Қазақстан балық ресурстарына өте бай. Елдің экономикалық дамуында балық шаруашылығы ерекше рөл атқара алады. Әсіресе, тамақ өндірісінде бұл саланың да бәсі жоғары. Соңғы уақытта осыған қатысты үлкен жұмыстар атқарылуда. Үкімет қабылдаған бастамалардың арқасында балық шаруашылығы айтарлықтай дамып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қолда бар мүмкіндіктерді дамыту қажеттігін атап өтіп, осы қараша айына дейін балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламаларын әзірлеп, бекітуді тапсырды.
Біздің облыс та Сырдария өзені мен одан тарайтын көлдер жүйесі және Арал теңізі арқасында балықтың сан түрлі қорына ие болып отыр. Бұл бағытта сыртқа экспорттау жұмысы да жақсы жолға қойылған.
Балық өнеркәсібінің негізгі түрлері – балық аулау, балықты көбейту немесе өсіру және балық өңдеу. Біздің шаруа қожалығының басты мақсаты – балық қорын көбейту. Бұл – облыстың балық шаруашылығын дамыту жоспарына сай өзімізге тиесілі көлдің қауіпсіздігін сақтау деген сөз. Көл қауіпсіздігін сақтай отырып, ондағы балық қорын көбейту арқылы өңірдегі ауыл шаруашылығы саласын дамытуға да үлкен күш саламыз.
Сырдария ауданы, Бесарық ауылына жақын Сасықкөл деп аталатын көлдің жалпы аумағы 70 гектар. Біз оныүш жыл бұрын, облыстық табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы арқылы келісім-шартпен алдық.
Мысалы, көлдегі 5 гектарға дейінгі жерді қамтитын қатты бұталарды шабу, 10 текше метрге дейінгі түбін тереңдету, қыс кезінде 40-тан астам мұз ойықтарын жасап, балықтың жаппай қырылуына жол бермеу, жағалаудағы санитарлық талаптарды ұдай назарда ұстау сияқты жұмыстарды үнемі назарда ұстаймыз. Бұдан бөлек,су қорын қалыпты ұстау, шабақ қорын көбейту, олардың дамуына жағдай жасау, табиғи уылдырық шашу кезінде жайластыру жұмысы да біздің міндетке кіреді. Сондай-ақ жыл сайын күріш егістігінде қалған шабақтарды өзіміз құтқарып, көлге әкеліп салып отырамыз.
Айта кетсек, былтыр егістіктен 12 мыңнан астам шабақ құтқарылса, биыл 13500 шабақ түрі көлге жіберілді. Сазан, дөңмаңдай, жыланбас, күміс түстес мөңке, торта, ақмарқа, қылыш балық, көксерке сияқты балық тұқымдары жылма-жыл көбейіп келеді.
Қожалық жұмысының тағы бір міндеті – көл аумағын браконьерлерден қору. Өйткені, жылдың төрт мезгілінде де балық аулаушылар қытай ауын қолданып, онымен қоймай, токпен ұру арқылы электр құрылғысымен аулап, зиян тигізуі әбден мүмкін.
Айта кету керек, ауыл шаруашылығы саласында көлдер мен өзен жүйелерінің маңызы, ондағы байлық қорын көбейту жұмыстары Сыр бойында да нақты іске асуда.
Бақытгүл ПАЗЫЛОВА,
«Жолдасбек» шаруа
қожалығының төрайымы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!