Қазақстанда кредиті бар және несиесін бір жыл бойы төлемей жүргендердің қарызы кешірілуі мүмкін. Бұл жеке тұлғаның банкроттығы туралы заң жобасында көрсетілген мүмкіндік. Құжат жақында депутаттар талқысына ұсынылады, – деп хабарлайды Taulik.kz «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап. 

Телеарна мәліметінше, проблемалық қарызы бар қазақстандықтардың 96 пайызы кепілсіз несие алғандар. Демек, олардың дені банкроттық туралы заңның игілігін көре алады. Қарыз жойылуы үшін өтелмеген сома 5 миллион теңгеге дейін болуы керек. Сондай-ақ, соттан тыс банкроттық рәсімін табысы күнкөріс деңгейіне жетпейтін азаматтар пайдалана алады.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов борышкердің мүлкі болмауы керегін ескертті. Кіріс пен мүліктің бар-жоқтығы электронды үкімет порталы арқылы айқындалады. Демек, мүліктің есебін жүргізетін барлық уәкілетті мемлекеттік орган деректер базасын біріктіреді. Осыдан кейін банктер есеп айырысу шоттары бойынша ақша қозғалысын жүзеге асырады. Соттан тыс банкроттыққа банк, микро қаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолданылуы мүмкін. Өтініш бойынша шешімді жарты жыл күтуге тура келеді. 

«Мысалы, ендігі жылы заңнама жұмыс істесе, 2023 жылы ол банкрот болып табылатын болса, келесі процедураға ол 7 жыл өткеннен кейін жүгінуге мүмкіндігі бар. Банкроттықтан кейін үш жыл ішінде қаржылық жағдайына мониторинг жүргізіледі. Мұндай тәжірибе басқа Еуропа елдерінде де жүргізіліп отырады. Себебі әдейілеп жасалған банкроттық процедурасын тексеру үшін сондай тәсіл қолданылады», – дейді қаржы вице-министрі Ержан Біржанов. 

Taulik.kz

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!