Бүгінде өңірде өндіріс саласына баса назар аударылған. Өйткені, аймақ экономикасында маңызды рөл атқаратын мұнай саласындағы қордың азаюы қиындық тудырады. Сондықтан, оның орнын өндіріспен толтыру қажеттігі туындап тұр. Осы бағытта аймақта өндіріс паркін ашу қолға алынды.

«Бізге керегі – өндіріс паркі. Өйткені, көп адам осы салаға келгісі келеді, бірақ отыратын орны жоқ. Ғимаратты жалға аламын дейді. Ол – қиын нәрсе. Енді мынадай ой келді. Үлкен-үлкен қоймалар салып қойып, оны кәдесіне жарата алмай отырғандар көп. Біз осындай нысандарды пайдаға асыруымыз керек. Ішіне жалға ғимарат, орын іздегендерге жеңілдетіп көмектесіп, бір үлкен ангардың ішіне бір өндірістің орындарын даярласақ. Шағын цехқа көп орын керек емес, міне ішін орын-орынға бөліп тастау керек.  Қазір үш жерді белгілеп отырмыз. Бұл қадамға бармасақ, болмайды. Өйткені, жері мен ғимараты жоқ, бірақ талабы мен идеясы бар жоба ұсынушылар көп. Ал кәсіп нарықтың жалдау құнын көтермей тұр. Шеге шығарамын дей ме, сым шығарамын дей ме, жоқ әлдеқолғап тігемін дей ме, міне, орын беріледі, сол кәсіпкермен жеңілдікпен жалдауға келісімге келіп, жұмысын істей береді. Біз осындай парктерді ашып, қажетті цехтардың барлығын бір жерге шоғырландырсақ деп отырмыз. Бұл жұмыстарға республикалық бюджеттей 30 миллион теңгедей қаражат бөлінді. Біз оны қорғау үстіндеміз», – дейді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Қамбарбек Мүбәраков.

Айта кетейік, саланың дамуы мен кәсіпкерлерге зор мүмкіндік сыйлайтын мемлекеттік бағдарламалар, сондай-ақ, өндіріс паркін ашу жөнінде толығырақ газетіміздің алдағы санында журналист Дәулет Қырданның басқарма басшысымен сұқбатынан оқи аласыздар.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!