Ойым сан-саққа сенделді, ойлай-ойлай теңгемді… Экономика атты үлкен кеме мұхит асып жылжып барады. «Сол кеменің капитаны теңге болса» деген ұлы арман шарықтаған, көкке қалықтаған нарықтың ығында, тасада қалып барады. Иә, теңге алғаш төрге енгенде, мына жарыққа келгенде доллардың құны 4 теңге 69 тиын болыпты. Ерте, ерте, ертеде деп басталатын ертегі сияқты ма?! Елдегі жағдай оңай емес, қиын болыпты. Сол кездің өзінде теңге бәріне тойтарыс берген ғой. Бұл уақытта, яғни, 1992-1993 жылдары инфляция 2500%-ға жеткен. Ондаған жыл бойы тұрақты деңгейді ұстап келген азық-түлік бағасы 10 есеге бір-ақ көтерілді. Міне, сол сәтте дүниеге келген теңге мықтылардың мықтысы еді…
Ал бүгін ше?! Заманымыз тыныш. Қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк. Теңгенің жағдайымен жұмысымыз жоқ. Сол 5 теңгеге жетпеген долларыңыз қазір 524 теңге 70 тиынға жетіпті. Азық-түлік пен барлық қажетті заттың үстіне баға қосылып, ай сайын нарықтың тізгіні қолдан ытқып барады. Зейнетақы мен жалақыға 5% қосылса, базар бағамы 10% қымбаттайды. Қойшы, не керек, баға қашып барады, біз қуып келеміз. Тіліміз салақтап, ентігетін болдық. Бұлай бара берсек, мертігетін болдық.
Теңге жайлы не білеміз?
Иә, 15 қараша – теңгенің туған күні. Қазақтың маңдайына біткен валютасы. Біле білсеңіз, біздің теңге – әлемдегі жалған ақшадан қорғалған ең қауіпсіз валюта. Тіпті америкалықтардың өзі доллардың қауіпсіздігін теңгенің технологиясына негіздеп отырып күшейткен екен.
Төл валютамыз туралы жарлық 1993 жылы 12 қарашада шықса, айналымға үш күн өткен соң 15 қарашада енді. Сол күні таңертеңнен бастап рубльді теңгеге айырбастау процесі басталып кеткен. Әуелі валютаның атауына тоқталайық. Бұл атауды халықаралық инженерлер академиясының академигі, ғалым, «Құрмет» орденінің иегері Сауық Тәкежанов ұсынған. Әрине бұл атау дереу қойылған жоқ. Оған дейін «ақша», «алтын», «сом» сияқты атаулар ұсынылған. Десе де «теңгеге» тоқталды. Ал валютаның дизайнерлер тобында Меңдібай Әлин, Досбол Қасымов, Ағымсалы Дүзелханов, Тимур Сүлейменов, Хайрулла Ғабжалыловтар болды.
Алғашқы теңге Лондондағы «Harrison & Sons» фабрикасында шығарылды. Бұл уақытта елімізде ақша шығаратын фабрика болған жоқ. Біздің өз фабрикамыз 1995 жылы ғана ашылды. Тарихи деректерге жүгінсек, алғашқы ақшаны Лондоннан Қазақстанға жеткізу үшін 18 әуе сапары жасалды, ал 8 күннің ішінде қазақстандық банктерге бөліп берілді. Ал алғашқы қазақстандық монеталар Германияда жезден және никель күмістен жасалды. Еске сала кетейік, 2011-2013 жылдар аралығында теңге әлемдегі ең үздік қағаз ақша ретінде танылды.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2024 жылы Қазақстанда «Тенге» есімді 72 адам, ал «Теңге» есімді 12 адам болды. Сондай-ақ «Ақтеңге» есімі де көп кездеседі. «Теңгеш» деген де адам аттары бар. Әйтсе де, бүгінгі инфляция оларға қаншалықты әсер етіп жатқаны белгісіз.
Қымбаттамаған не қалды?
Биыл тамызда елдегі ең төменгі күнкөріс деңгейі 6,3%-ға қымбаттап, 62180 теңгеге жеткен. Өткен жылғы дәл осы кезеңмен салыстырсақ, 23,6%-ға жоғары. Өйткені қоғамда қажеттінің барлығы қымбаттады. Тіпті, айларды сүйреген күндер сайын бағада өзгеріс болып жатқаны қынжылтады.
Ұлттық статистика бюросы күнкөріс минимумының басым бөлігі азық-түлікке, ал қалған бөлігі ғана тауарлар мен қызметтерге жұмсалатынын мәлімдеген. Әрине бұл бағытты біз өмір сүру емес, күнелту деп бағамдар едік. Қымбатшылық қысқан аймақтар арасында Маңғыстау көш бастаса, Шығыс Қазақстан екінші орында тұр. Кезекте Астана үшінші тұрса, Алматы төртінші, Шымкент бесінші тұр. Ал Қызылорда алтыншы орынға табан тіреген. Еске сала кетейік, бұл тамызда бір айда ғана болған жағдай.
Аян Жағыпар – жалғызбасты ана. Асыраушысынан айырылған ол бес баланың күнделікті қажеттіліктерін өтеу үшін үш жерде жұмыс істеуге мәжбүр.
– Дүкенге барған сайын бір заттың қымбаттағанын көріп қайтамыз. Жүйелеп айтайықшы, қымбаттау деген сөздің қыстырылмаған жері қалмады. Бәрі өсті, тек жалақы ғана қаз-қалпында. Біздің, көпбалалы отбасылардың мұңы қыркүйек жақындағанда басталады. Бір баланы мектепке дайындау үшін орта есеппен 100 мың теңге керек. Ал мен бес балаға бес жүз мың табуым керек. Бұл кей киімдерді өткен жылдағысын киеді, кей заттарды өз уақытында аламыз деп қысқартқандағы түріміз. Мейліңіз, жылына бір мәрте ғой деп жұбатармыз. Күнделікті азық-түлікті айтыңызшы. Қазір қазақ ет жеуден қалды. Ет бағасының өсу қарқынына көз ілеспей қалды. «Қысыла, қысыла қыз болдық» деген екен. Біздің көрген күніміз – өмір сүру емес, тірі қалуға талпыну, күнелту, – дейді ол.
Қазір кейіпкеріміз таңнан кешке дейін мектепте техникалық қызметкер болып еңбек етсе, кеш батқан соң түнгі 11-ге дейін екі мекеменің еденін жуып қайтады. Сондағы тапқаны өзі күнелтуге ғана жарап тұр.
Айбек Нұрмахан – такси жүргізушісі. Ол жеке көлігімен жолаушылар тасымалдап нан табады. Жанар-жағармай бағасы мен қосалқы бөлшектер жағадан алып тұрғанын айтады.
– Байқамайсыз, күнделікті бір теңгелеп қосып отырып қазір 236 теңгеден бір-ақ шығарды. Жанармай бекеттерінде әр жерде бір теңгеден айырмашылықтар бар. Кей жерлерде 239 теңгеге де жетті. Мен Ай-92-ні айтып отырмын. «Тамшы тас жарады» дейтін бе еді, бір теңгемен қосып отырып, осылай бір-ақ сәтте қалтаны қағатын деңгейге жетті, – дейді Айбек.
Ал қосалқы бөлшектердің жай-күйі де доллардың жағдайына байланысты. Ол қымбаттаған сайын теңгенің ұнжырғасы түсе бастайды. Қосалқы бөлшектердің қалтаны қағатыны да жасырын емес. Айбек тәрізді талай такси жүргізушісі осылай күн кешіп жүр.
– Жолаушы такси бағасына наразы. Ол барар жерге дейінгі жанармай бағасын ғана есептейді. Ал көліктің тозу процесі бар. Ауыстыратын сұйықтықтарың, тартқыштар мен доңғалақтарың – әрбір жүрген жолың осы тозу процесін жеделдетеді. Міне, біздегі баға осының әрбірін ескере отырып қойылады, – дейді ол.
Қаржысы жетпей етке, Азық-түлік алды «red»-ке…
Қаладағы супермаркеттердің бірінде едім. Жасы егде тартқан кісі қолына аздаған азық-түлікті алып, кезекте тұрды. Бар-жоғы 10-15 мың теңгенің затын алған. Ә дегеннен көзге көрініп-ақ тұр. Қолындағы заттардың ішіндегі ең қымбаты сиыр еті деп топшыладым. Өйткені көлемді екен. Ал қазір ет бағасының ерік бермей тұрғанын әлем біледі.
– Балам, мына заттардың ақысын шығарған соң, «red» арқылы есептессем деп едім, – деді әлгі кісі.
Оның «red» деп отырғаны банктің мобильді қосымшасындағы бөліп төлеу әдісі. Сатушы басын изеді. Барлығын есептеп болған соң, қаржы көлемін айтып еді, әлгім ойланып қалды. Тізімнен етті алдырды. Қаражаты сонан кейін барып жетті-ау деп топшыладым. Иә, қымбат баға етте еді. Бірақ, бәрібір red-пенен реттеді. Солай, есік жаққа беттеді.
Азық-түлікті несиеге алған соң, басқасын не сұрайсыз?! Киім-кешекті жамап-жасқап киетін деңгейге жеткеніміз бе?!
«Өзбекстанды қазақтар байытты»
Біз ес білгелі елде өзбек ағайындар құрылыспен айналысады. Көктемде келіп, қара күзге дейін кесек өреді, сылайды, шатырын жабады. Қандай жұмысыңыз бар, соның барлығын реттейді. Біздің үйдің кесегін өргендердің ішінде мен қатарлы Нурик деген жас жігіт болды. Өзі әңгімешіл. Үнемі үйіндегілермен байланысқа шығып жүреді. Бір күні менің қасыма отырды да телефонынан өзінің салып жатқан үйін көрсетті. Керемет. Біздің елде анау-мынау шенеуніктің үйі анадай емес шығар…
– Нурик, сен өз үйіңді неге өзің салмайсың? Мұнда жүргенше сонда болғаның жөн емес пе? – дедім сұрақты төтесінен қойып.
Ал ол жауап беруге асықпады. Телефонды қайтадан ақтара бастады:
– Міне, мына үшеуі – құрылысшылар. Мен осындажұмыс істеген еңбекақымды осы үшеуіне апарып, бөліп беремін. Яғни, менің бұл жақта жалғыз өзімнің табысым ондағы үш құрылысшының жалақысына тең. Демек мен ұтып отырмын, – деді.
Рас, ол жұмыс күшінен ұтып отыр. Есесіне, мұнда оның еңбегі жоғары бағаланады. Елде құрылыс саласынан нан тауып жүрген Нурик тәрізді мыңдаған азамат бар. Ал Қазақстаннан шетелге ақша аударымдарының көлемі жөнінен салыстырсақ, Өзбекстан көш басында. Жыл басынан бері Өзбекстанға біздің елден 26,9 млрд теңге қаржы аударымдары болған. Мұнан бөлек, Ресейге 17,5, Түркияға 8,5, Грузияға – 3,5 және Қырғызстанға 2 млрд теңге аударым жасалған.
Міне, сіз шетел азаматының қолына ұстатқан 5 теңге – сол мемлекеттің қазынасына құйылған қаржы. Сондықтан, әрбір жұмысты жасатарда «мен кімді байытып жатырмын?» деген сауалды өзіңізге қойғаныңыз жөн.
Жағдай осылай. Ал біздің елдегі жалақы жыртығын жамай алмаған соң шетел асып, құлпынай теріп жүр. Шетел көргенін қайтейік, қыдыруға емес, тер төгуге барады.
Қайсыбірі жылы да дәл осындай қара жұмысқа Астанадағы білдей бір оқу орнының ғылыми қызметкері аттанған еді. Ал енді не сұрайсыз?
Тамыздан бері тамылжып тұрған жоқ
Елдегі жылдық инфляция 12,9%-ға жетті. Есепті көтерсек, 2023 жылдан бергі ең жоғары көрсеткішке жетіп отыр екенбіз. Ал айлық баға өсімі 1,1%-ға жетті.
Енді Ұлттық статистика бюросының сандарын сөйлетіп көрейік. Олардың айтуынша, азық-түлік бағасындағы жылдық өсім 12,7%-ды құрайды. Ет бағасының өзіне 19,1% қосылған. Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер мен энергия тасымалдаушылар да өз есесін жібермепті. Олар 17,4%-ға қымбаттады. Ал азық-түлік емес тауарлар секторында баға 1,5%-ға өсімді көрсетті. Өз кезегінде бұл көрсеткіш 2022 жылғы қарашаданбергі ең жоғарғы көрсеткішке тең.
Ал мұның арғы жағындағы негізгі мәселе – теңгенің әлсіздігі. Ал біз банктерді сауықтыруға берген бюджет қаражатын қазынаға қайтара алмай әлі жүрміз. Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев таяуда ғана қаражатты жүйелі түрде бюджетке қайтару жайын сұраған болатын. Ал Мұрат Әбенов халыққа «банктенбіз» деп хабарласатын алаяқтардың артында тұтынушының жеке мәліметін «таратып отырған» банктердің өзі екенін, бұл мәселені зерделеу керегін айтып дабыл қақты.
Түптеп келгенде, әңгіменің түп төркіні теңгеден шықты ғой. Мемлекетті құрайтын халық. Демек халықтың жағдайы – мемлекеттің жағдайының айқын көрінісі. Ендеше әлеуметтің әлеуетін көтермей, теңгенің орны төр болуы қиын сияқты.
Тілші түйіні:
Бала күнімізде, осыдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын, бір күндік қойкезекті 500 теңгеге бағатын. Көрші-көлемдегі үлкен кісілердің балалары іссапарда болса, қолдары тимей қалса, ауыл балалары сол қаражатқа бағып келетін. Кешеге дейін ауылда қалған Әзім досым 5 мың теңгеге бағып жүрді. Жиырма жылдан астам уақытта осы қызмет түрі он есеге қымбаттапты. Сол уақытта 50 теңгеге алатын заттың бағасы 2 мың теңгеден асады. Сол заттың сапасы артып, не дәмі бал татып кеткен жоқ, бірақ еңбек өзінің құнын жоғалтқан сыңайлы. Бұл да – экономиканың, һәм инфляцияның, сайып келгенде теңгенің төрге шыға алмай тұрғанын көрсетіп тұрғандай…
Аян СПАНДИЯР
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
