Газетіміздің алдыңғы санында «Тұрғын үй кезегінің азаймауының себебі мен салдары» деген мақала жарияланған. Осы мақалада айтылғандай, бүгінде халықты баспанамен қамтуда оңтайлы шешімдер қабылданды. Мәселен, «Нұрлы жер» бағдарламасына біршама өзгеріс енді. Бұл жаңалыққа көпшілік қуанбауы мүмкін. Бірақ тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін қолайлы болады.

Осы уақытқа дейін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үй кезегіндегілер бастапқы 10 пайыздық жарнамен «Шаңырақ» бағдарламасына қатыса алатын. Бүгінге дейін бағдарлама тұрғын үй кезегінің жылжуына септігін тигізді. Содан болар Үкімет «Нұрлы жер» бағдарламасында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға балдық жүйе арқылы емес, кезекке тұрған уақытына қарай пәтер таңдау мүмкіндігін беруде. Аталған екі бағдарлама шартында бастапқы жарна 10-20 пайыз салу арқылы 5 пайызбен ипотека беріледі. Жан басына шаққандағы табыс 126000 теңгеден аспау қажет. Бағдарламаға қатысушылар табыс көзін растай алмаса немесе табыс шегінен асып кеткендер тұрғын үйді толықтай сатып алуына болатын. Енді жаңа талапқа сай мұндай жеңілдік қарастырылмайды.

– Бағдарламаға енген өзгерістерді құптаймын. Халық арасын­да тұрғын үй кезегіндегілер тегін үй алуы керек деген түсінік қалыптасқан. Бізге де Үкіметке масыл болмай, одан қалды кезекті 10 жылдап күткенше, шама-шарқымызға қарай баспана алуға әркеттенуге мүмкіндік береді. «Шаңырақ» бағдарламасына қатысушылар саны көп. Конкурсқа қатысқанның өзінде бесінші қабаттың өзінен үй бұйырмайтын. Енді билік «Нұрлы жер» бағдарламасымен баспаналы болуға жол ашты. Жақын күндері қоныс той тойлаймыз деген үміттеміз, – дейді қала тұрғыны Дәулет Қаржаубайұлы.

– Түрлі салада жұмыс істейтіндер үшін «Нұрлы жер» бағ­дар­ламасы өте тиімді. Шарттары да қолайлы болатын. Мына өзгерісті естіп, енді қалай баспаналы боламыз деп уайымдап жүрміз. Осы уақытқа дейін балдық жүйе арқылы конкурсқа түсетінбіз. Қажетті балмен қаржыны жинаймын дегенше, бағдарлама шартына өзгеріс еніп кетті. Ал тұрғын үй кезегіне тұратындай ешқандай топқа жатпаймын. «Отбасы» банк салымшыларына «Өз үйім» бағдарламасынан бөлек бағдарлама жасауы қажет. Себебі, үйдің бастапқы 50 пайызын жинақтаймыз дегенше, тұрғын үй бағасы да шарықтай береді емес пе?! Жалпы бұл өзгеріс халықтың басым бөлігіне тиімсіз. Одан қалды «Баспана хит» бағдарламасы да тоқтап қалды, – дейді қала тұрғыны Дастан Қадыров.

Рас, «Баспана хит» бағдарламасын енді мемлекет қаржылан­дыр­майды. Берілген лимит аяқталуға жақын. Тіпті кейбір екінші деңгейлі банктер ипотека беруді тоқтатты. Ал келесі жылы «7-20-25» бағдарламсының қаржысы да аяқталады деп болжанған. Енді тұрғындар қандай бағдарламамен баспаналы болады деген сұраққа жауап іздеп әлек.

– «Баспана хит», «7-20-25» бағдарламасын Ұлттық банк тоқтатамыз деп мәлімдеме жасады. Бұл өте орынды шешім. Екінші деңгейлі банктер арқылы халықты баспанамен қамту Ұлттық банктың міндетіне жатпайды. Себебі, Ұлттық банк теңге құнының артуына, инфлияция деңгейін төмендетуге күш салады. Осы міндеттемелерді сәтті жүзеге асырса, нарықтағы баға шарықтауының алдын алар еді. Қазір ел арасында аталған екі бағдарлама аясында «лимит біткен жоқ, үлгеріп қалыңыздар» деген хабар айтылып жүр. Бұлда нарықтағы сұранысты арттырып, бағаның шарықтауына әкелуде. Сондықтан қандай да бір бағдарламаға өзгеріс енсе, жасырын болуы қажет. «Нұрлы жер» бағдарламасына енген өзгеріс те нағыз мұқтаж азаматтардың баспаналы болуына жағдай жасау мақсатында енгізілген, – дейді экономист сарапшы Мақсат Халық.

– Тұрғын үй кезегіндегілерге жеңілдетілген несие беруде «Ба­қыт­ты отбасы» бағдарламасы жылына бір рет өтініш қабылдайды. Биыл бағдарламаға қатысуға 37 592 өтінім түскен. Өтініш санының көптігіне байланысты бағдарламаға қатысушылардың Қазақстан бойынша лимиті 5 000 өтінімнен 7500-ге ұлғайды. Әрбір қалада кезекке тұрған адам санына байланысты бөлек лимит қалыптастырылған. “Мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырған отбасылар” санаты бойынша 4117 өтінім, “Көп балалы отбасылар” 2682 өтінім, “Толық емес отбасы” 700 өтінім қабылданған. Енді бағдарламаға қатысуға мүмкіндік алғандар 1 айдың ішінде төлем қабілетін растап, 6 ай көлемінде өзіне ұнайтын баспана таңдауы қажет.

Ипотекалық бағдарламаларға енген өзгерістер негізінде нарық­тағы тұрғын үйдің бағасын түсіруге бағатталған бастама сияқты. Себебі, осы уақытқа дейін халық үй құнының жарты сомасын немесе толық жинап қана баспаналы болатын. Елдегі ипотекалық бағдарламаның артуының нәтижесінде екінші нарықтағы үйдің бағасын шарықтады. Енді Үкімет бағдарламаға өзгерістер енгізіп, бағаны бақылауда ұстауға тырысуда.

Айгүл ӘЛІШЕРОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!