Қыс келсе, қиындық та килігеді. Ол аздай, су деңгейі, мұз қату, жол жайы секілді мәселелер ел-жұрттың алаңын үдететін анық. Олқылықтың салдарымен емес, себебімен күресудің мәнін түсінген жауапты мекемелер жағдайды бақылауға алуға асығуда. Түрлі деңгейдегі жиындар өтіп, саладағы салмақты мәселелер қозғалып келеді. Аталған тақырыпқа байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысын да осы санатқа жатқызуға болады.

Аймақ басшысының төреғалығымен өткен басқосуда облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Жандос Еркінбек ықтимал су тасқынының алдын алу мәселелері бойынша атқарылуға тиіс жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, өңірде мол суды қауіпсіз өткізу мақсатында қорғаныс бөгеттері мен су шаруашылығы нысандарының ахуалы зерттелуде. Оған қоса жөндеу, күшейту және қалпына келтіру жұмыстары да назарға алыныпты. Аймақ басшысы су деңгейі толысып, мұз қату кезінде қауіпсіздік шараларын сақтап, ең қауіпті деген тұстарды алдын ала анықтауды уақытылы жасауды тапсырды. Бұл ретте қажетті техника мен құрал-жабдықтарды әзірлеуді тиянақты түрде орындау керек екенін алға тартты.
Отырыста қысқы мұз ұстасу кезеңінде су деңгейі көтеріліп, елді мекендерге, инфрақұрылымға су басу қаупі туындауы ықтимал Арал, Қазалы, Қармақшы ауданының әкімдері баяндама жасады. Сондай-ақ, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы мен «Қазсушар» РМК басшылығы қазіргі су тоғандарында қалыптасқан жағдайды жеткізсе, «Қазгидромет» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры алдағы қыс мезгіліндегі ауа райы болжамын сипаттады.
Комиссия отырысында қыс мезгіліндегі жол қауіпсіздігі мәселесі де қаралды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Руслан Қайрақбаев пен «ҚазАвтожол» мекемесінің басшысы Ерұлан Жүнісов баяндама жасады. Аймақ басшысы қысқы уақыттағы төтенше жағдайлардың басым бөлігі автожол бойларында орын алатынын қаперге салып, алдағы уақытта ескерілуі тиіс мәселелерді тізбектеді. Оның ішінде, «Қызылорда-Жезқазған» трассасы бойындағы ұялы байланыстың болмауы, автожол бойындағы қар басу қаупі бар учаскелерді қардан тазалау үшін арнайы техникалар және жылыту бекеттері дайындығы және аймақтағы қалқымалы көпірлердің жағдайы бақылауды қажет етеді. Осыған орай, алдын-ала арнайы техника мен жылыту бекеттерінің дайындығын пысықтап, төтенше жағдайдан зардап шегушілерге көмек көрсету үшін қажетті бұйымдарды әзірлеу тапсырылды. Сондай-ақ, жауапты мекемелерге халықты қауіпсіздік шаралары туралы кеңінен ақпараттандыру бойынша міндет жүктелді.
Басқосуда айтылған мәселенің барлығы алда кезігуі ықтимал олқылық. Сондықтан әрбір маманға жүктелген міндет пен тапсырылған жұмыс мыңдаған адамның өмірі мен мүлкін сақтап, экономикалық шығынның алдын алуға жол ашады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!