Қазақстандағы кедейлікпен күресу мәселесі туралы Үкімет сағатында Мәжіліс депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Жәмилә Нұрманбетова айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Біз әлі де кедейлікті жеңе алмай келеміз. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Қазақстан азаматтарының 15%-ы кедей санатына кіреді. Ресми статистика халықтың 5,1%-ы күнкөріс деңгейінен төмен табыспен өмір сүретінін көрсетеді», – деді Жәмилә Нұрманбетова.
Бүгінгі таңда өз жағдайын «қиын» деп санайтын отбасылар үлесі шамамен 15%-ды құрайды.
«Кедейлік шегіндегі азаматтарды әлеуметтік қолдау шараларының бірі – атаулы әлеуметтік көмек. Өкінішке қарай, Әлеуметтік кодекс жобасында көрсетілген ұсыныс аса өзгере қоймаған. Соңғы жылдары көптеген ел кедейлік деңгейін анықтауда кедейлікті өлшеудің көпөлшемді модельдерін қолдануға тырысып жатыр. Демек азаматтардың денсаулық сақтау, білім беру қызметтеріне қолжетімділігі, жеке тұрғын үйі және тұрақты табысы қаралады. Сондықтан министрлікке кедейлікті өлшеудің көпөлшемді моделін ескеріп, атаулы әлеуметтік көмекті жетілдіруді жалғастыру қажет деп санаймыз», – деді Жәмилә Нұрманбетова.
Депутаттың айтуынша, мұқтаж әрбір отбасы тиісті мемлекеттік органдардың назарында болуы керек. Бұл әр отбасымен жеке жұмыс істеуді талап етеді. Ал цифрлық карта бойынша қазірдің өзінде 1,2 миллион отбасы бар.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!