Еліміздің 5 өңірінде 261,7 мың гектар егістік алқабы киік тұяғының астында қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегінше, еліміздің 5 өңірінің, атап айтқанда Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ақтөбе, Ақмола және Қостанай облыстарының ауыл шаруашылығы кәсіпорындары киіктен зардап шекті.

Мәселен, Батыс Қазақстан облысы шаруа қожалықтарының 1 029,9 мың гектар жайылымын, 34,7 мың гектар шабындығын, 6,7 мың гектар егістік, 7,1 мың гектар қарақұмық, 12,5 мың гектар майлы дақылдар алқабын киік бүлдірген.

Қарағанды облысында 23,2 мың гектар егістік, 1,2 мың гектар қарақұмық, 5,1 мың гектар дәнді дақылдар алқабы жарамсыз болып қалды.

Киік тұяғы астында жарамсыз болып қалған ең үлкен алқап Ақмола облысында – 141,9 мың гектар.

Сондай-ақ осы өңір 0,9 мың гектар алқаптағы қарақұмық өнімінен қағылып отыр.

Ақтөбе облысы да биыл біраз өнімнен қағылғалы отыр.

Өңірде 40,3 мың гектар егістік, 1,1 мың гектар қарақұмық, 9,4 мың гектар мақсары, 1,5 мың гектар жүгері, 5,4 мың гектар майлы дақылдар алқабы жарасыз.

Ал Қостанай облысының шаруалары 49,6 мың гектар егістік, 2,3 мың гектар қарақұмық, 8,3 мың гектар мақсары, 0,2 мың гектар сұлы, 0,3 гектар зығыр, 0,4 гектар еркекшөп алқабынан өнім ала алмайды.

Сонымен қатар өңірде 20,5 мың гектар жайылым жер бүлінген.


 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!