Қазақстандық тәуелсіз аудиторлар «Аудиторлық қызмет туралы» ҚР Заңына енгізілген түзетулерге алаңдаушылық танытып, аудиторлық қызмет бойынша кәсіби кеңестің құрылуына қарсылық білдіріп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен жылы 6 шілдеде «Аудиторлық қызмет туралы» ҚР Заңына енгізілген түзетулер күшіне енді. Түзетулердің негізгі идеясы — Қазақстанда аудиторлық қызмет бойынша кәсіби кеңес құру. Тәуелсіз аудиторлардың мәлімдеуінше, заңға енгізілген өзгерістерден кейін еліміздегі аудиторлық ұйымдардың 76%-ы өз қызметін тоқтату қаупі бар.

«Аудиторлық қызмет туралы заңға енгізілген түзетуде бәсекелестік орта құру және аудит саласындағы кәсіби бірлестіктердің қатысуы қарастырылмаған. Осыдан келіп алдын ала бағалау бойынша аудиторлық ұйымдардың 76%-ы өз қызметін тоқтатуына тура келіп отыр. Ал қалған аудиторлық ұйымдар «алым» төлеуге міндеттеледі. Нәтижесінде аудитті жүргізуге рұқсат алудан бастап, оны жүргізуге дейінге кезең толық мемлекеттің бақылауында болады», – деді «Аудиторлар алқасы» кәсіби аудиторлық ұйымының басқарма төрағасы Данияр Нұрсейітов ZOOM платформасында өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, тәуелсіз сала мамандары аталған кәсіби кеңестің функцияларын ескере отырып, аудиторлық ұйымдарға қатысты бақылау және реттеу функцияларының жалпы саны 18-ден 30-ға дейін артатынын жеткізді. Шараны ұйымдастырушылар ұсынған мәліметке сейкес, бүгінде Қазақстанда 484 аудиторлық ұйым және 1869 аудитор бар.


Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/otandyk-tauelsiz-auditorlar-kasibi-kenestin-kuryluyna-karsy_a3917101

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!