2021 жылдың қорытындысы бойынша «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының таза кірісі 119 млрд теңгеге жеткен. Еліміздегі жолаушылар айналымының 75%-ы аталған компанияға тиесілі. Осы және өзге де ҚТЖ қызметіне қатысты маңызды мәселелер қоғамдық кеңесінің отырысында талқыланды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бүгін «Самұрық-Қазына» АҚ қоғамдық кеңесінің отырысында «Қазақстан темір жолы» компаниясы 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарының орындалуы барысы және өткен жылдың қорытындысы туралы есеп берді. Сонымен қатар шара барысында Қазақстан темір жолы» АҚ-ның қызметіне қатысты сұрақтарға жауап беріліп, компанияның қызметін жетілдіре түсуге қатысты ұсыныстар қабылданды. Аталған отырысқа «Самұрық-Қазына» ұлттық қоры мен ҚТЖ өкілдері, темір жол саласы сарапшылары мен құзырлы органдар басшылары қатысты. 

Айта кетсек, бүгінде еліміздегі жүк айналымының жартысы теміржол арқылы жүзеге асырылады. Ал теміржол көлігіндегі жолаушылар айналымының 75% «Қазақстан темір жолы» АҚ-ға тиесілі.

«Қазақстан темір жолы» – еліміздегі ең ірі көлік логистикалық холдингі. Негізгі қызметі жолаушылар мен жүктерді тасымалдау. Сонымен қатар ҚТЖ – еліміз бойынша ең ірі жұмыс беруші компания. ҚТЖ-ның персоналдық құрамы 109 мың адамды құрайды, оның ішінде 101,4 мыңы өндірістік қызметкер. Сол сияқты аталған компанияның құрылымында 41 кәсіпорын бар», – деді «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының активтерді басқару бойынша басқарушы директоры Ернат Бердіғұлов. 

Бұған қоса ол «Қазақстан темір жолы» компаниясының қазіргі стратегиялық мақсаты – экономикалық-қаржылық жағдайын оңалту екенін сөз етті. 

Шара барысында 2021 жылдың қорытындысы бойынша ҚТЖ-ның таза кірісі 119 млрд теңгеге жеткені айтылды. 

«Біздің компания өткен жылды жақсы көрсеткішпен қорытындылады. 2021 жылдың нәтижесі бойынша жүк айналымы тарифі 233 млрд тонна шақырымды құрады. Бұл тәуелсіздік алған жылдардағы ең жоғары көрсеткіш. ҚТЖ-ның қазіргі корпоративтік деңгейі «BB» дәрежесінде. Жолаушыларды тасымалдау көрсеткіші пандемияға дейінгі деңгейге жеткен жоқ. Оған алдымен пандемия, екіншіден соңғы жылдары республикалық маңызы тасжолдардың деңгейі жақсарғаны әсер етті. Яғни, қазір жолаушылар көліктің басқа түрімен қатынап жатыр. Тағы бір маңызды жайт – өндірістік қызметкерлерді тиісті деңгейдегі еңбекақымен қамту. Өткен жылы жұмысшылар жалақысы 20 пайызға артып, 248 мың теңгені құрады. Биыл тағы 30 пайызға артып, 300 мың теңгеден асып түсті», – деді «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның басқарма төрағасының стратегия және цифрландыру жөніндегі орынбасары Әнуар Ахметжанов.

ҚТЖ өкілінің мәліметінше, жалпы жұмысшылардың жалақысын көтеруге  компания 136 млрд теңге қаржы бөлген. 

«ҚТЖ – еліміздегі жолаушылар мен жүк тасымалдаушы ірі ұйым. Негізінен астық, көмір және құрылыс материалдарын тасымалдайды. Соңғы уақытта отандық өндірушілерден 500 локомотив, 3 мыңнан астам вагон және платформа, 500 тоннаға жуық рельс және тағы басқа темір жол қызметіне қатысты құралдар сатып алынды. Қазақстан темір жолы компаниясы еліміздің транзиттік саясатын сәтті жүзеге асырып жатыр деп айтуға болады. ТМД елдері бойынша біздің компанияның тарифі ең төменгілердің қатарында. Соған қарамастан ҚТЖ-ның барлық бірдей шығындары тарифтің есебінен өтелмейді», – дейді ол.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!