоқ адамдар да біртүрлі боп қалды. Әйтеуір бұл халыққа қатты әсер еткен жағдай болды. Ең көп талқыланған тақырып та осы болды. Артық теңгесі жоқтардың жанына батқаны екі бүйірден қысқан қымбатшылық еді. Үйдегі көңіл-күйді доллармен бірге көтерілген базардағы нарық бұзды. Ақшасын доллармен жинағандардың мұртын балта шапқан жоқ. Бір-біріне қарыз берген ағайынның ішінде долларлай берешектердің өкпесі қысылды, жүрегі нашарлады.

Өткен күннен бір езутартар: есігінің алдында шемішке сатып тұратын көрші әжей әдеттегі стаканына сұрайтын 30 теңгені 70 теңгеге бір-ақ көтерді.– Апа, мұныңыз қалай? Неге қымбат? – деп сұраймыз өткен-кеткен.– Балам, доллар қымбаттады ғой.Әжейдің уәжі еріксіз езу тартқызғанмен шындығы да осы еді.Нарынқолдың картобының бағасына АҚШ долларының қатысы қанша деп Н.Назарбаевтың теледидардан айтатыны да осы кез ғой.Осы 2015 жылы Тұңғыш Президенттің пәрменімен Үкімет пен Ұлттық банк Қазақстан экономикасын долларсыздану жоспарын бекітті. Онда ең алдымен нормативтік-құқықтық базаға, төлемдер туралы, валюталық реттеу туралы заңдарға өзгертулер енгізетін болды. Банкаралық айырбас пункттерінің қызметі қатаңдатылып, валюталық заңнама реттеледі деп мәлімделді. Ұлттық банк квазимемлекеттік сектор компанияларымен бірлесіп, депозиттердің қандай да бір валютадағы мақсаттылығы туралы мәселе қарайтын болған. Нәтижесі әжептәуір байқалды да, қарапайым ғана мысал, бұрын нарықтағы үйлердің бағасын тек қана доллармен айтатын ағайынның аузынан мынанша миллион теңге тұрады деген сөздерді естідік. Теңге десе, сонда қанша доллар тұрады деп, бұрынғы әдетпен қайтадан ойша доллармен есептей бастайтын дағдымыздан қазір бірте-бірте арылдық, тіпті ұмыттық десек болады. Тек анда-санда шетелге саяхат, т.б. туралы ойлай бастағанда бір миллион теңгенің бар-жоғы екі-ақ мың доллар тұратынын ойлағанда жүрек тұсың шым ете қалатыны болмаса…Сол жылы-ақ Ұлттық Банктің төрағасы Қайрат Келімбетов қызметінен кеткенмен кетеуі кеткен дүниенің беті бері қарай ма, бүгінде теңгенің долларға шаққандағы бағамы 428-дің о жақ бұ жағында. Ақырында бір доллар 500 теңгеге әзір бармайды деп бір бірін жұбатқан жұрт ол күнге де жақындағанын аңдамай да қалды-ау. Бірақ бұған жаппай халықтық деңгейде қандай да бір мән беру, мәселе туындату саябырсыды. Елдің ойын бекіте түскендей, Қазақстанда банктегі депозитін теңгемен толтырушылардың үлесі артып келеді деп ара-тұра позитивті ақпарат жариялап тұратын болды Ұлттық банктің төрағасы.Расында да кейде аңғал адам ойлайды ғой, осы мұхиттың арғы жағындағы АҚШ долларының Қазақтың теңгесіне не қатысы бар деп. Бұл туралы біз ғана емес, басқа да жұрттар да ойланып, бас қатырып көрген. АҚШ әкімшілігінен қысым көрген мемлекеттер (әсіресе Түркия) доллардан түбегейлі бас тарту керек деген амбицияны ұстанғанымен, қандай да бір елде шетелдік инвесторларды бір ғана валютаға байлап қою – бұл сол елден инвесторды кетіріп тынады деген уәжге тоқтайды экономистердің көбісі. Сондықтан әлемдік экономиканың бір бөлшегі ретінде я теңге, я доллар деген түбегейлі таңдау қоюдың өзі ақылға сыймайды. Ұлттық валютаны нығайту үшін импортты шектеп, экспорт көлемін ұлғайту жеткілікті дейді мамандар.Отыз жылда теңгенің доллар, юан, рубль, т.б. бағамының қайсыбірін айтсақ та, құны артқан жоқ. Теңге айналымға енген 1993 жылдардан бері қарайғы бағамға назар аударсақ бір ғана долларға қатынасы 4,7, 54, 84, 138, 156, 120, 123, 150, 185, 189, 198, 255, 282, 325…428 деп кете береді. Теңгенің бұдан әрі қаншалықты құлдырайтынын уақыттың еншісіне қалдырайық. Бір анығы, осы инфляцияның әсері қарапайым халыққа қосымша салық сияқты, нарық бағасының өсу қарқыны ақшалай табыстың өсуінен әлдеқайда жоғары болғандықтан табысы шектеулі әлеуметтік топтар үшін ақшаның жетіспеушілігінен өмір сүру қиынға соға береді.Жалпы батыс сарапшыларының пайымдауынша, әлемдік қаржы нарығына төнген қауіп, яғни, қаржы нарығындағы ставка күшейген сайын дамушы мемлекеттердің валютасына қысым түсе береді. Бұл бейнелеп айтқанда, бай күшенген сайын кедейдің халі мүшкіл тартатын жағдайға көбірек ұқсайды.Теңгенің Құны туралы сөз болғанда, осы кезге дейін жүз құбылған әлпетін айту артық та шығар. Әйткенмен құмға сіңген судай өмірімізден біржола өшкен тиындарды ойлап қоямыз. Бұрын болып еді деп. Мәселен, қанттың бағасы 180 теңге 20 тиын дегендей (қарапайым сатып алушы ретінде дүкеннен осындай жазуды көрсем деп армандаймын). Кезінде экономикалық реттеуде теңгемен қоса тиын болу керек деп экономист сарапшылар дабыл қаққанымен, қазір мұндайды ешкім айтпайды. Шаршаған шығар. Тіпті тиын мүлдем болмағандай әсер қалдырады. Біз енді бір теңгенің өзі тиыннан құралады деп айта алмаймыз немесе 1 теңгеде 100 тиын бар демейміз. Өйткені тиын жоқ. Есесіне темір ақша тиынның баламасы болып қалды.Қазір ел ішінде 500 теңгеліктер “тиын” болып (темір ақша) шығады деген желсөз өріп жүр, соған қарағанда тиын болмағанмен, бірыңғай “тиын” санап жүретін күннің ауылы алыс емес сияқты. Қайырлы болсын.

Айжан ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!