Көшпенді өмір салтын ұстанып, ат үстінен түспеген қазақтар заман көшінен қалмай темір тұлпарды да тізгіндеп келеді. Тіпті, жыл сайын көлік сатып алушылар, тұтынушылар қатары көбеюде. «Акцентсіз» қазақ қазақ емес» деген әзілдің таралып кетуі – көлік таңдау мен сауда нарығында белгілі бір талғамның, мәдениеттің қалыптасып келе жатқанының белгісі.
Қазақтар мінетін топ-5 көлік бренді қандай? Елімізде сұранысқа сай жаңа көлік түрлері қамтамасыз етіліп жүр ме? Көлік құнында өзгеріс бар ма? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.
Көлік сұранысы оның бағасына тікелей байланысты. Сарапшылардың айтуынша, өткен жылдың есебімен қазақстандықтар ең көп алатын бес модельдің қатарына Chevrolet Cobalt, Chevrolet Nexia, Hyundai Accent, Toyota Camry және Hundai Elantra кіреді. Autopeople.ru сайтының статистикасы бойынша, 2021 жылы Қазақстан тұрғындары көбіне оңтүстіккореялық Hyundai брендінің автомобильдерін таңдаған. Ал осы жылдың қаңтар-ақпан айларының қорытындысы бойынша аталған бренд өнімдерінен 4,5 мыңнан астам автомобиль сатылды. Яғни, бір жыл бұрынғы нәтижемен салыстырсақ, сатылым көрсеткіші 2,2 есе өсті.
Ең жиі сатылған автомобильдер бойынша екінші орын Chevrolet брендіне тиесілі. Оның өнімдерін 4 мыңға жуық адам сатып алған. Үшінші орынға 2 мыңға жуық тұтынушының сұранысын қамтамасыз еткен жапондық Toyota компаниясы жайғасқан. Одан кейін ресейлік Lada келеді. Аталмыш брендтің автомобильдері осы жылдың алғашқы екі айында мыңнан астам данамен сатылды. Ал Оңтүстік Кореяның тағы бір өкілі – Kia көшбасшылардың бестігін аяқтайды. Алғашқы екі ай ішінде оның көліктерін 560 адам таңдаған.
Автоблогер Олжас Оқас: «Қазақтардың «камриге» деген махаббаты туралы проза да, поэма да жазуға болатын шығар. Бірақ орынсыз, негізсіз. Себебі камри баяғыдан бері сатылып келе жатыр. Олар өз тұтынушыларына сенім тудыра алды. Нәтижесінде біздің халық «камриді» шынымен де жақсы көріп қалды. Сондықтан компания да өнімдерінің бағасын қымбаттатуға құқылы», – дейді.
Көлік бағасы брендтің танымалдылығы мен тұтынушылар арасында қалыптастыра алған көзқарасқа тікелей байланысты десек артық емес. Себебі автоблогер айтқандай, көліксүйер қауымның сұранысы бар бренд иелері өз өнімдеріне кез келген бағаны қоя алады. Тіпті, жыл сайын, ай сайын шарықтаған көлік құны бірнеше жылдық дағдарыстың есесін қайтара алатыны анық.
Ал әзірге елде көлік бағасы бірнеше еселеп қымбаттайды немесе арзандайды деп болжам жасай алмаймыз. Бағаға қатысты тек бірнеше сценарийді қарастыруға болады. Алымдар мен салықтар азайса, көлік құны шынымен де арзандай түспек. «Бірақ барлығы бірден болмайды. Баға қандай жағдайда арзандайды? Нарықта сұраныстан гөрі ұсыныс көбейген кезде ғана. Мәселен, кішкене жаңа көліктер сайтта, базарда қаптаған кезде ауди 100 ешкімге керек емес болып қалады. Олардың бағасы төмендейді. Бірақ сұмдық қатты арзандап кетеді деуге сену қиын», – дейді автожурналист.
Айта кету керек, көптеген көліктің негізгі бөлшектері елімізге Корея мен Жапониядан келеді. Ол елдерде жұрттың табысы өзіне жетеді, орташа жалақы деңгейі бізбен салыстырғанда өте жоғары. Сондықтан автокөлік қана емес, басқа да техника сатып алуға жағдайы жеткілікті. Пандемия кезінде бұл елдерде автомобильге қарағанда теледидар, «ақылды» тоңазытқыш сынды тұрмыс техникасы көптеп сатылымға шықты. Сондықтан микрочиптер тұрмыс техникасына жұмсалуда. Жапониялықтар үшін автокөлік саласы екінші орынға ығыса түсті, себебі бұл сала олардың қажеттілігіне кірмейді. Яғни, қажеттіліктерге баса назар аударып, ең маңызды өнімдерді өзімізден шығара алғанда ғана техника бойынша да, басқа сала бойынша да жетістікке жетеріміз анық.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!