«Жолаушылар тасымалы» АҚ желтоқсаннан бастап электронды жеке куәлікпен вагонға отырғызу жобасын жүзеге асырып жатыр. Бұл – жолаушының вагонға отырғандығы фактісін тіркейтін, жолаушының мәртебесін тексерудің баламалы нұсқасы, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ол үшін жолаушы Мобильді азаматтар базасында тіркелуі және ұялы телефонында eGov mobile электрондық үкімет қосымшасы болуы тиіс. Вагонға отырғызу кезінде жолсерік «Жолсеріктің мобильдік терминалы» арқылы Е-жеке куәлікті сканерлеу арқылы жолаушының мәртебесін тексереді. Жолаушының ұялы құрылғысындағы eGov mobile қосымшасынан QR-кодын сәтті айқындағаннан және ЖМТ мәртебесі мақұлданғаннан кейін жолаушының вагонға кіруіне және билетте көрсетілген өз орнына барып жайғасуына болады.
Аталған жоба Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А. Маминнің, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма Төрағасы А.Есімовтың және Қазақстан Республикасы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б. Мусиннің қатысуымен өткен Digital Samruk 2020 конференциясында көрсетілді.
– Біздің мақсатымыз – цифрландыруды шешу арқылы әрбір қазақстандықтың өмірін барынша жеңілдету және жақсарту. Біздің әрбіріміз бір рет болса да құжатымызды үйімізде ұмытып жатамыз. Бұрын пойызға отыру кезінде жеке куәлігік керек еді, ал қазір өзінде смартфон мен қолжетімді Egov қосымшасы болса жеткілікті, – деді цифрлық даму министрі Бағдат Мусин.
Е-жеке куәлігін пайдалану кезінде жолаушылар нені білуі тиіс: – Е-жеке куәлігінде мына мәліметтер болады: фото, ТАЖ, туған жері мен даталары, құжаттың жарамдылық мерзімі, ЖСН.
– Е-жеке куәлік тек Қазақстан Республикасы аумағында ғана жұмыс істейді. Халықаралық және шекарамаңы маршруттарына отыру кезінде Е-жеке куәлік қабылданбайды.
– Е-жеке куәліктің жарамдылық мерзімі – тура қағаздағыдай. Егер қағаздағының мерзімі аяқталса, онда цифрлықтың да мерзімі бітеді. Сондықтан вагонға отырғызу кезінде түсінбеушіліктер туындамауы үшін өз құжатыңыздың жарамдылық мерзімін тексеріп алғаныңыз жөн.
– Е-жеке куәлікте бірегей QR-коды орналастырылған, сканерлеп оның түпнұсқалығын тексеруге болады. Жеке мәліметтерді қорғау мақсатында үшінші тұлғалардың QR-кодқа кіруіне уақыт бойынша шектеу қойылған.
– Е-жеке куәлік Қазақстан Республикасы азаматының түпнұсқалық жеке куәлігін толық алмастыра алмайды. Сондықтан да жолаушы жүрген жолында өзімен құжаттың түпнұсқасын ала жүргені дұрыс.
– Бұл ретте билетті қайтару кезінде жолаушының жеке куәлігінің түпнұсқасын ұсыну сұралады.
– Егер сіздің телефоныңыздың қуаты бітіп қалса, интернет-трафигіңізбітсе немесе ұялы телефоныңыз желіге қосылмай қалса, Е-жеке куәлік қолжетімсіз болатындығын қаперде ұстаған жөн.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!