Қазақстандық кейбір экономистер несиесін уақытылы қайтармағандардың кесірінен, банктер пайыздық мөлшерлемені көбейтпесе, түсірмейтінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «31» арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Олардың айтуынша, жаңа жылдан кейін шетелдік қаржы институттары нарыққа келген соң-ақ, «қарызымызды қайта қаржыландырып аламыз» деп үміттенудің қажеті жоқ. Ал қазақстандықтардың қайтара алмай жатқан несие сомасы бүгінде 1 триллион 228 миллиард теңгеден асқан. Жыл басынан 1 желтоқсанға дейін қарызын уақытында төлей алмай жүргендердің берешегі 28 миллиард теңгеге көбейген.

Ұлттық банктің қарашадағы статистикасына сәйкес, кәсібі ақсап қалған ірі бизнесмендердің банк алдындағы берешегі – 279 миллиард теңге , шағын және орта бизнес өкілдерінің қарызы – 547 миллиард теңге.

Пандемияның кесірінен банкрот болуға шақ тұрса да, зардап шеккен секторға жатпайтын бизнес түрлері үкіметтің қолдауына зәру екеннін кәсіпкерлік палатасы арқылы айтып келеді. Палата өкілдері бизнесмендердің базынасын үкіметке жеткізгенімізбен, билік әлі үн қатпағанын айтады.

«Экономиканың ең зардап шеккен кәсіпкерлеріне 6 пайызбен субсидиялау беру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірақ барлық кәсіпкерлер қамтылмай тұр. Енді Атамекен кәсіпкерлер палатасы осы тізімді кеңейту бойынша үкіметке ұсыныс беріп отыр. Бильярд, караоке, ойын-сауық орталықтары мен мектепке дейінгі оқу орталықтары кірмей отыр», – деді Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының Жетісу аудандық филиал директоры Айым Мешелова.

Ал жеке тұлғалар үш айдан бері 420 миллиард теңге қарызын банкке уақытылы қайтармаған. Егер, несиені төлемейтіндердің саны азаймаса, қаржы институттары кредит беру саясатын өзгертіп, пайыздық мөлшерлемесін еселеп жібереді, дейді кейбір экономистер. Сондықтан, олар, үкімет банк пен тұтынушы арасындағы «дағдарысқа қарсы шарасын» қабылдауы қажет деп есептейді.

«Қазіргі статистикаға қарасақ, 3 адамның 1-уі төлемей қалады екен. Тиісінше, банк мына бір қайтара алмаған адамның несиесін қалған уақытылы, сауатты төлеп жүрген адамның несиесінің үстіне үстеме ретінде пайыз қойып жатқан жағдайы бар. Неге Қазақстанда несиелердің пайызы жоғары деген сұрақтың жауабы осы. Банктер соларға жұмсаған тәуекелді басқа азаматтарға, кейін несие алушы азаматтарға беретін кезде қорқып, пайызды ұлғайтатыны да сол», – деді экономист Мақсат Халық.

Ал дүниежүзілік сауда ұйымы аясында шетелдік банктердің жаңа жылдан кейін Қазақстанға ағылуы екі талай екен. Сарапшылардың сөзінше, қаржы институттары өз активтерімен Қазақстанның нарығына келген күннің өзінде де, Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесіне бағынышты болады. Десе де, экономистер банктер арасында бәсекелестіктің болары сөзсіз екенін алға тартады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!