Фото: adb.org

Сенаттың пленарлық отырысында Азия Даму Банкімен қарыз келісімін ратификациялау туралы заң жобасы қабылданды. Бұл келісім республикалық бюджеттің тапшылығын жабу және қаржы тұрақтылығын қамтамасыз етуге жұмсалады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Келісім бойынша қарыз 2038 жылдың 1 желтоқсанына дейін өтелуі тиіс, оның ішінде 2027 жылдың 1 маусымына дейін жеңілдікті кезең қарастырылған. Қарыздың жалпы сомасы 600 млрд теңгені құрайды.

Заңның міндеттері

Қарыздың негізгі борышын және қарыздың жалпы негізгі сомасының пайызын өтеу Келісімге қоса берілген кестеге сәйкес жүзеге асырылатын болады.  

«Азия Даму Банкі Қазақстан Республикасына 2027 жылғы 1 маусымға дейінгі жеңілдікті кезеңді қоса алғанда, 2038 жылғы 1 желтоқсанға дейінгі өтеу мерзімімен 52 335 274 722 йен сомасында қарыз береді. Сыйақы мөлшерлемесі TONA (жапон иенасының базалық мөлшерлемесі) + спрэд-ке тең. Резервтеу үшін комиссия – қарыздың алынбаған қалдығынан жылдық 0,15%», – деп атап өтті Комитет төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов.  

Тартылатын қарызға қызмет көрсетуді және өтеуді Қаржы министрлігі Қарыз туралы келісімде белгіленген қаржылық шарттарға сәйкес кезекті қаржы жылына арналған республикалық бюджетте көзделетін қаражат есебінен жүзеге асыратын болады. 

Күтілетін нәтиже 

Қарыз қаражаты ағымдағы жылға арналған республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыруға мүмкіндік береді. Айта кетейік, 2009 жылы Қазақстан Үкіметінің сұрауы бойынша Азия даму банкі контрциклдік даму шеңберінде фискалдық ынталандыру бағдарламаларын қолдау үшін 500 миллион АҚШ доллары мөлшерінде қарыз берді. 2015 жылы – Қазақстандағы мұнай мен басқа да шикізат тауарларына бағаның кенеттен төмендеуіне бағытталған қарсы шараларды қолдау үшін 1 млрд мөлшерінде контрциклдік қарыз берді. Қазіргі уақытта, Қазақстанға жеңілдетілген қарапайым капитал ресурстарынан беріліп, игерілген қарыз қаражатының жалпы көлемі $5,58 млрд құрайды. 

Айта кетейік, елімізде келесі жылы бюджет тапшылығы төрт триллион теңгеден асып кетуі мүмкін. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында республикалық бюджетке кірістер лайықты деңгейде орындалмай жатқанын айтты. Ол өңір басшыларын артық жиындарды азайтып, қаржыны үнемдеуге шақырды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!