фото: baq.kz

Қаржы сарапшысы Гүлнұр Нұрланқызы еліміздегі салық саясатына қатысты ойын айтты. Оның ойынша, елімізде салық айтарлықтай көп емес, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бізде салықтың 11 түрі бар. Оны соншалықты көп деп айта алмаймын. Кәсіпкерлер көбіне табыс салығын, әлеуметтік салықты төлейді. Оған қоса әлеуметтік төлемдер бар. Оны әлеуметтік салықпен жиі шатастырып жатады. Ол үшін өзі төлейтін сома. Ол өзі үшін төлейтін зейнетақы қорына, әлеуметтік сақтандыру және медициналық сақтандыру қорына аударым. Мұны әр адам өзінің мүддесі үшін төлейді. Бұл аударым азамат зейнетке шыққанда алатын зейнетақысы, декретке шыққанда алатын ақшасы, емханаға қаралу мүмкіндігі, – деді сарапшы.

Гүлнұр Нұрланқызының айтуынша, бұл төлемдер адамдардың өзіне арналған, яғни ол мемлекеттік бюджетке түспейтін ақша. 

Табыс салығы мен әлеуметтік салық мемлекеттік бюджетке түседі. Қазір табыс салығына тікелей кәсібіңізді жүргізіп отырған ауылды көрсетіп жазуға болады. Сол кезде сіздің салығыңыздың бір бөлігі ауылыңыздың бюджетіне түседі. Ол арқылы жолдар жөнделіп, мектептер салынады, дәрігерлер мен мұғалімдерге жалақы төленеді. Сондай-ақ жәрдемақылар беріледі. Оның бәрі салықтан түскен ақшадан алынады. Сол себепті салық төленуі керек. Салық төлеу мәдениеті қалыптастуы керек, – дейді ол.

Салықтан жалтармай, керісінше кәсіпкерлер борыш ретінде қабылдауы қажет.

Сарапшының айтуынша, бухгалтерлік салада айыппұлдар бар. Ол кәсіпкердің заң бұзғанына сай есептеледі. Салық саласында бірінші рет заң бұзылса, ескерту беріледі. Екінші рет тағы қайталанса, айыппұл салына бастайды. Мысалы, салық есептілігін кешіктірсеңіз, бірінші рет кешіріледі, екінші рет бір жылдың ішінде қайталанса, онда айыппұл төлейсіз.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!