Болашаққа инвестиция жинауда депозит ‒ ең сенімді көмекші. Себебі, қаржыны үйде сақтағаннан банкте сақтаған тиімді. Оның үстіне банк қосатын пайыздардан ақшаңыздың үстіне пайда табасыз. Яғни депозит – ақшаны сақтауға арналған ыңғайлы қор. Депозит сөзі латынша depositum «ақшалай кепіл» және «сақтауға арналған зат» деген мағынаны білдіреді. Біздің ата-бабаларымыз сандыққа ақша сақтап, орамалға түйіп жүргенде, Еуропада бұл қызметке екінің бірі жүгінген. Себебі, депозиттің тарихы Ежелгі Элла дәуірінде қалыптасқан.
Бүгінде екінші деңгейлі банктердің барлығында депозиттың болуы заңдылық. Себебі, банк сіздің қаржыңызды сақтау арқылы өзін де, салымшыны да пайдаға кенелтеді. Біздің елде депозиттың екі түрі ұсынылады. Біріншісі, жылдық, екіншісі, айлық табыс. Яғни жылдық депозитте қаржыңызды 1 немесе 2 жылға салып, оны кез келген уақытта ала алмайсыз. Егер алатын жағдай болғанда пайыздық үстеме төлеуге мәжбүр боласыз. Ал айлық депозит «Әмбебап» деп аталады. Аты айтып тұрғандай, бұл депозитте қаржы 15 күн сақталса болды, ақшаны шешіп аларда ешқандай жүктеме көрсетілмейді. Кез келген уақытта ақшаны толықтыруға және алуға болады. Осынысымен қолайлы болғанымен банк тарапынан берілетін сыйақысы жылдық депозитке қарағанда төмен болады.
Жеке куәлікпен депозитті ашу да, жабу да оңай. Бірақ банкпен жасалатын келісім шартты мұқият оқып шыққан жөн. Сондай-ақ келісім шартты мерзімінен бұрын бұзған жағдайда қанша айыппұл төлейсіз, ақшаны шешіп алғанда комиссия қанша болады? Осының барлығын алдын ала анықтау керек.
Халықтың әлі де банк саласына сенімі толық қалыптаспаған. Бұл ‒ заңдылық. Себебі, елімізде жылына 2-3 банк банкротқа ұшырайды. Сол себепті ақшаны рейтингі жоғары банктерге салған абзал. Мысалы, «Халық» банк. Мұнда банктың сыйақысы өзге екінші деңгейлі банктермен салыстырғанда төмен болғанымен кепілдік мөлшері жоғары. Яғни өзге банк банкротқа ұшыраса, 10 депозиттегі 10 миллион теңгеңізді ғана қайтарады. Ал «Халық» банкінде 15 миллионға дейін кепілдік қарастырылған. Салымшылардың қаржысын кепілдендіруде елімізде депозиттерге кепілдік беру қоры бар. Бұл дегеніміз ‒ елімізде сіздің қаржыңыздың қанша екеніне, жеке тұлға болсаңыз, не болмаса жеке кәсіп арқылы ашылған барлық депозит түріне мемлекет кепілдік береді деген сөз. Тіпті банктегі қазіргі шотыңызбен бұрынғы шотыңызға да кепіл бола алады. Бұл туралы «Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру» туралы заңында қарастырылған. Егер бұл туралы толығырақ білгіңіз келсе, www.kdif.kz сайтынан біле аласыз. Банк таратылып, сот шешім шығарған күннен кейін 14 күннің ішінде Қор республикалық Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы төлем жасайтын агентті атап, төлемдердің басталғаны туралы хабарлама береді. Содан кейін 10 миллион теңгеге дейінгі кепілдік ақшаңызды ала аласыз. Егер банк банкрот болған жағдайда Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры депозитке салған ақшаңызды өсімсіз қайтарып береді. Алайда ол 10 млн теңгеден асып кетпеуі керек. Тағы бір айта кететіні, сіз өз депозитіңізді сақтандыру үшін депозиттерге сақтандыру қорымен келісім шарт жасасуға міндетті емессіз, салымшының салымы жөніндегі келісім шартқа қол қою жетіп жатыр. Депозитке қаржыны доллар, еуро сияқты шетелдік валюталарда салуға болады. Бірақ ай сайынғы пайыздық өсімі аз болады. Егер ұлттық валютаның девальвацияға ұшырауынан қорықсаңыз, шетелдік валюта сіз үшін тиімді. Ал ондай қорқынышыңыз болмаса, теңгемен депозит ашу арқылы жақсы табыс табуға болады. Себебі, теңгемен салатындар үшін банктер жоғары пайыз ұсынады. Мысалы, биылғы девальвациядан кейін қазақстандық банктер теңге депозиті үшін 15 пайыз, шетелдік валюта үшін 2 пайыз өсім жасады.
Ұлттық Банк мәліметіне сүйенсек, 2021 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша салым мөлшері 14,8 трлн теңгеден асқан. Ал 2016 жылдың маусым айында бұл көрсеткіш 10,7 трлн теңге болатын. Осылайша бес жыл ішінде бұл сома 38,3 пайызға немесе 4,1 трлн теңгеге артты. Жеке тұлғалардың салымдары 9,9 трлн теңге (+57,1%), ал заңды тұлғалардың салымдары 4,9 трлн теңге (+11,3%) болды. Өңірлер бойынша ең көп қаражат мөлшері Алматы қаласында 6 трлн теңге және Нұр-Сұлтан банктерінде 3,2 трлн теңге жинақталды. Одан әрі Қарағанды облысы – 731,5 млрд теңге, ШҚО – 655 млрд теңгеден астам, Қостанай облысы – 520,5 млрд теңге, Павлодар облысы – 511,3 млрд теңге, Атырау облысы – 490 млрд теңгеден астам және Ақтөбе облысында 476 млрд теңге сақталған. Депозиттердегі ең аз ақша Қызылорда облысында – 159,4 млрд теңге және Түркістан облысында – 58,5 млрд теңге.
Салған ақшаңыз аз уақытта табыс түсірсін десеңіз, пайыздық өсімі жоғары депозит таңдау керек. Қазіргі таңда теңге үшін ең жоғары өсім – жылына 15,2 пайыз. «Халық банк» пен «Банк Хоум кредитте» қарапайым депозит бар. Ал 15 пайыздық өсімді: Сбербанк «Көбейт», «Басқар» депозиті мен «Еуразия» банкі TURBO депозитін ұсынады. 14,9 пайыздық өсіммен AsiaCreditBank «Мультивалюталы үздік таңдау», Qazaq bank «Нағыз», Altyn Bank «Алтын қор», Delta bank «Дельта», Bank RBK «Depositum», Forte Bank «Депозит» т.б. банктерде бар.
Қазақстандық банктердің депозиттері мен олардың жылдық өсімі туралы қазақстандық қаржы порталынан білуге болады. Бұл жерде қазақстандық банктердің депозиттері мен әр валютаның жылдық өсімі туралы барлық мәлімет көрсетілген. Банктердің депозиттегі жылдық өсімі бірдей болғанымен, ақша сақтау шарттары әртүрлі.
– Депозит банктің негізгі ресурсын құрайды. Яғни екінші деңгейлі банктер халықтан депозиттерді тарту арқылы қор калыптастырып, оны өз кезегінде экономиканы каржыландыруға, қор нарығында, инвестициялық бағытта жұмсайды. Казіргі кезде елімізде депозиттің жылдық мөлшерлемесі 9 пайыз шамасында. Бұл салыстырмалы түрде басқа дамыған елдерге карағанда үлкен болып көрінуі мүмкін, алайда егер инфляция деңгейімен салыстырып қарайтын болсақ, керісінше төмен. Яғни депозиттің жылдық проценті көп болғанымен, егер сол елдегі ақша құнын тез жоғалтатын болса, пайдасы аз болады деген сөз. Қазіргі кезде әлемдік тәжірибеде банктер негізінен осы депозиттер есебінен өзінің негізгі қорларын түзеді деп айтуға болады. Ал біздің елде жағдай өзгеше, бізде банктің негізгі қаражаты құрылымында акционерлердің салымы, немесе мемлекеттік қолдау арқылы түсетін қаражат салыстырмалы түрде көп. Яғни депозит сақтау мәдениеті әлі қалыптаспаған және банктерге деген сенім төмен екенін байқауға болады, – дейді экономист сарапшы Оразбек Мырзақұл.
Депозитте ақша қалай өсетініне тоқталсақ. Мысалы, сіз 10 пайыздық өсімі бар депозитке 500 мың теңге салатын болдыңыз. Демек, 500 мың теңгені 10 пайызға көбейтіп, 12 айға бөлеміз. Шыққан сома сіздің ақшаңызға ай сайын қосылатын «сыйақы».
– Депозит ақша сақтаудың ең тиімді тәсілі. Өйткені біздің елде жыл сайын инфляциядан ақша, тауар құны өсуде. Мәселен, өткен жылы инфляция 7,5 пайыз болса, қазір 8,4 пайыз. Азық-түлік инфляциясы 11 пайыздың үстінде шарықтады. Мұндай жағдайдың барлығы біздің жинақтарымыздың да құнсызданып жатқанын көрсетеді. Егер де сіз қаражатты үйде, сейфте ұстасаңыз, онда тіпті сіздің қаражатыңыз құнсыздануда. Өткен жылы 100 мың теңгеге сатып алған тауарыңызды биыл сол бағаға ала алмайсыз. Осындай кезде депозиттің көмегіне жүгінуге болады. Қазір депозиттегі қаржыға 10 пайыз сыйақы берсе, елдегі инфляция деңгейі 8,5 пайыз. Байқағаныңыздай, сіздің қаржыңыз көбейіп жатпағанымен өз құнын сақтауда. Біздің елде дамыған елдермен салыстырғанда пайыздық үстеме жоғары. Тіпті кей мемлекетте банкте ақша сақтағаныңыз үшін сыйақы бермек түгіл қайта қызмет құнын төлейсіз. Сондықтан елдегі депозит қызметін тиімді пайдалануға кеңес беремін. Бірақ қай банктың депозитіне сақтау керек деген сұрақ туындайды. Біздегі банктер әлемдік деңгейдегі дәрежеде емес. Салыстырмалы түрде орташа. Швейцария, Еуропа, Американың мықты банктері бар. Олар рейтингтік агенттіктердің дәрежесінде «ААА» деген көрсеткішпен жоғары бағаланады. Осыдан-ақ банктың қаншалықты сенімді екенін аңғаруға болады. Әлемдік инвесторлар, миллиардерлер сол банктерде ақшасын сақтайды. Біздің елдегі банктер «ВВB» деңгейінде. Осы жерде мән беретін дүние әр банкке жеке-жеке рейтинг беріледі. Ал рейтинг беретін әлемдік 3 ұйым бар. Олар банкты бағалап, ВВВ+, ВВВ тұрақты, ВВВ-негативті деп бағалайды. ВВВ-негативті банк қатарында өткен жылы Тенгри банк болған. Ұзамай банк жабылды. Соңғы 3-4 жылдықты қарасақ, біздегі банк саны азайып бара жатқанын байқайсыз. 5 жыл бұрын 30-дан астам банк болса, қазір 23 банк бар. Демек ақшаңызды ВВВ-негативты бағалау көрсеткіші бар банкке салудан сақтанған жөн. Елімізде 5 ірі банк бар. Оларды жүйе құраушы банктер деп атайды. Сол банктерге сенім білдіруге болады. Сонда да депозитте 10 млн теңгеден, доллармен 5 млн теңгеден астам қаражат сақтамаған абзал. Сондай-ақ бар қаражатты бір ұяшықта сақтамай, өзге де ұяшықтарға бөліп сақтау тиімді, – дейді экономист сарапшы Мақсат Халық.
Сарапшылардың айтуынша, сіздің қаржылық болашағыңыз қанша ақша табатыныңызға емес, табыстан қанша ақша қалатынына байланысты. Сондықтан қаржыгерлер ай сайынғы табысыңыздың 10 пайызын болса да, депозитке салып отыруға кеңес береді. Шет елдерде бала туыла салысымен оның атына депозит ашып, ақша жинауды бастап кетеді. Осының арқасында бала кәмелет жасқа толғанша есеп шотында қомақты қаражат болады. Бұл қаржыны баланың біліміне, үй алуына немесе басқа да қажеттіліктеріне жұмсайды. Біздің елдегідей несиеге білім алып, той жасап, ипотека рәсімдемейді. Керісінше, болашақ ұрпағына қаржы жинап, бала өскенде тұлғалық дамуына күш салады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!