Фото: Shutterstock

2026 жылғы наурызда Қазақстандағы инфляция баяулап, айлық өсім 0,6%-ды құрады. Баға өсімінің қарқыны ақпанмен салыстырғанда төмендеп, азық-түлік, азық-түлікке жатпайтын тауарлар және ақылы қызметтер сегменттерінде де бірдей үрдіс байқалды. Дегенмен жекелеген тауарлар мен қызмет түрлері бойынша баға айтарлықтай құбылып, жылдық инфляция деңгейі әлі де жоғары — 11% шамасында қалып отыр. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлім етті, – деп хабарлайды KAZINFORM.

Ақпанмен салыстырғанда бағаның өсу қарқыны 0,5% тармаққа баяулады. Баға өсімінің баяулауы барлық құрамдас бөліктерде де байқалды: азық- түлік тауарларының бағасы 0,7%, ақылы қызметтер — 0,6%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 0,5% өсті. 

Азық-түлік арасында бір ай ішінде баға қиярға — 22,6%, пиязға — 10,9%, қызанаққа — 2,6%, қырыққабатқа — 1,9%, қарақұмық жармасына — 1,2%, шоколадқа бөккен кәмпиттерге — 0,9% төмендеді. Бұл орайда баға тәтті бұрышқа — 10,7%, бананға — 5,4%, қызылша мен сәбізге — 4,2%-дан, майлылығы 2-3% айранға — 2,3%, балға — 1,8%, қантты печенье мен сиыр бауырына — әрқайсы 1,3%-дан өскен.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар арасында шаңсорғыш бағасы 8,2%, үтік — 7,7%, смартфон — 2,7%, автомобильдер — 2,3%, әйелдер сөмкесі — 2,1% төмендеген. Бағаның өсуі алтын сақина, ас үй пеші — 5,5%, теледидар — 4,1%, сымсыз құлаққаптар — 2,2, корвалол — 1,7%, қолға жағатын крем — 1,4%, цементке — 1,3% байқалды. Қызметтер арасында бассейнге бару (абонемент) бағасы 3,3%, электрик қызметтері — 2,1%, кариесті емдеу — 1,6%, қалааралық автобуста жол жүру — 1,1%, автомектепте оқу курстары 0,8% өскен.

Жылдық инфляция мәні 2026 жылдың наурызында 11% құрады және ақпанмен салыстырғанда 0,7 пайыздық тармаққа баяулады. Азық-түлік тауарларының бағасы 11,7%, азық-түлік емес тауарлар — 11,3%, ақылы қызметтер — 10% өскен. Жылдық мәнде қияр бағасы 40,9%, қызанақ 16,5%, баклажан 14,8%, күріш 5% арзандаған. Керісінше бір жыл ішінде алма 13,5%, сұлы 12,9%, кеспе 12%, қара шай 6,7% қымбаттаған.

2025 жылдың наурызымен салыстырғанда сусабынның бағасы 13,9%, кір сабын — 7,3%, жайма дастархан — 6,5%, тұсқағаз — 3,3%, бөлме өсімдіктері — 3,2% өскен. Қызметтер арасында сәлемдемелерді жеткізу бойынша курьер қызметінің бағасы 14,3%, мерекелерді ұйымдастыру бойынша қызметтер — 10,8%, теледидарды жөндеу — 7%, балаларды дамыту орталықтарының қызметтері — 6,9% қымбаттаған.

— Инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағалары индексінің көрсеткіші ай сайын есептеледі. Бақылаулар қызметтер мен тауарлардың тарифтері мен бағалары — барлығы 537 позиция бойынша жүргізіледі. Инфляция бойынша динамикалық өзгерістерді 2018 жылдан бастап көрсеткіштер қамтылған арнайы әзірленген интерактивті дашбордта көруге болады, — делінген хабарламада.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!