Сарапшылар бірауыздан «Қанды қаңтар» оқиғасын қымбатшылықпен бірге, халықтың несиеге әбден батып қалғандығынан көреді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселені шешу үшін «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заңды дайындауды тапсырған еді. Қаржы министрлігі оны қолға алғанымен, қазір ол «Жеке тұлғалардың төлем қабілетін қалпына келтіру» деп аталып, алғашқы бағытынан ауытқып кетті. Халықтың несиеге батуының бір себебі пайыздың жоғарылығы екені анық. Қазіргі максималды 56% мөлшерлеме қаншалықты орынды? Осы мәселені экономист Марат Әбдірахмановтан сұрап көрдік.
– Банктер мен ШНҰ-на несие сыйақысын 56%-ға дейін көтеруге рұқсат берілген. Бұл қаншалықты дұрыс? Бізде несие пайызы қанша болуы керек?
– Ең басты маңызды мәселе – заң. Азаматтық кодексте ең жоғары мөлшерлеменің алдымен есептелетіні, содан кейін бекітілетіні жазылған. Яғни, әуелі жалпы экономиканың табысы есептелуі керек. Ал біздің тәжірибеде ол құр бекітілген. Ешқандай есеп жоқ. Олай бекіте салуға болмайды. Бұл экономиканың әдісі. Егер сіз 100 теңге тапсаңыз, содан артық жұмсамауыңыз керек. Егер шығыныңыз одан асып кетсе, онда банкрот боласыз.
Біздің экономикада жалпы табыс коэффиценті былтыр 2%, ал жалпы 20 жыл ішінде 12% болды. Сондықтан несие беретін ең жоғары мөлшерлеме де 12%-дан аспауы керек. Бұл қарапайым логика. Мөлшерлеме табыстан артық болса, азаматтарымыз, мекемелеріміз, жалпы экономика банкрот болады. Біз қазір дәл осы жағдайды көріп отырмыз.
Елімізде ресми түрде 3 млн-нан астам адам банкрот болып тұр. Ал мекемелерге келсек, осы 20 жылдың ішінде 2 млн-дай мекеменің банкрот болғанын таптық. Осыларды ескере келгенде, бізде ең жоғары мөлшерлеме 12%-дан аспауы тиіс. Ал қазіргі саясатымызды жалғастыра берсек, ол мемлекетімізді түбі банкроттыққа апарады. Оны кез келген экономист біледі. Бірақ, біздің Үкіметте нағыз экономистер жоқ сияқты. Өйткені, қысқамерзімді және ұзақмерзімді болжау бар.
Егер осы статистикаларға қарасақ, банкроттықтың басы 2020 жылға келіп тұр. Одан бері экономикада тек косметикалық өзгеріс қана көріп тұрмыз. Өйткені, биліктегілер банкроттықты анық байқап отыр. Бірақ, соны мойындамайды. «Қанды қаңтардың» себебі де сол. Қазір ауылдарда нанның бағасы 200 теңгеге дейін барды. Бірақ ондай табыс жоқ қой бізде. Жұртта табыс болмаса, мұндай нанды қайдан алсын?!
– Несиеде 56% тым артық, оны 12%-ға түсіру керек дейміз. Сонда банктер лобби жасап отыр ма?
– Мен осы мәселе бойынша жалпы құжаттарды жинап алып, сотқа бердім. Қазір үйімде жатыр соның бәрі. Қаржы нарығы қауымдастығының хаты тұр. Ішінде ешқандай есеп жоқ, «біз солай ойлаймыз» деп қана жазған. Сосын, өкілетті мекеменің тапсырмасында да «есептеу керек емес» деп жазылған. Менде ол құжаттар тұр. Яғни, бізде заң орындалмайды. Негізі мәселені тек заң арқылы шешуге болады. Сонау 2003 жылы Марченконың кезінде Азаматтық кодекстен алып тастаған баптардың бәрін орнына қайтаруымыз керек. Оның ішінде тиімсіз келісімшарт туралы бап бар еді.
– Кімді не үшін сотқа бердіңіз?
– Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігін 2019 жылы сотқа бердім. Алғашқы отырысы 2020 жылы өтті. Сонда олар еш құжат таппады. Сосын Бостандық аудандық соты 29-бөлім негізінде 56%-ды заңды деп, құрғақ сөздермен шешім шығарды. Одан кейін қалалық сотқа бердім. Өйткені, нақты жауабы болмады, ал құр сөз жауапқа жарамайды. Олар да бос сөзбен еш дәлелсіз заңды деп шешім шығарды. Менде құқық туралы заң, Азаматтық Кодекс қолымда тұр. Бірақ олар заңды пысқырмаған соң амалым жоқ. Агенттіктен дені дұрыс жауап болмаған соң, ақыры Жоғарғы сотқа бердім. Олар да нақты жауапсыз қалдырды. Бүкіл құжатты көріп тұрып, есебі жоқ екенін, барлық әкімшілік шаралар бұзылғанын көріп тұрып, «сіздікі дұрыс емес» деп, құжаттарымды қайтарып берді.
– Сонда еш нәтиже шығара алмадыңыз ба?
– Былтыр тамыз айында несие мөлшерлемесін 26%-ға дейін түсірді. Статистикаға сүйенсек, дәл сол қараша айынан бастап елімізде бизнес өкілдерінің алған несиесі көбейе бастаған. Бірақ одан басқа еш прогресс жоқ. Тұтынушылық несие сол күйі қалып қойды. Ақылға қонымды мөлшерлеме 12% десек, олар заңсыз 56% ұстап тұр.
– Банктерге 56%-ға дейін көтеруге мүмкіндік берілгенімен, іс жүзінде қанша пайыз қояды?
– Біздің халықтың 92%-ында мойнында бұрын несие болған немесе әлі де бар. Солардың ішінде 40%-ы ғана қарызын төлеп жүр. Қалғаны мөлшерлеменің жоғарылығынан банкрот болды.
Бір қарапайым мысал айтайын. Мысалы, бидай өндіру табысының коэффиценті 8%. Оны өңдеу және ұнға айналдыру тағы да 20%. Және осы ауыл шаруашылығы табыс коэффиценті 2%. Егер кәсіпкер 26%-бен несие алса, 8% ғана тапса, ол банкрот болады. Сол үшін несие алмайды. Өйткені, оған тиімді мөлшерлеме – 4%. Бірақ осы мәселе біздің экономикалық саясатта қарастырылмаған. Мұны монетарлық стагфляция дейді .
Банктер іс жүзінде қазіргі орта мөлшерлемесі 38%-ды қолданады. Ал шағын несие ұйымдарында 56%-дан асады. Агенттік оларға сондай рұқсат беретін қаулы шығарған.
– Осынша табыс қайда деп ойлайсыз?
– Ең басты мәселе де осы. Банктердің артық табысының бәрі шетелдік инвесторларға кетеді. Солардың ішінде оффшорларда орналасқан көптеген компания бар. Яғни, сот орындаушыларымен қарапайым жұрттан қинап тартып алынған ақша осылай шетелге шығарылады.
– Қанша қаржы кетіп жатыр сонда?
– Ұлттық банк 2020 жылы «Банк секторын сауықтыру» деген өтірік бағдарламамен екінші деңгейлі банктерге көмек ретінде 946 млрд теңге ақша аударды. Елге емес, азаматтарға емес, банктерге! Бұл ұрлық па, қорлық па, қалай атарымызды білмейміз.
– Банк секторын сауықтыру деген желеумен талай рет ақша аударылды ғой…
– Біздің мемлекет 2007 жылдан бері банк секторына менің есебім бойынша, 24 млрд доллардай сыйлады. Ал біздің азаматтарға заңсыз салық төлетіп келді.
– Қаржы министрлігі қазір «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң жобасын жасап жатыр. Таныстыңыз ба?
– Оқыдым. Мүлде дұрыс емес. Оның орнына «Несие реабилитациясы туралы» заң жобасын дайындауымыз керек. Осы күнге дейін ел-жұртымыз төлеп келген артық пайыздар банктердің шетелге шығарған ақшасы есебінен қайтарылуы керек. Ол ақша елге қайтарылса, ешкім де ешқашан банкротқа ұшырамайды. Өз-өзін өлтіру, ұрып-соғу, тағы басқа да қиянат болмас еді. Президент, Үкімет, Парламент осы мәселені қолға алу керек. Мән бергісі келмесе, өздері білсін, онда бұрынғыша несиеге батқандар өз-өзіне қол сала береді.
Ұлы француз төңкерісі неден басталды? Дәл осындай заң жобасы себеп болды. Сол бізде де қайталанып отыр. Біздің билік сонша ақымақ болғаны ма, түсінбеймін. Жұрт митингіге шықса, оларды заң бұздыңдар деп ұрып-соғады. Ал Үкімет Азаматтық кодексті бұзса, оларға сот жоқ.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!