Елімізде орман алқабы аз екені белгілі. Бүгінде орман қорына жататын жердің жалпы көлемі отыз миллион гектарды құрайды. Ең көп орманды алқаптың бірі аймағымызда орналасқанын баса айтқан жөн, себебі алқаптың көп бөлігінде сексеуіл өседі. Енді орман алқабын ұлғайтып, елді ауқымды көлемде көгалдандыру үшін үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі 5 жыл ішінде 2 млрд ағаш отырғызуға қатысты шаралар қабылдауда.
Осы бағытта атқарылатын жұмыстарды Үкімет отырысында баяндаған Министрлік облыс әкімдіктерімен бірлесіп, аймақтар бойынша ағаш отырғызу көлемін анықтаған. Енді Арал теңізінің тұзды табанына да көгалдандыру жұмыстары жүргізілетінін мәлімдеген Мағзұм Мырзағалиев басқа да маңызды шараларды атап өтті: «Елдің орман алқабын ұлғайтуда тиімді нәтижеге қол жеткізу үшін кешенді шаралар қабылданып, әкімдіктермен, мемлекеттік органдармен жұмыс алгоритмі жасалды. Мәселен, әкімдіктердің табиғат қорғау және орман қорғау мекемелерінің күшімен 464 мың гектар аумақта 1,1 млрд ағаш отырғызылатын болады. Көбі Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында жоспарланып отыр. Бұл ретте аталған мөлшердің негізгі үлесі сексеуіл егу арқылы жүзеге асады. Оның ішінде Арал теңізінің құрғап қалған бөлігінде де осы жұмыстар атқарылады» дейді министр.
Енді заңсыз ағаш кескендердің де жазасы күшейтілетін болды.Себебі соңғы уақытта елді мекендерде ағаш пен бұталарды заңсыз кесу, жою, зақымдау фактісі жиі орын алған. Сол үшін министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп тәртіп бұзушылықтың алдын-алуды көздеуде. Осы бағытта Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Жасыл екпелерді күтіп-ұстау мен қорғаудың үлгілік қағидаларына толықтыру енгізген. Енді осы қағидаға сәйкес бұрын болмаған нормалар қабылданады. Айталық, Қазақстанның Қызыл кітабына енген ағаштарды заңсыз кесу, жою, зақымдау кезінде отыз есе мөлшерде компенсациялық ағаш отырғызу, сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларға тиесілі нысандардың іргелес аумағындағы жасыл желекті екпелерді жойғаны үшін он есе мөлшерде ағаш отырғызу міндеттеледі.
Сондай-ақ елімізде ағаш кескендерге салынатын айыппұл көлемі 5 есеге артты. Енді табиғи қорықтардағы жасыл желекке залал келтіргендер қатаң жазаланды. Мұндай шешім Сенат қабылдаған Экологиялық кодексте анық көрсетілген. Егер ағаш кесу фактісімен тіркелсе жеке тұлғалар – 150, шағын кәсіпкерлер – 450, ірі кәсіпорындар 1500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді, яғни 4 млн теңгеден астам айыппұл салынады. Ал ағаштарды зақымдауда мемлекетке келген шығын көлемі осы сомадан асып кетсе, заң бойынша қылмыстық жаза қаралған.
Министрдің айтуынша, мұндай кешенді шаралар 2030 жылға қарай еліміздегі орман аумағын 5%-ға ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!