Фото: freepik
Іnbusiness.kz. Осы ақпарат ресми жария болғалы қоғамда «бензин тапшылығы болады, бағасы көтеріледі» деген қауесеттер шықты. Расында да билік елдегі ірі үш мұнай өңдеу зауытының бірін жөндеуге жауып, бензин бағасын өсіруді жоспарлап отыр ма? Әлемнің көптеген елімен салыстырғанда арзанырақ саналатын жанармай құнын қалай бекіткен абзал?
Министрлік мәлімдеме жасап үлгерді
«Зауыт жөнделеді, тапшылық болып, бензин бағасы өседі» дейтін қауесеттің ең алдымен жалған екенін айта кеткен жөн. Еліміздегі үш ірі мұнай зауытына жылына бір рет жоспарлы жөндеу жүргізіліп отыратын әдет бар. Мәселен, биыл наурызда Шымкент мұнай өңдеу зауыты, маусым-шілдеде Павлодар зауыты жөндеуден өтті. «Қазмұнайгаздың» ақпаратына сүйенсек, зауыт тоқтаған кезде реакторлық жабдықтың катализаторларын ауыстыру жоспарланған. Жоспарлы алдын алу жұмыстарына 2 мыңнан астам қызметкер, 70-ке жуық арнайы техника жұмылдырылмақ екен.
Не де болса Энергетика министрлігі бензин тапшылығы мен бағасына байланысты айтылған қауесеттерді жоққа шығарды. Өйткені бір айға жететін жанармай қоры бар. Осы орайда елдегі сұраныс көлеміне келсек, қазір АИ-92 маркалы бензинге жылдық сұраныс 4,5 млн тонна, АИ-95 бензиніне сұраныс – 1 млн тонна. Сонымен қатар ішкі нарыққа 5,6 млн тонна дизель отыны, 960 мың тонна авиаотын қажет. Ал қор жағына қарасақ, ведомство елде 92-ші маркалы бензин бойынша 293 мың тонна (28 күнге жетеді), 95-ші маркалы бензин бойынша 61 мың тонна (23 күн) және 480 мың тонна (28 күн) дизель отыны бар екенін хабарлаған.
Негізі жылдық сұранысты мұнай өңдеу зауыттары әзірге ақтап отырғанға ұқсайды. Жоспар бойынша биыл Атырау зауыты 5,5 млн тонна мұнай өңдеуге тиіс. Павлодардағы зауыт та 5 млн 450 мың тонна мұнай өңдесе, Шымкент зауыты 6 млн тоннаға жуық мұнайды кәдеге жаратуға міндеттелген. Осының арқасында таяуда тапшылық та, бағаның өсуі де болмайды екен. Бекітілген шекті бағаға сай, АИ-92 құны 205 теңгеден, дизель отынының бағасы 295 теңгеден.
Айтпақшы, Қазақстан Ресейден қосымша жанармай алдыртатынын ұмытпаған жөн. Биыл 285 мың тонна жанармай, 450 мың тонна дизель отыны, 300 мың тонна авиаотын жеткізу жоспарланған.
5 жылдан кейін жағдай өзгеруі мүмкін
Қазір жағдай тұрақты болғанымен, алдағы 5-6 жыл көлемінде құбылары даусыз. Мәселен, биыл жазда Энергетика министрлігі Қазақстанда 2030 жылға қарай бензин мен дизель отынының үлкен тапшылығы болуы мүмкін екенін хабарлады. Бензин тапшылығы 1,7 млн тоннаға, дизельдік отын – 2 млн тоннадан 4 млн тоннаға, авиакеросин – 0,4 млн тоннадан 0,6 млн тоннаға жететіні болжанған.
Мұнай өңдеу өнеркәсібін дамытудың 2024-2050 жылдарға арналған тұжырымдамасына көз жүгіртсек, елдегі зауыттардың шамасы әлемдік деңгейдегі мұнай өңдеу зауыттарынан тым төмен. Еуропалық зауыттармен салыстырғанда ысырабы мол.
Сонымен қатар, жоғары білікті инженерлік-техникалық және пайдалану кадрларының тапшылығы бар, мұнай өңдеу және мұнай-химия мәселелерін шешуге қабілетті арнайы ғылыми-зерттеу институты жоқ.
Ең қиыны, бұған дейін Қазақстандағы мұнай қорларының сарқылып келе жатқанын айттық. Яғни, 2030 жылдан бастап кен орындарының сарқылуына байланысты мұнай өңдеу зауыттары үшін шикізат тапшылығы туындайды. Осыны ескеріп, саладағылар зауыттардағы өнімділікті арттыруға тырысып-ақ жатыр. Алайда шикізат тапшы бола бастаса не істейді? Әрине, сала импортқа жүгінеді. Мұндай жағдайда елімізде онсыз да арзан саналатын бензин құнын көтеруге мәжбүр боламыз.
Globalpetrolprice рейтингінде Қазақстан бензин бағасының арзандығы бойынша әлемде 11-орында тұр. Рейтинг АИ-95 маркалы бензин бағасымен жасалған. Елімізде қазір АИ-95 маркалы бензинінің бір литрі 253 (0,53 доллар) теңге. Сондай-ақ ТМД елдеріндегі бензин бағасы бойынша Қазақстан ең арзан мемлекет екенін ескерген абзал. Екінші орында Ресей (0,58 АҚШ доллары), одан кейін Әзербайжанда (0,64 АҚШ доллары) орналасқан.
Алайда бұған қарап дәл қазір бензин бағасын көтеру керек деп шарқ ұруға болмайды. Қазақстан бензин бағасының төмен болуы елдегі үлкен көлемді мұнай өндірісіне байланысты. Экономикасы қара алтын экспортына тәуелді екені онсыз да анық. Бұл бензиннің бағасына тікелей әсер етеді. Орталық Азия аумағында Қазақстандағы бензин бағасы мұнайды онша көп өндірмейтін көрші елдермен салыстырмалы түрде төмен. Мәселен, Өзбекстан немесе Қырғызстанда бензин бағасы өндіріс пен субсидиялаудың әртүрлі динамикасына байланысты қымбатырақ. Алдағы 10 жылда мұнай қорларының сарқылуы іс жүзінде көріне бастаса, баға көтерілері сөзсіз. Ал қоғам оған дайын бола ма? Бұл келешек еншісіндегі сауал.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!