Адамды адам еткен еңбек екені бағзыдан белгілі. Ерінбегеннің бәрі еткен еңбегіне қарай аз болсын, көп болсын ақша табады. Иә, ақшаны бәрі таба алады. Абайша айтсақ, «адам боп ақша табудың» амалы көп. Дегенмен «адамды құстай ұшырып, мал істейтін жұмыстыот пен суға түсірген, отынсыз тамақ пісіріп, сусыздан сусын ішірген» заманда ақшаны көп тапқан емес, дұрыс жұмсай алатын – қаржылық сауаттылығы жоғары адамдардың ғана көші ілгерілемек. Ақшаны үнемдеген дұрыс па? Неден, қалай үнемдеу керек? Қаржыны қалай жинаймыз? Бүгінгі ізденісіміз осы сұрақтар төңірегінде өрбиді.

Қаржылық сауаттылық – қаржы саласындағы сенімді құралдарды өмірлік тәжірибеде қалай сәтті пайдалануға болатынын түсінуге мүмкіндік беретін кәсіби білім мен маңызды машықтың жиынтығы. Соның нәтижесінде материалдық жағынан орташа деңгейдегі адам табысын жинау, бюджетті сауатты жоспарлау мен тұрақты шығындарды рационалды жарата білудің құпиясын үйренеді.

Қаржылық білімге тоқталсақ, жалпы кез келген адамға қолжетімді қарапайым ережелер легі мынадай: отбасылық бюджетті бақылап отыру, қаржылық қызметтерді сауатты пайдалану. Екіншісіне банктік карта пайдалану, салымдар бойынша табысты есептеу, несие бойынша борышкерлік жүктелімді есептеу, ақшалай аударымдарды жіберу, коммуналдық қызметтерді төлеу кіреді. Мұның бәрі – күнделіктің тұрмыстың бір бөлігі.

Dauletten.kz қаржылық-танымдық порталының мәліметіне сүйенсек, қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізуде бұлжымайтын бес ереже бар:

  • Ең алдымен әрқашан тапқан табысыңыздан азырақ жұмсаңыз;
  • Қымбаттап жатқан заттарды уақытында сатып алуға тырысыңыз;
  • Арзандап жатқанды мүмкіндігінше сатып алмаңыз;
  • Өзіңізді дәл қазіргі кезде маңызды саналатын негізгі қажеттіліктермен қамтамасыз етіңіз;
  • Заттың бағасын ғана емес, оны ұстауға кететін шығынды да ескеріңіз.

Аталған ережелерге зер сала қарасақ, алдымен тұрғын үй мәселесін шешіп алған жөн. Өйткені жеке меншікте жылжымайтын мүліктің болуы – басты қажеттілік. Жыл сайын қымбаттай түсетіндіктен пәтер немесе үй сатып алу тәуекелді қажет ететін, маңызды процесс екенін мойындау керек. Әйтсе де ештеңеге қарамастан тұрғын үйді ең бірінші орынға қою қажет.

Ескертеміз, үй алған кезде де болашақта бағасы қымбаттайтынын таңдаған дұрыс. Жақсы жерде орналасқаны, соңғы талаптарға сай жөндеуден өткені маңызды. Басқа жаққа көшу керек болғанда немесе өмірде күтпеген жерден орын алатын жағдай туындағанда тез арада, қымбат бағаға сатуға болатындай етіп тұрақты жөндеуден өткізген жөн.

Қымбат автокөлік немесе саяхатқа шығу үшін қаржыны тұрғын үй, жоғары білім, денсаулық сияқты негізгі қажеттіліктер өтелген соң ғана жұмсаған орынды болмақ. Қажеттіліктің бірі ретінде көлік алу жайына келсек, өз құнынан бөлек, оны сатып алған соң жұмсалатын шығындарды да алдын ала кесіп-пішу керек. Өйткені бар жиған-тергеніңізге көлік алып, аз уақыттан кейін оны сақтандыру, қосымша салық, қымбат бөлшектер, қызмет көрсетуі мен аксессуарларын қамтамасыз етуге қажетті қаржы артылмауы да мүмкін. Осы орайда қазақ қоғамында кеңінен таралған кез келген мәселенің, әсіресе, той, көлік алудың оңай шешімі боп табылатын несиені үш жағдайда ғана алуға болатынын ескерген жөн, алдымен тұрғын үйге, қажетті өндіріс құралдарына және емделуге ғана несие алыңыз. Сонымен бірге жаңа несиені тек алдыңғы төлемді толық бітірген соң ғана алған дұрыс.

Ал болашақ жоспарларға немесе маңызды қажеттіліктерге қаржыны қалай жинаймыз? Ең алдымен өзіміз, болашағымыз үшін мақсат қою керек. Ақша жинауды үйрену үшін оның сізге не үшін қажет екенін түсіну керек. «Әйтеуір бір күні болар» деген мақсат жарамайды, мұндай түсінік ақша жинауға көмектеспейді. Тұрмыста шығындарға себеп жеткілікті. Ешқандай шығынды ойламай, өз қалауыңызды нақты бір мақсатқа жинақтаңыз. Мәселен, жаңа көлік, соңғы шыққан сапалы ноутбук. Мақсатымызды анықтаған соң оған арнайы уақыт шектеуін қоямыз. Қажет қаражатты жинайтын уақытты белгілеу керек. Әрине, көрпеге қарай көсіліп, шамаға қарауды ұмытпау маңызды. Қаражат көлемін есептейміз. Мақсатыңыздың бағасы мен уақытын негізге алып, белгілі бір қаражат бөлігін белгілі бір мерзімде, қанша күн, апта, ай жинау керектігін анықтау керек.

Кәсіпкер Әмір Жантасовтың айтуынша, ақша таба алмау қазақ қоғамындағы өзекті мәселенің бірі. «Өкінішке қарай бізде халықтың көпшілігі ақша сақтау немесе жинауды қоя тұрғанда, оны таба да алмайды. Бізді мектеп, университет, тіпті, жұмыста да оған үйретпейді. Сондықтан ақша жинаудан бұрын табыс табуды үйренуден бастаған жөн. Айына кем дегенде 300 мың теңге таба алсақ, оны жинау туралы ойлануға болады.Ал ақша жинау үшін алдымен әдет қалыптастыру керек. Күнделікті қандай да бір соманы жинап отыруға кеңес беремін. 100 теңгемен де бастауға болады, бірақ міндетті түрде күн сайын үзбей салып отыру керек. Осылайша, әдет қалыптасады, екінші жағынан бұл жалақының 10-30 пайызын қалдырғаннан оңайырақ. Содан кейін бұл соманы көтеру керек, мысалы, бұрын 100 теңге болса, енді күніне 1000 теңгеден қалдырып отырыңыз.  Осылайша айына 30 мың жиналады. Бұл аз болып көрінуі мүмкін, бірақ бір жылда сіз қосымша қор жинай аласыз», – дейді ол. Ал осылайша тиыннан құралған ақшаны қашан, қайда жұмсаған жөн?

– Жиналған сомадан қайтадан ақша жасауға болғанда ғана жұмсаған дұрыс. Жаңа көлік немесе смартфонға жұмсаудың керегі жоқ. Одан да көп ақша әкелетін жерге, мысалы, бизнеске инвестициялау керек. Ал ең жақсы инвестиция – өзіңе, біліміңе құйылған ақша. Себебі жаңа біліммен одан да көп табыс табуға мүмкіндік бар, – дейді кәсіпкер.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!